- Advertisement -

Кюнетке кіремін деп күйіп қалмаңыз

179

- Advertisement -

Ол кезде бұл «бизнестің» атын естігенім болмаса, маңына жолап та көрмегенмін. Қалада пәтер жалдап тұратын мен сол кездері ақшадан қиналып жүргенмін. Жағдайымды көріп, жаны ашыды ма, әлде өз пайдасын ойлады ма екен, әйтеуір екі танысым мені өздері «офис» деп атайтын бір жерге алып барды. Айтуынша, осы «Кюнет» яғни «Qnet» деп аталатын компанияға кірген адам бірден байып шыға келеді екен. Жақында ғана әлгі досымның досы көлік алыпты-мыс. Кеңсеге келіп кірдік. Шағын ғана, екі бөлмелі кәдімгі үй. Ішіндегі бір-екі жас бала мен үш-төрт  келіншек мені ескі таныстары келгендей күліп қарсы алды. Отырғызып, алдымен компанияның қалай құрылғаны туралы баяндай бастады. Түсінгенім, олардың айтуынша бұл мемлекеттік лицензиясы бар алып компания. Елдің айтып жүрген пирамида дегені бос ұғым, олар қателеседі екен. Компьютерден суреттерін көрсетіп, бұрын-соңды мен бармаған шетелдің біраз жерлеріне  мені де ауызбен «апарып» қайтты. Ол ғана емес, тіпті, тегін адам мұнда кіре алмайтын болып шықты. Сонда мен не істеуім керек дейсіз ғой? Алдымен мың долларға швейцариялық сағат немесе өзім қалаған қымбат алқалардың бірін сатып алуым керек. Сонда ғана  мен бизнес әлеміне бірінші қадам жасай отырып, компанияның белді мүшесіне айналмақпын. Содан бастап «көк қағаз да» маған қарай ағыла береді екен үздіксіз, өзінен-өзі. Бұл не қылған батпан құйрық деп ойлап та қоям ішімнен. Маған түсіндіріп жатқандар тіпті тіл маманы дерсіз, мені «баурап» алғаны сонша, «алып» компанияға кіруге қалай бел байлағанымды өзім де білмей қалдым… «Міндетті түрде қайта келемін» деп шықтым сол есіктен.
Енді не керек, әлгі қымбат алқаны алу үшін ақша табуды ойлап басым қатты. Компанияның маған берген уақыты үш-ақ күн. Екі күн бойы келіскен мың долларымды кімнен сұрап, кімнен аларымды білмей аласұрып кеттім. Ойымда компания мүшелерінің «байып шыға келесің» деген сөзі менмұндалап тұрып алды. Шынында, мен де аз уақытта өзім армандаған «Лексус» автокөлігін міне қалатыныма сенімді болдым. Бірақ, бақандай жүз сексен мыңның табыла қоятынына сенім аз болды. Әкем өте қатал кісі еді. Одан сұрасам жағдайымның қиындары  түсінікті. Туыстарымнан сұрасам, олар  әкеме айтып қояды-ау деген күдік басым болды. Айтпағанның өзінде не деп сұраймын, «Үш айда байып кетіп, екі есе қылып қайтарамын деймін бе?! Алайда, ой-қиялыммен өзімнің байып, ақшаның астында қалған сәтімді елестетіп, екі күн бойы ойланып жүрдім. Жай жүрмей, таныстарымның бәрінен жаңағы компания туралы «Досым кіргелі жүр еді…» деп сұрастырып қоямын.  Олар «ойбай, досың кірсе де, сен жоламашы» деп ат тонын ала қашты. Ішімнен: «Компания туралы ел қате ойлайды деген рас екен ғой» деймін. Үшінші күнге қараған түнде Алматыдағы жақын туыс әпкем хабарласа қалғаны.  Оған өзімше сыр  ретінде айтқаным сол еді, ашуланып, жолама дегендей ұрыса бастады. Айтуынша, әпкемнің бір досы мен секілді «байып қалам» деп ниеттеніп, компанияның өзіне айтқан «ертегісін» ата-анасына айтып, бүкіл отбасы барып банктен бір құшақ ақшаны несиеге алады. Алғашында компания әпкемнің досын отбасымен бірге Дубайға жіберіп, бір демалдырып алған. Артынан қаншама адамды компания мүшесі қылған ол, бір күні кеңсеге кеттім деп, жер сипап қалған. Кеңсесі ойда-жоқта орнынан көшіп кетіпті. Өзіне сенім білдіріп, компанияға уыстап ақша салған бір топ таныстары айқай шығарып, арты адам айтқысыз жайттарға ұласқан екен.
Осыларды естіген соң, бір-ақ түсінгендей болдым. Расында да, ауада қалқып жүрген қандай қыруар ақша? Үйде жатып қалтаға түсе беретін доллардың бәрі осы бизнесте болса, адамдар неге тиын-тебен үшін жанталасып, қара жұмыс жасап жүр? Соншалықты оңай әрі тиімді болса адамдардың бәрі неге осы бизнеспен айналысып кетпейді?.. Ой таразылай келіп, райымнан қайттым.
Келісілген үш күн де өте шықты. таңертең келеді деп күткен адамы келмеген соң, өзін Айдос деп таныстырып әлгі кеңсе жетекшісі түске таман қайта-қайта қоңырау шалды. Тұтқаны көтермедім. Не айтам көтергенде?  Үздіксіз безілдеп қоя берген соң, тұтқаны алып «Әлі де ойланамын…» дей салдым. «Миллионер боламыз» деп мені ертіп апарған доссымағым көп ұзамай әскерге кетіп қалды. Бұл туралы ұмытып та кеткен едім, жақында құрбы қызым, әзіл әңгіме арасында «жүз сексен мың, қалайсың?» деп қағытқанда есіме түсіп күліп жібердім. Содан барып, осы туралы қалам алып, ой-түрткі болса да жазайын, басқа жастарға, аңғал ағайындарға сабақ болсыншы дедім.

Мөлдір Қуатқызы,

ТарМУ-нің студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support