- Advertisement -

Есен-сау жүріңізші, Асыл ата!

193

- Advertisement -

c213a420547f8b1c881004bcdd83e511ТОСЫН КЕЛГЕН ҚОНАҚ НЕМЕСЕ АТАМНЫҢ ЖОЛҒА   АСЫҒЫС АТТАНУЫ

Атам екеуміз үй алдына тақағанда әлдебір жасыл «Москвич» келіп тоқтай берді. Жолаушылар жағындағы есік ақырын ашылды. Есіктен алдымен бір аяқ, оның соңын ала қос балдақтың ұшы көрінді. Жүргізуші жігіт машинаның алдымен жүгіре басып келіп, әлгі кісінің түсуіне көмектесіп жатты. Менің көзім оның сол жақ аяғының тізеден жоғары қайырылған балағына түсті. Атам:
– Өй, айналайын-ай! Әлгі Дәуітбектің ауған соғысына қатысқан Есенболсын деген баласы екен ғой. Әттеген-ай, ақыры аяғын кескізіп тынған екен-ау!  Атамның үнінде аяныш бар. Сөйтті де өзі соларға қарай емпелеңдеп бұрыла берген. Кенеттен ұйытқи соққан кішкене құйын балдақты кісінің басындағы ши қалпағын шиыра ұшырып жіберді. Мен еш ойланбастан қанкөбелек ойнап, зырлап бара жатқан қалпақтың соңынан қуа жөнелдім де, көп ұзатпай ұстап алдым. Сол бетінде оны әлгі кісіге әкеліп бердім. Ол:
– Ой, көп жаса! Өркенің өссін, балақай! – деп, ризалық пішінмен басымнан сипады да, – Кентай аға, сіздің немереңіз бе? – деді.
– Иә, қаладағы  қызымдыкі. Келгеніне үш-төрт күн болды, – деп, маған жымия көз тастады.
Көше жақтан Дариға  жеңешем  дүкеннен олды-пұлды әкеле жатыр екен. Келген бетте Есенболсын ағамен амандасып:
– Ішке кірмейсіздер ме? Не қып сыртта тұрсыздар? – деп бәйек болып жатты.
Шай ішіліп болған соң атам Есенболсынға бұрылып:
– Иә, бұрын-соңды бүйтіп ат басын бұрып келе бермеуші едің. Аяғыңа түскен ауыр салмағың жеңіл болсын. Бәрінен де жан олжа! Бұйымтайыңды айта отыр, – деді.
– Иә, Кентай аға, оныңыз рас. Айып болмаса, оңашалау айтылатын шаруа болып тұр, – деді. Атам біздерге көз қиығымен белгі берді. Дариға жеңешем лып көтеріле беріп:
– Жүр, Ернартай, – деді. Бізбен ілесе «Москвичтің» жүргізушісі де сыртқа шықты.
Атам мен Есенболсын жарты сағаттай оңаша әңгімелесті-ау деймін. Бір кезде екеуі сыртқа шықты. Сарай жақта тамақ қамымен жүрген Дариға жеңешеме атам дауыстады.
– Дариға, қазір мен табан асты жолға шығатын болдым. Ертең түс ауа оралатын шығармын. Жол киімдерімді дайындашы.
– Ата-ау, келген меймандарға арнап, қазанға дәм салайын деп жатырмын. Қайда асықтыңыздар? – деді.
– Оқасы жоқ, кейін тағы реті бола жатар, қарағым, – деді. Атамның жүзі абыржулы көрінді. Үйге кіріп, тез киініп шықты. Аң-таң халде тұрып қалған Дариға жеңешем олардан қайда барасыздар, неге барасыздар деп сұрауға оқталып-ақ тұрғаны байқалды. Атам мінген машина қозғалып кетті. Екеуміз оларды көзбен ұзатып, дал болып қала бердік.

