Мәдениет

Альбина - бас жүлдегер

Альбина - бас жүлдегер

Халықаралық ән байқауында бас жүлдені1Мойынқұмдықтар балғын әнші Альбина Молданованың өнерін ертерек таныды. Сенім алдамаған тәрізді. Аудан, облыс көлемінде назарға ілініп жүрген өнерпаз жақында жерлестеріне үлкен олжа сыйлады. Қытай Халық республикасының Синцзянь қаласында Х халықаралық «Тау ли» («Жұлдызды арман») ән байқауында шалғай ауданнан шыққан жас өнерпаз көзге түсті. Әлемнің 13 мемлекетінен 800 жасөспірім қатысқан ән байқауында Альбина Молданова бас жүлдені иеленді. Ол бұл өнер байқауында Исрайл Сапарбаевтың «Күнге табыну» әнін (сөзін жазған Бәкір Тәжібаев) нақышына келтіріп орындап, әлемнің әр елінен жиналған қазылар алқасын тәнті етті. Альбина бас жүлдемен қоса 2016 жылдың қаңтар айында Дубайда өтетін халықаралық ән байқауына қатысуға жолдаманы иеленді. Ол – аудандық «Өнер» мектебінің оқушысы. Өнерді жүрегімен жақсы көретін дарынды қыздың болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Талантты қыздың таудай талабын танып, өнерінің өркендеуіне жеке кәсіпкерлер Пернебай Рысымбетов, Бердауыл Іптілдаев, Бәкір Исабеков, Нұрлан Жұманов, Айтбек Ақылбеков, Әспет Қариева қаржылай қолдау көрсетті. Мойынқұм ауылдық аймағының әкімі Темірбек Көпбаев, аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Айнұр Наушабекова да жасөпірім әншінің көзге түсуіне ықпал жасады. Шәкірті халықаралық байқауда топ жарғаны үшін «Өнер» мектебінің вокал пәнінің мұғалімі Мұрат Шыныбеков Халықаралық дәрежедегі дипломмен марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болды.

Самат Есалиев, аудандық «Өнер» мектебі директорының орынбасары. Мойынқұм ауданы.