Ермек Тұрсыновтың “Жат” фильмі “Оскарға” ұсынылмақ
Ермек Тұрсыновтың “Жат” фильмі “Оскарға” ұсынылмақ
Ермек Тұрсыновтың “Жат” фильмі “Оскар” киносыйлығына ұсынылуы мүмкін. Бұл туралы фильм продюсері Қанат Төребай “Власть” интернет-журналына берген сұхбатында хабарлады.
Айта кетейік, кинокартинаның әлемдік премьерасы биыл қыркүйекте Торонто халықаралық фестивалінде өтетін болады.
«Жат» фильмінің түсірілімі өткен жылы аяқталған болатын. Кинокартина өмірде болған оқиғаларға негізделген, онда 30-жылдары өмірден баз кешіп, тауда ғұмыр кешуге кетіп қалған Ілияс есімді ер адамның басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Сценарийін Тұрсыновтың өзі 25 жыл бұрын диплом жұмысы үшін жазған екен.
Фильмде басты рөлдерді қазақ актерлері Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбаев, Ерболат Тоғызақов, ресейлік Александр Карпов (“Вий”) пен Роза Хайруллина (“Орда”, “Иван Грозный”) және қырғыз актрисасы Элина Абайқызы (“Құрманжан Датка”) сомдайды.
“Жат” фильмі – Dolby Atmos көпарналы дыбыс форматында жасалған алғашқы отандық кинотуыны.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін Ермек Тұрсыновтың “Келін” картинасы 2010 жылы “Оскарға” ұсынылып, шорт-листке енген болатын.