                                            ҚАЙТЫП ОРАЛУ НЕМЕСЕ АТАМ АЙТҚАН СЫР

Атам ертеңіне кештете оралды. Көлікпен әкелген жігіт атамды түсірген соң ас-суға қарамай, ізінше қайтып кетті.
Дариға жеңгем  бәйек болып, атамның асты-үстіне түсіп жатыр.
Менің қолыма құман, жеңіл шылапшын беріп, атама жіберді. Жол киімін шешкен соң атам көлеңкеге шығып, кішкене орындыққа жайғасты. Мен баппен су құйып тұрдым. Ол бетін, қолын, аяғын асықпай жуып, сүлгімен баппен сүртінді. Өң-ажарында аз-кем шаршаулықтың табы бар. Жеңешем шайға шақырды. Дастарханға отырған соң атам оған қарап:
– Балалардан ешкім хабарласқан жоқ па? – деді.
– Мына Мұраттың үлкен ағасынан хабар айтыпты. Енді екі-үш күнде екі машинадай пішен шауып бітіретін шығармыз деп. Көлік қажет болғанда келген-кеткендерден хабар жібереміз депті.
– Е, биыл Тораңғысайдың шөбі сұйықтау деп еді. Қол шалғымен өнікті жұмыс істеу қиын ғой, – деді атам.
Байқаймын, Дариға жеңешем атам жаққа жалтақ-жалтақ қарап, қабағын бағып отыр. Әлден соң барып:
– Ата, барған шаруаларыңыз қалай болды? – деп  жасқаншақтай сұрады.
– Е, қарағым-ай, оңған шаруаға бола барды дейсің бе? Оңынан оралып жатқан тірлік болса, жаның жадырап, жүзің жарқырап қайтпай ма?! Олай болмай тұр ғой. Барған  шаруаңнан  жүнің жығылып, жүйкең түтіліп қайтқан жанда қандай көңіл-күй болушы еді, – деп, басын шайқап, көзін төмен салып кетті.
Бұдан кейін шай үнсіз ішіліп жатты. Атамның ренжулі келуінің сырын біле алмай отырмыз. Жеңешем екеуміз бір-бірімізге ұрлана қарап қоямыз.
Сүт қатылған қою шайдан соң атамның маңдайы жіпси бастады. Шып-шып шыққан терді қол қырымен сүртіп тастады. Жеңешем көз қиығымен маған белгі берді. Мен лып көтеріліп, сүлгі әкеліп бердім.
– Кешегі келген Есенболсынды Дариға білгенімен, сен білмейсің,- деді маған қарап. Оның әкесі Дәуітбек екеуміз құрдас, дос едік. Ол да соғысқа қатысқан болатын. Сол жаққа бір қолын беріп, аман қайтты. Келген соң үйленді. Обалы нешік, әйелінен бес-алты перзент көрді. Осы Есенболсыннан басқасы жастай шетінеп кетті. Әкесі мен шешесі жылап-сықтап жүргенде  осы бала дүниеге келді. Атын ырым қылып,  Есенболсын деп қойып еді. Кешегі жігіт – солардың сүт кенжесі. Ержетті, мектеп бітірді зіңгіттей жігіт болды. Сөйтіп жүргенде әскерге алынбай ма? Карантині бар, оқуы бар, алты айдан соң Ауғанстаннан бір-ақ шыққан. Соны естіген кезде әкесі мен шешесі жандарын қоярға жер таппай, ішкені ірің, жегені желім болып, қан сиіп жүрді байғұстар. Содан осы ауылдағы Сембайдың баласы Есқуатты  солдаттар цинк табытпен  әкелгенін естімей ме?! Сол суық хабарды естіген соң бұрынғыдан бетер жандарын шүберекке түйіп, қан жұтумен күн кешті.
Бір күні баласынан хат келеді. Осындай жарақат алып, Ферғана қаласындағы госпитальда жатырмын деген. Әкесі мен шешесі бар шаруаны тастап, жан ұшырып жетпей ме? Оқ аяғына тиіпті. Жіліншіктің басы мен ортан жіліктің ара-жігін ауыр жаралаған. Әке-шешесі баласының жаны қалғанын олжа көріп, елге қайтады.
Үш айдан кейін Есенболсын әскерден біржола босап, елге келді. Балдағын тастамапты. Дәрігерлер үміттендіріп қайтарады.
Дәуітбек тойдан кем қылмай,  аста-төк құдайы тамақ берді. Гүлбаршын екеуміз де барып қайттық. Олар мына құмдағы Шағылды ауылында тұрады. Бәріміз шүкіршілік айтып, кері аттандық. Араға екі-үш ай салып шақырту қағазын алдық. Есенболсын үйленетін болыпты. Сол баяғы мектепте бірге оқып, бірімен-бірі көңіл жарастырып сөз байласқан қызымен. Әжең екеуміз де қуанып жатырмыз.  Шақыру қағазында түскен суреттеріне қарап, көңілің тояды. Екеуі де жас, екеуі де әдемі. Иық түйістіріп отырғандары да жарасқылықты-ақ. Бір сөзбен айтқанда, нағыз бақыттылардың өздері. Тойы дүрілдеп өтті. Ағайын-туыстардың ақ тілегі судай ағытылды. Дәуітбек пен Маржанкүл қалай қуанса, біз де олардан  кем қуанған жоқпыз. Есенболсын тойда балдағымен отырды. Қызға риза болдық. Аты Айжамал екен. Бір сөзді айнымайтын жан екен дедік.
Келер жылы тағы қуандық. Келіні ұлды болыпты. Дәуітбек жалғызынан көрген тұңғышының атын ырым қылып, Жалғасбек деп ат қойды.
Дәуітбек бір кездескенде: «Кентай, ана жаман немем жер басып, қаратабан болып, өз аяғына өзі мінгенде, дүркіретіп тұсаукесер той жасаймын. Көкпар беремін. Жалғызымның қызығынан аянарым жоқ», – деп еді. Өкініштісі сол, тағдыр дегеніне жеткізбеді. Тосын келген кеселден әжеңнен екі жылдай бұрын о дүниелік болып кетті.
