"Шырқа, даусым!" байқауының деңгейі биіктей түссе екен...
"Шырқа, даусым!" байқауының деңгейі биіктей түссе екен...
«Біле ме түсінбейтін әннің парқын, Әр үні естіледі оған салқын. Жүрсем де сабау қамшы, салт атты боп, Таралған ел ішінде әнім қалсын», – деп армандаған Кенен Әзірбаев шығармашылығы – ұлттық музыка өнерінде қайталанбас құбылыс. Өзінің жүзден аса әндеріне, көптеген өлең-жыр, термелеріне, дастандары мен айтыстарына қоса қазақ әндері мен күйлерін, халық шежірелерін аса қадірлеп насихаттаған, олардың сақталуына атсалысқандығы әдебиетші қауымға аян. Енді осы киелі мұраны аман сақтап, жазып, хаттап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында көптеген игілікті мәдени шаралар атқарылуда. Соның бірі – «Шырқа, даусым!» байқауы. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі (қазіргі Мәдениет және спорт министрлігі) мен Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйғарымымен халық ақыны, әйгілі композитор, әнші Кенен Әзірбаевтың музыкалық шығармашылығына арналған «Шырқа, даусым!» атты республикалық байқауды екі жылда бір өткізіп тұруды дәстүрге айналдырғаны белгілі. Содан бері 2001, 2003, 2005, 2007, 2009, 2011, 2013 жылдары үздіксіз өткізіліп келеді. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, осы жеті байқаудың бәрі де киелі Тараз қаласында ұйымдастырылуда. Бұйырса, ағымдағы жылы сегізінші байқау өтеді деп күтудеміз. Кенен әндерінің жанашыры, насихаттаушы перзенті ретінде жоғарыда айтылған жеті байқаудың бәріне де қатысып келемін. Бұл орайда Жамбыл облысының әкімдігіне, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен басқармаға қарасты халық шығармашылығы орталығына алғысым шексіз. Қолдан келгеннің бәрін жасап, аянбай тер төгуде. Байқауға тек өнер саласында оқып, еңбек етіп жүрген жастар қатыстырылуда. Әрине, Кенен әндерін орындауға кез-келген әншінің жүрегі дауалай бермейтіні анық. (Сондықтан болар, эфирде сирек орындалатыны). Алайда, «өнерге әркімнің де бар таласы» дегендей, Кенен аталарының ән сайысына қатысуға ниет білдірушілер саны жыл санап өсуде. Жас өнерпаздардың талғамын, ізденімпаздығын көргенде, жүрегің жарылардай болып қуанады екенсің. Байқау сайын сапа да артып келеді. Мысалы, алғашқы байқауларда үміткерлер тек «Бозторғай», «Көкшолақ», «Қайран жастық», «Базар-назар», «Ой, жайлау» сияқты бес-алты әндердің айналасынан аспаушы еді. Бірте-бірте «Шырқа, даусым!», «Жас екпін», «Көпшілік, тыңда әнімді», «Қайран ел, қайда?» «Жаңа заң», «Сынаптай сырғақ дүние», «Бал құйылды даладан», «Мөртай сұлу», «Әнім қалсын», «Сүйген жарға», «Күләшқа» секілді көптеген бұрындары шырқала бермейтін, елге белгісіз, тіпті, автордың өз орындауында жазылмай қалған әндерімен толығуда. Бұл, бір жағынан, менің Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің халық бөлімінде Кенен әндерінен сабақ берген сегіз жылғы еңбегімнің жемісі деп те айта аламын. Бұл күнде осы байқауларда бас жүлдеге ие болып, лауреат, дипломант атанған Шолпан Даржанова, Ардақ Балажанова, Жазгүл Даңылбаева, Ақан Әбдуалиев, Тілеулес Құрманғалиев сияқты халық мұрасын насихаттаушылар әншілік өнермен қоса Астана, Алматы қалаларындағы өнер академияларында, консерваторияда, Ж. Елебеков атындағы өнер колледжінде Жетісу әндерінен сабақ беріп жүр. Саят Медеуов, Айгүл Иманбаева, Мақсат Базарбаев – Кенен ауылынан шыққан, аталарының қолынан ет асап, батасын алған өнерпаздарымыз, ел мақтаныштары. Өнер аламанының жеңімпаздары Клара Төленбаева мен Анар Құмарова – Президент оркестрінің белді әншілері. Бейбіт Мұсабаев, Данияр Сқақ, Ерболат Шалдыбеков – Алматы облысы филармониясының танымал орындаушылары. Ал Мархаббат Мықтыбеков әйгілі «Қоңыр» тобын құрып, ел құрметіне бөленіп жүргені көпке мәлім. Бұл атап өткен өнерпаздар – менің білетіндерім, бүгінгі күнге дейін менен келіп, «Атаның мына әнінің мына бір тұсын былай айтсам дұрыс па?» деп кеңесіп тұратындары ғана. Осы байқау арқасында халық әніне телініп, өлеңдері бұрмаланып, өзгеріске ұшыраған «Ой, жайлау», «Қызыл қайнар», «Мөртай сұлу» «Жас екпін» сияқты әндердің Кенендікі екені анықталды. Кененнің әндері деп орындалған кейбір әндер тоқтатылды. Бұл тұрғыдан келгенде, байқаудың мақсаты мен міндеттері үдеден шығуда. Сазгердің әндерін ашу, дұрыс орындалуын бақылау, өнерпаздарды шыңдау сияқты толып жатқан талаптарды іске асыруда өнер додасы біраз деңгейге көтерілгені сөзсіз. Байқаудың қазылар алқасында елімізге белгілі өнер қайраткерлері, сазгер Жоламан Тұрсынбаев, Алтынбек Қоразбаев, әншілер: Қайрат Байбосынов, Қажыбек Бекбосынов, Бекболат Тілеухан, Сәуле Жанпейісова, Ержан Қосбармақов, халық әртісі Есмұхан Обаев, қаламгер Елен Әлімжан, күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев секілді азаматтар болып, атсалысты. Ұзақ жылдар бойы облыстық сол кездегі мәдениет басқармасын басқарған «Шырқа, даусым!» байқауының бес мәрте өтуіне өзі бас-көз болып, ұйымдастырушы ретінде айрықша тер төккен Әлібек Әмзеұлын ерекше атап өткен жөн. Әлібекке ризашылығым шексіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, байқаулардың өтуіне мұрындық болған сол кездегі облыс әкімдеріне де алғыс білдіремін. Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин байқауға келіп, жас өнерпаздарға Кененнің кім екенін айтып, оларға ақ жол тілеп, гала-концертке қатысып, сый-құрметтерін өз қолымен тапсырып, жеңімпазды автокөлікке отырғызып, байқау соңын үлкен думанға айналдырған да осы кісілер болатын. Өздерінің осындай үлгілі істерімен Кенен аталарының әруағына бас иіп тұрғандарын іштей сезініп, риза болушы едік. Сол кездерде байқау шарықтай түсті. Еліміздің барлық түкпірінен өнерпаздар ағылып келіп жататын. Семейден Берік Омаров, қарағандылық Дәурен Әркенов, қостанайлық Манатбек Қадыров, астаналық марқұм Зергүл Абдуллаева, Қызылорда, Атыраудан келген өнерпаздардың Кенен әндерін, халық әндерін бебеулете шырқағандарын көргенде, көңіл таситын. Осылайша, басы әдемі басталған байқаулар аймақтық деңгейге айналып бара жатқаны жасырын емес. Соңғы жылдары өнер додасына Алматы, Жамбыл, Шымкент, әрі кетсе Астанадан өнерпаздар келетін болды. Тіпті, Кенен Әзірбаев туып өскен Қордай ауданынан бірде-бір өнерпаз қатыспаған кез де ұшырасты. Байқауымша, дәстүрлі өнер аламанының жарнамасы ойдағыдай емес сыңайлы. Тараз қаласының тұрғындары болмаса, басқа ел көрмейді де, естімейді де. Астана, Алматыдағы телеарналардан азаматтар шақырылмайды. Кейде ел көрмеген, білмеген байқаудың неліктен статусы республикалық деген де ойға шомасың. Байқауларда жеңіске Астана, әсіресе Алматы қалаларынан келген үміткерлер жетіп жатады. Неге десеңіз, бұл қалаларда азды-көпті шығармашылығы оқытылады. Бұған бір себеп, елімізде бірде-бір Кенен есімімен аталатын өнер мекемесі жоқ. Кенен әндерін үйрететін оқу орындарында Кенен атында сынып жоқ. Ең ақыры ақынның өскен ортасы Жамбыл жерінде де бұл мәселе шешілмей келеді. 2013 жылы Тараз қаласынан, басқа да жақтардан қаладағы облыстық филармонияға Кенен атын беру туралы хат түскен еді. Әлі үнсіз. Неге екені белгісіз. Бізде бір нәрсені таудай қылып бастап, артын сиырқұйымшақ қылып жіберетініміз түсініксіз. Байқаудың өз деңгейінде өтуі, оның ережелеріне (шарттарына) де байланысты. Мысалы, әлі жарияланбаған биылғы «Шырқа, даусым!» байқауының ережесінде Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай К. Әзірбаевтың: «Біздің Отан жеңеді»; «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай!»; «Шынарым-сыңарым»; «Қайран, Шөкем!»; «Сынаптай сырғақ дүние-ай!»; «Ел қуанышы»; «Жеңіс жылғы шаттық ән»; «Бал құйылды даладан» деген әндерінің орындалуын ұсынамыз немесе Ұлт азаттық көтерілісінің (1916 жыл) 100 жылдығына орай Кененнің «Аттан», «Бұлбұлға», «Қайран елім, қайда?» әндерін, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарынан үзінді орындалуын ұсынамыз деген шарттар қойылса әрі бұл ұсыныстар ертерек жарияланса, өнерпаздарымыздың ізденуіне, біраз еңбектенулеріне мүмкіндік туар еді. Ендігі бір айтайын дегенім, қадірменді жас өнерпаздар, халық алдына шығып, діттеген бір әніңді орындар алдында даярлық сатысынан өтулерің керек. Орындаймын деп жүрген әндерің кімдікі екенін анықтап алып, тарихымен танысып, күйтабағы (дискісі) болса тыңдап, нотасы болса, оған да көз жүгіртіп, біраз еңбектенгендеріңіз дұрыс. Сонда ғана әншінің орындауынан шынайылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, сезінер едік. Өлеңін біреуден жазып алып, әнін шала-шарпы салып, домбыраны оңды-солды безілдетіп, жөн-жосықсыз дауыс ырғағын бұзып, ағызып шыққанға мәз болуға бола ма? Талғамы мол өнерсүйер қауым ненің не екенін біледі. «Әу» дегеннің бәрі бірдей халықтың сүйікті әншісі бола бермейтіні де сондықтан. Әрине, даусың да, орындау шеберлігің де дәл сол автордыкіндей болсын деу – қателік. Оның өзі қайталау болар еді. Алайда, түпнұсқасын сақтауға, өлеңін дәл жеткізуге тырысу – үлкен парасаттылық. Ата-баба алдындағы парыз екенін ұмытпаған ләзім.
Төрткен Кененқызы, ҚР Мәдениет қайраткері. Алматы.