ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН ДЕГЕНГЕ МҮМКІНДІК МОЛ
ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН ДЕГЕНГЕ МҮМКІНДІК МОЛ
«100 қадам – бұл біздің жаһандық және ішкі сыни қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз» деп атап көрсетті Елбасы. Міне, бұл міндет еңбекті тиімді ұйымдастыру мен білікті кадрлар қызметі арқылы ғана жүзеге аспақ. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбек нарығына ұдайы мониторинг жүргізіп, білікті кадрларды іріктеп, ал кейбіреуінің кәсіби білімін жетілдіріп, қайта оқытып даярлауға баса көңіл бөліп келеді. Жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетумен қатар оларды жұмысқа тартуға мән берудеміз. Аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 241,6 миллион теңге қарастырылған. Өткен мерзім ішінде жұмыспен қамту мекемесіне 431 адам өтініш білдірді. Оның 173-і – ауыл тұрғындары. Олардың ішінен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысушылардың саны – 103. Өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен талдаудың арқасында тұрақты жұмыс орнына 283 адам жолдама алды немесе бұл өтініш білдіргендердің 92,2 пайызын құрап отыр. Одан бөлек, 196 жұмыссыз азамат қоғамдық жұмыстарға тартылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 18 жас маман уақытша жұмысқа қабылданды. Жұмыссыздығына байланысты әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған азаматтардың саны 582 болса, олардың өтініштері түгелге дерлік қанағаттандырылды. Әрине, мұнымен бұл мәселені түбегейлі шешілді деуден аулақпыз. Уақыт пен еңбек нарығына қарай жұмыссыздық белең алып отырады. Биыл осыларды есептей келе, іске қосылып жатқан ірілі-ұсақты кәсіпорындардың сұранысына сәйкес 370 тұрақты орын ашылады деп жоспарладық, соның 115-іне қазірдің өзінде жұмыссыздар жұмысқа тартылды. Әлі де болса «Еурохимтыңайтқыш» ЖШС-на индустрияландыру картасы бойынша жұмысын бастауға тиісті бірнеше кәсіпорындарға мамандар керек. Қысқасы, әркімнің мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамтылу проблемасын шешуге ауданда толық мүмкіндіктер бар деп батыл айтуға болады.
Болат Үсембаев, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.
Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.