Кешегі келген Есенболсынның аяғы толық жазылмаған ғой. Сол қайта-қайта қабынған. Екі-үш рет әскери госпитальға да жатқан. Ақыр соңында аяқты тізе тұстан кестіргеніне өкінгенбіз. Енді сол бейшараға, жығылғанға жұдырық дегендей, басына бұлт үйіріліпті. Сол аяғын кестіргеннен соң-ақ келіншегі Айжамал бұзылып, үйде күнде ұрыс шығарып жүргенге ұқсайды. Ақыры төркініне кетіп тыныпты. Жалғасбекті  қоса алып кеткен. Кеше барсам, Есенболсынның шешесі Маржанкүлдің еңірегенде етегі толып отыр.
– Әй, Кентай-ау! Анау құдаларға сөзің өтетін шығар. Құда, құдағиым момындау жандар еді. Әне бір кекірейген жеңгесінің соңғы бір-екі айда үйге келуі жиілеп кетіп еді. Содан келді-ау! Әйтпесе ың-шыңсыз-ақ біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан-ақ едік. Сол келіп-кеткен күні-ақ келінімнің қабағына кірбің түсіп, нілдей бұзыла бастайды. Аяғы мынау болды. Мына бала – жарымжан. Балам әйелі, баласы кеткелі мүлдем түсіп кетті. Сіркесі су көтермейді. Үйге екі-үш рет ішіп те келді. Тіпті бір рет қатты ішіп келіп: «Мен елге бүйтіп мазақ болғанша өлгенім жақсы», – деп жылағанда, өзімді қоярға жер таппадым. Өстіп жүріп, өзіне-өзі қол сала ма деп қауіп те етемін. Ақылым алпыс  жаққа қашып отыр. Осыған шақырттым. Саған баламды зорлағандай қылып, машина жалдап жібергенім де сол. Қолыңнан келер не  айла, амалың бар? Ана  құдаларға бірге барайық, орайын тауып, келініммен тілдесейік, – деді Маржанкүл.
Бүгін соған барып қайттық. Ана Жалғасбек әжесін көргенде, қос қолын жайып: «Әже»! – деп апалақтай ұмтылып, құшағына қойып кеткенде, көз жасыма ие бола алмай қалдым. Жалғасбек әжесін құшақтап тұрып: «Әже, папам қайда? Неге келмеген?» – деп аузын бұртитқанда, не дерімізді білмей қалдық, – деді атам даусы дірілдеп…
– Не болды сонымен, ата? Келін келмеді ме? – деді жеңешем.
– Жоқ, келмеді. Маржанкүлге де үндемеді. Сазарып, қабағын тарс түйіп алған. Әке-шешесі де кесімді ештеңе айта алмай отыр. Десек те шешесі орнықты адам ғой. Құдалар, жасырып не керек: «Бар, қарағым! Жылы ұяңды бұзба деп, қақсап отырмыз», – деді.
Бір кезде үйге қыздың жеңгесі кіріп келді. Ернін жыбыр еткізіп, амандасқан болды. Сол кекірейген қалпы төргі үйге кірді де шықты. Суық жарқыл ойнаған жанарымен бізді бір шолып өтті. Маржанкүл онымен тілдеспекші болып:
– Әй, жас құдағи, аз сәтке кідірсең? – дей беріп еді, сөзін аяқтатпастан: «Асығыс едім, құдағи», – деп қайырылмастан шығып кетті. Қаншама сөз айтылды. Жалғасбекті тірі жетім қылмайық дедік. Есенболсынның хал-күйін, күйзелісін айттық. Естір құлақ, есті санаға жетер әңгіменің бәрі айтылды. Аз айт, көп айт, біз жеңіліп қайттық, келін үндемей жеңді. Әңгіме аяқталар тұсқа келгенде қыздың жеңгесі есіктен тағы бас сұғып:
– Әй, Жалғасбек, сыртта сені балалар ойнаймыз деп күтіп тұр, – деді. Ойын баласы емес пе, Жалғасбек әжесінің мойнынан құшақтады да, сыртқа жүгіре шығып кетті. Мойнымызға су құйылғандай болып, сыртқа шықтық. Айналаға көз салдық. Жалғасбек те, ойнаған балалар да көзге түспеді. Екі бастан әлгі келін де ізім-қайым із суытқан. Жалғасбекті көзден таса етіп әкетіп қалғанын ішіміз сезіп тұр, – деді атам. Ол болған жайды бар жанымен күйзеле айтты. Үні қамығып шықты. Сәлден соң:
– Екеуін зорлап қосқан ешкім жоқ. Мектепте бірге оқығаннан сөз байласқан екен. Ауғанстаннан келгенше күтті. Балдақ ұстайды деп кемсінген жоқ. Тойда қандай жарасып отырып еді. Бәрі көз алдымда. Жалғасбек дүниеге келді. Бәріміз қуандық. Енді не болды? Аяғы кесілсе, әдейі кестірген жоқ қой. Соғыстың салған ылаңы емес пе? – деп, атам өзімен-өзі болып кетті.
– Бұл күнгі адамдар не болып барады осы?! Түсінбеймін. Араны қоспай, ажыратуға неге әуес болды екен, ә. Анау жылаған енесінің, әкесіз тірі жетім болмақ Жалғасбектің көз жасынан қорықпағаны ма, ә? Бәрінен бұрын Есенболсынға жығылғанға жұдырық болатын болды, – деді атам қамыққандай, қапалы халде. Бұдан кейін ол мүлде көңілсіз отырды. Соңғы кесе шайды ішті де, орнынан түрегеліп кетті.
Дариға жеңешем;
– Ата, үйге кіріп демалсаңызшы, – деді.
– Кешкі апақ-сапақта қалай жатайын, қалқам-ау! Түнде ұйықтай алмаймын ғой. Сөйтті де:
– Әлгі балалар шөп дайын болса, арғы күндері келіп қалар дедің бе? – деді.
– Иә, ата, Мараттың ағасынан солай хабар айтыпты ғой…
– Е, онда шөп түсіретін орынды ыңғайлағаным жөн болар, – деді атам.

                                                       АУЫР ТҮН НЕМЕСЕ ДӘРІГЕР ШЕШІМІ

Көтерме сәкіде атам екеуміз қатар жатырмыз.
Түн бүгін де тып-тыныш. Үп еткен жел жоқ. Мен тағы да жұлдызды аспанға үңіле қарап жатырмын. Байқаймын, атам көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп жатқанын байқап жаттым. Ара-тұра күрсініп-күрсініп қояды. Атамның бағана әзірде «жүйкең жүндей түтіліп» деген сөзі менің миыма мүлдем мазасыз ойлар ұялатып кетті.
Әлден соң ол төсектен басын көтеріп алып, басын сүйеген күйі отырып қалды. Сөйтті де қолымен жүрек тұсын уқалай бастады. Терең күрсініп, сыртқа уһ деп, ауыр дем шығарды. Мен қорқып кеттім.
– Ата, ата, не болды? Жүрегіңіз ауырды ма? – дедім.
– Ернартай, менің бөлмемдегі үстелдің үстінде жүректің тамшы дәрісі бар еді, соны алып келе қойшы, – деді. Кішкентай қол фонаригімді жағып, тез барып әкеліп,  кесемен салқын су бердім. Атам ішкен соң қайтадан жатты.
Ойымды мазасыздық жайлай бастады. Жасы жетпістен асса да бойын тіп-тік ұстап, сергек жүретін атамның жүрегінің табан асты  ауырғанына менің сенгім келмей-ақ отыр.
Атам таңертең өңі боп-боз болып, орнынан ауыр көтерілді. Басын ұстай береді. Бір кезде ол Дариғаға:
– Қарағым, менің мазам болмай отырғаны. Ауылдың дәрігеріне телефон соқшы, – деді. Ол сиыр сауып келе  жатқан шелегін сәкіге қоя салды да, үйге жүгірді.
Көп кешікпей дәрігер машинасымен жетіп келді. Келген бойда, атамның қан қысымын өлшеді. Қол сөмкесін ашып, бір уколды тамырдан, біреуін жамбасынан салды. Сөйтті де:
– Шамалы тыншып жата тұрыңыз. Бір-екі сағаттан соң сізді өзім аудандағы орталық ауруханаға алып жүремін. Сонда толық ем-дом көрсетеді, – деді. Дәрігер аспалы қолжуғышқа қолын жуып жатып, сүлгі апарып берген Дариғаға әлдене айтқанын аңғардым. Жеңешем басын изеп, құптап жатты.
Атамды сағат он бірлер шамасында ауруханаға алып кетті. Жеңешем  атамның керек-жарақтарын дайындап беріп, жөнелтіп салған соң:
– Қан қысымы күрт көтеріліп кетіпті. Дәрігер бұл аурудың алдын алмаса, инсульт алуы мүмкін деп, мазасызданып жатыр, – деді Дариға жеңешем менің қобалжуымды басқысы келгендей.
– Шөптегілерге хабар айтамыз ба? – деп едім, атамның оларды әзірге мазаламауын өтінгенін айтты. Содан соң:
– Атама кешегілердің тірлігі әсер етті-ау. Өзі бұрында Есенболсынның аяғы қатты мазалап жүргенін бірнеше рет айтып жүруші еді. Оған мына оқиға қосылғаны  жүрегіне ауыр салмақ түсірді білем! – деп уайымдай сөйледі.  – Марқұм Ділдабек ата мен атамның достығы көпке үлгі еді. Ылғи бірін-бірі іздеп отыратын, жиі араласатын. Жеңіс күні екеуі міндетті түрде алма-кезек бас қосып, бір жасап қалатын еді ,- деді жеңешем көзін алысқа қадап.

                                          САЛАМАТТЫҢ КЕЛУІ НЕМЕСЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАН СЕНІМ

Ертеңіне кешке шөпте жүрген нағашы ағам Саламат келді. Атамның жайын әлдекімдерден естіп қалған. Неге айтпағансың деп, жеңешеме аздап кейіді. Таңертеңгі автобусқа шығатын болды. Дариға жеңешем:
– Ернарды да ала кет, атасын көріп қайтсын, – дегенде, мен қуанғаннан санымды шапақтап жібердім.
Автобустан түсісімен ауруханаға тарттық. Атамды ардагерлерге арналған оңаша палатаға жатқызыпты. Біз рұқсат алып, ақ халат киіп, ішке кіргенде, медбике укол, ем-домдарын жасап, шығып келе жатыр екен. Саламат ағам оны танып тоқтатып:
– Зәуре, әкейдің жағдайы қалай? – деді.
– Жаман емес! Дер кезінде келгені жақсы болды. Енді төрт-бес күнде шығып та қалар, – деді сенімді үнмен. Ағайым сәл әзілдегендей:
– Аузыңа май, астыңа тай, Зәуре, – деді. Ол да қуақы, әзілкештеу екен:
– Көп ішкен майдан жүрек кілкиді, оның қажеті шамалы, бірақ тайыңды мінгізетін уақытқа дейін жуасытып қой, – деп күліп бара жатты.
Атамның реңі оңалып, бетіне қан жүгіріпті. Қуанып қалдым. Барған бетте құшақтап, бетінен сүйдім. Ол да сүйіп жатыр. Біздерді көріп, көңілі кәдімгідей сергіп қалды.
– Дәрігерлерге рахмет! Бар күштерін салып жатыр. Осындағы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы бір топ серіктермен келіп, кіріп шықты. Рахмет бәріне! – деді көңілдене сөйлеп. Саламат ағаммен біраз әңгімелесті. Шаруашылық жайы да қозғалып жатты. Бір кезде атам Саламат ағама:
– Маған енді алаңдамаңдар. Осындағы Кәмила да, туыстар да хабарласып жатыр ғой. Мен қазір қанша тамақ жейтіндеймін. Анау тумбочканың іші лық толып тұр, – деді де, менің қолыма бірталай алма салынған тор қалтаны ұстатты.
Ауылға келген күні Саламат ағам үйге бір қонды да, Тораңғысайдағы балаларына кетті. Ертеңіне лагерьден үйдің еркесі, сүт кенжесі Жұлдызай келді. Мәре-сәре болып қалдық. Бәрінен мен қатты қуандым. Жұлдызай осы ауылдағы мектептің маңдайалды оқушысы екенін бұрыннан білетінмін. Аудан орталығында өткен  конкурстарда оза шауып, талай бәйге алып жүргенінен хабардармын. Келген сайын үйге соғып, кейде қонып та кететін.
Келесі күні таңертеңгілік Дариға жеңешем айран, құрт, ірімшік беріп, екеумізді ауруханаға жіберді. Атам балаша қуанып, бетімізден сүйді. Жұлдызай әбден сағынып қалыпты. Мойнынан тас қылып құшақтап алған.
– Өзің күнге күйіп, нағыз қара қыз болыпсың ғой, – деді атам еркелете арқасынан қағып.

                                          ЕСЕНБОЛСЫН АҒАЙ НЕМЕСЕ АТАМНЫҢ ТОСЫН ШЕШІМІ

Сол кезде коридордан тақ-тұқ етіп тақанып келе жатқан әлдененің дыбысы құлаққа айқын жетті. Әйелдердің бірі:
– Ағай, ағай, онда адамдар бар. Кезек күтіңіз. Үстіңізге халат киіңіз, – деді қатты дауыстап. Бірақ ол оның сөзін құлаққа қыстырмай келе жатқан сыңайлы. Бір уақытта айқара ашылған есіктен балдақтарын тарсылдатып, Есенболсын ағай кіріп келді.
Келген бетте  бір балдағын маған ұстата салып, ағайды құшақтап бетінен сүйді. Өзі мүлдем көңілді.
– Капитан аға-ау! Соғыста жауға алдырмап едіңіз. Бейбіт күнде адасқан аурудың арбауына қалай түскенсіз! Мен ести салып, бері қарай ұштым, – деп аңқылдап жатыр. Кезекші әйел босаға аттап кірді де, жымиып күлген қалпы кері бұрылып кетті.
Ол бір балдағын босағаға сүйеп, әкемнің аяқ жағына қарай отырды. Атам Есенболсынның тізесіне қолын қойып:
– Ал шешеңнен хабар айт, – деді.
– Капитан аға, құрдасыңыздың бибісі  құр аттай шауып жүр. Сізге сәлем айтып жатыр! Айтқанда да былай бұйрық етті: «Шыққан бетте ешқайда бұрылмай, үйге келсін. Келіп бір малдың басын мүжіп кетсін  деді», – деп, атамның арқасынан күректей алақанымен қағып-қағып қойды. Маған Есенболсын ағаның атама  еркелеп, еркін күліп отырғаны сондай жарасымды көрінді. Жүзінде өткенде көрген абыржушылықтың титімдей ізі де жоқ.
– Оу, жарайды, мен барайын-ақ, үйіңе қонайын-ақ. Сонда сойған малды жайғайтын, қазан асып, қызмет ететін кімің бар? Ана жетпістегі шешеңді жұмсамақпысың? – деді атам.
– Капитан аға-ау! Сол жұмсайтын адамыңыз Сіздің арқаңызда үйге келіп, ақ түйенің қарны жарылып жатқан жоқ па!?
– А, не дейсің? Оу, бағанадан бері сол үлкен жаңалығыңды айтпайсың ба?! Жалғасбек келіп, келін келіп, той болып жатыр десейші!
Атамның жүзі бал-бұл жанып, көзі шуақтанып, нұрланып сала берді. Сөйтті де атам орнынан  ширақ тұрып:
– Ендеше мен де бар ауруымнан айықтым! Шақыр дәрігеріңді! Мына қуанышты хабарды естіп жатып, ертеңгі күнді күтер жайым жоқ, – деп атам тосын мінез танытты.

                                                                      АТАМНЫҢ БАТАСЫ

Біз Есенболсын әкелген машинамен жүріп келеміз.
Атам алдыңғы орындықта. Желке тұсында отырған Есболсынмен алуан әңгіменің басын шертіп отыр. Біз Жұлдызай екеуміз бұрын жүрмеген жолмен бұрын көрмеген ауылға бара жатырмыз. Жұлдызай жол бойын қызықтап келеді. Мен өз ойыммен өзім отырмын. Екі үлкеннің айтқандарының бірі құлағыма жетіп, бірі жетпей келеді. Мен кей сәттерде өзімді-өзім түсінбей де қаламын. Өзім қажет етпейтін әңгіме құлағымның түбінде айтылып отырса да, өзгеше бір ойларға шомып кеткенде естімейтін «ауруым» бар. Мүмкін, өзгелер де сөйтетін шығар. Тап қазір де мен сол күйде отырдым. Атамның: «Ендеше мен де бар ауруымнан айықтым! Шақыр дәрігеріңді!» – деген сөзі құлағымның түбінде ызыңдап тұрды да қойды. Көзімді жұмып алып ойға берілемін. Осыған жауап іздеп әлек болудамын. Өткенде жүрегі шаншып, түнімен тыншу таба алмай қойғанда әкеліп берген тамшы дәрі де атама әсер етпеп еді. Дәрігер Дариға жеңешеме қан қысымы шапшуылдап, жоғары шығып кеткенін айтқан. Бұрын сап-сау жүрген, күніне таңертең белсенді дене қимылын жасап, әскери дағдысын тастамай жүрген атама тосыннан жабысқан қандай кесел?
Сонда атам неліктен ауырды? Енді неліктен тез жазылды?  Сонда менің атам қандай адам болғаны? Қым-қиғаш сұрақтар санамды шарпып, толас табар емес.
Бағанадан бері сампылдап сөйлеп келе жатқан Есенболсын бір кезде:
– Міне, біздің ауылдың төбесі де көрінді, – деді көңілді үнмен…
Маржанкүл апада ес жоқ, атамды апалақтап келіп құшақтап, бетінен сүйіп жатыр.
– Бұл несі-ей, сені «Капитан» деп дәріп қылып жүргеніміз қалай, болмашы іле-сырқатқа бола бәлністің төсегіне таңылғаның қалай?! Зәремізді ұшырмашы, тегі, – деп, түбі түскен шелектей даңғырлай сөйлеп жатты. – Е, айтпақшы, сүйінші! Қазір келінің Дариға тілипан соқты. Бүгін кешкі  сегіз жарымда сені әлгі тілибізардан көрсетеді дейді. Жақында сені түсіріп кетіпті ғой.
Мен қуанғаннан алақанымды шапақтап: «Ура!» – деп айқайлап жіберіппін. Жұлдызай екеуміз бірімізді-біріміз құшақтай алыппыз. Есенболсын болса дарылдап:
– Кентай аға, мына мен тегін адам емеспін. Оллаһи-биллаһи, тегін адам емеспін! Ниетіміздің туралығын айтсаңызшы, ә?! Бәрі қолмен қойғандай орын-орнына келіп тұрған жоқ па, а?!
– Рас, рас! Айтары жоқ, айтары жоқ! – деп жатыр атам ыржия күліп. Сол мезетте үйден Есенболсынның келіншегі шықты.
Шықты да атама ілтипатпен иіліп, сәлем берді. Атам:
– Рахмет, қарағым, өркенің өсіп, өрісің кеңейсін! – деді де, тақанып барып, маңдайынан сүйді. Сөйтті де: «Жылы ұяңды бұзба, айналайын! Ақ тілекпен аттаған босағаңның беріктігін сақтасаң, қор болмайсың! Сөзімізді жықпағаныңа мың рахмет!» – деді толқи сөйлеп.
Маржан апа көзін орамалының ұшымен сүртіп жатыр екен. Есенболсын ағаның бетімен қос тамшы жас суси сырғанап бара жатқаны көзіме шалынды. Мен зіңгіттей жігіттің, ер адамның үнсіз жылағанын өмірімде бірінші рет бетпе-бет көруім осы. Атам бойын тіктеп алды. Айналасына жылыұшырай қарап, жанары шуақтанып, жүзі шырайланып тұрды. Тіпті көз алдымда бойы еңселеніп, сұңғақ тартып бара жатқандай болып көрінді. Бағана ауруханада: «Мен енді біржола жазылдым!» – деп айтқан сөзінің астарын енді түсіндім. Жақыны үшін, жолдасы үшін жүрегі ауырып, жақсысына жан жүрегімен қуана білу де адамды емдейді екен-ау деген ой ұшқыны санамның төріне ұялай қалды. Атамды барып құшырлана құшақтап алғым келді. Жүрегім лүпи соғып жөнелді. Бойымды кернеген қуаныш сезімімді сыртқа шығарып, кең даланы бетке алып: «Менің атам осындай!» – деп, бар даусыммен айқайлағым келіп кетті. Сол кезде бір бұрыштан астына жіңішкелеу құрықты ат қып мінген Жалғасбек айқайлап  шыға келді. Қолына қамшы етіп ұстаған жас шыбық бар. «Алақай, мен озып келдім, мен озып келдім!» – деп айқайлайды. Маңдайы тершіп, кішкене танауы делдиіп кетіпті. Артынан өзі құралыптас балалар да ентіге жетті. Маржанкүл апа:
– Бар, ана үлкен атаға сәлем бер! – деді.
– Ассалаумәлейкүм, ата! Үні ашық, жарқын. Еркін, ерке мінезді бала екендігі көрініп тұр.
– Әлейкумсалам! Атам баланы сүйіп, арқасынан ризалықпен қақты.
– Әй, Кентай! Ел сыйлаған ерсің ғой! Шырымталың бар шырақты азаматсың! Осы жаман немемнің аузына түкіріп, батаңды берші.  Шапағатың тиіп жүрер, – деді. Атам ризалықпен қарқылдай күліп:
– Кел-ай бері, Жалғасбек! Кәне, аузыңды аш! Тіфа, тіфа, тіфа! – деді де, қос алақанын жайып:
– Жортқанда жолың болсын,
Достардан жиған қолың болсын.
Жүрегің толған жалын болсын,
Адалдан жиған малың болсын.
Мыңды жығар білімің болсын!
Халқыңның ұлы бол,
Адалдықтың құлы бол.
Тепсе темір үзетін жігіт бол!
– Әумин! – деді.
– Әмин! Әмин! Айтқаныңыз келсін! – деп, беттерін сипап жатты. Сол кезде Есенболсынның келіншегі есікті ашып:
– Кәне, ата, ішке кіріңіздер! – деді…

                                     АУЫЛҒА ОРАЛУ НЕМЕСЕ ЖИЫРМА ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ

Ертесіне қимай қоштасып ауылға қайттық. Есенболсынның туысқан жігіті өз көлігімен жеткізді. Үйге келе бергенде алдымыздан көрші үйдің баласы Мұрат жүгіріп шықты. Атама машинадан түсер-түспестен сәлем беріп, қолын алып:
– Ата, ата! Кеше сізді телевизордан көрсетті. Бәріміз көрдік, Ернарды да, Дариға жеңешемді де көрсетті. Мені де. Ауылдың барлық адамдары көрді, – деп самбырлап сөйлеп жатыр.
– Рас па?!
– Рас. Онда сіздің үш патроныңызды көрсетті!
– Өзің айтқан әңгіменің бәрін түсіндің бе?
– Түсіндім, ата. Бәрін де түсіндім.
– Жарайсың онда, Мұратжан!
Мен Мұратқа риза болдым. Біздің қуанышымызды өз қуанышындай көргеніне сүйсіндім. Атам оның бетінен сүйіп, арқасынан қақты.
– Көп жаса, айналайын! Бақытты бол! Сендер біз көрген соғысты, қиыншылықты еш көрмей-ақ қойыңдар, – деді. Сөйтті де Мұратқа кілт бұрылып қарап, қулана күлімсіреп:
– Қалай, өзендегі құрбақалар аман ба?! Мұрат тосын сұрақтан тосылып қалып, шекесін сипады. Аз-кем тұншығыңқырап барып:
– Аман, ата, аман! –деді қызара. Атам қарқылдай күліп, үйге беттеді. Дариға жеңешем үйден кешігіп шығып:
– Ойбүй, атамыздың келгенін де білмей қалып, ұят болды-ау! – деп жатыр.
*   *   *
Уақыт шіркін сусыған сынаптай сырғып, артта талай жылдардың қалғанын да білмей қалып жатамыз.
Сонау тоқсан бесінші жылдан бері де жиырма жыл зулап өте шығыпты. Ауылдағы нағашы атамды Наурыз мерекесімен құттықтап қайтайын деп әйел, балаларыммен жолға шықтық. Кентай атам алдыңғы жылы 90 жасқа толғанда келіп құттықтап қайтқанбыз. Ауыл, аудан әкімдігінен басшылар келіп, сый-сияпат жасап, қарттың мерейін көтеріп-ақ тастағанына риза болғанбыз.
Бұл жолы біз тағы да бір үлкен қуаныштың үстінен түстік. Аудан әкімі Қайрат Майлыбаев бір топ азаматтармен үйде екен. Бәріміз бір-бірімізбен шұрқырасып, шырайлы жүзбен амандастық. Әрі замандас, әрі сыйлас, әрі құрдас азамат Қайрат ақтарыла сөйлеп:
– Ернар, сенің нағашы атаң Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысатын ардагерлер делегациясының құрамына енгенін естіген жоқ шығарсың?  – деді.
– Жоқ, жоқ! Сонда қалай?!
– Солай. Бүкіл ауданда соғыс ардагерлерінің  қалған көзі тірісі жеті-ақ адам екен. Соның ішінде өз аяғымен жүріп, керек десең офицерлік  сымбатын сақтаған – тек сенің нағашы атаң! – деді  сөз аяғын әзілмен әрлеп. – Соған бұл кісіні медициналық байқаудан өткіземіз. Арнайы парадтық киімін тіктіруіміз керек. Мен сол тапсырмамен келдім.
– Әй, Қайрат, көзіңнің сұғы бар деуші еді! Тіфа, тіфа деп түкіріп қой, – деймін қуанышымды жасыра алмай.
– Оу, Ернар, қадір тұтар қазыналы қартыма өзім сұқтанбаймын ғой. Қайта елдің сұқ көзінен мен қорғаштауым керек емес пе?! Бұл кісі елдің қариясы, ауданымыздың Құрметті азаматы ғой, – деді аңқылдап.
*   *   *
Екінші мамыр күні нағашы атамызды ел болып Алматы-Мәскеу пойызына мінгізіп, шығарып салдық. Атам көп ардагерлердің ішінде бойы да сұңғақ, түрі де жастау, әрі ширақ, әрі ерек көрініп тұрды. 92 жасқа келді деп ешкім айтпайтындай. Су жаңа капитан шеніндегі кителі, шалбары барлығы өзіне құйып қойғандай жарасып тұр. Орден, медальдары жарқ-жұрқ етіп, атамды бұрынғыдан да масаттандыра түскендей болды. Атам барлығымызбен қоштасты да, вагонға көтерілді. Сөйтіп қол бұлғап  тұрғанда, мен бар дауысыммен: «Аман жүріңізші, Ата!» — деп шаттана айқайладым.
Пойыз ақырын қозғалып, қасымыздан біртіндеп ұзай берді. Бұрылыс жолға жете бере оның соңғы вагоны да көзден таса болды.
Осы мезетте бойымды әлдебір қимастық сезім билеп алғанын сезіндім. Жылы ағысты ой иірімі тал бойымды еріксіз баурап бара жатты. Мен атамның осынау қарттық жастың қарлы да қаһарлы жотасына, есті тіршілік иесінің тағдыры талқыға түсер межелі мәресіне аяқ артса да, оған адам баласына бір-ақ рет берілер еш қайталанбас ғажайып, нұрлы, шырайлы, сәулелі өмірдің ғұмырлы жолаушысы бола берсін, өз тіршілігінде із тастаған ізгілікті істері біздерге де жұғысты болғай деп, ет жүрегіммен елжірей, емірене тіледім.

Пернебай Дүйсенбин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support