- Advertisement -

Жүз қадам жаңа кезеңге бастайды

91

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформа – жаңа кезеңнің бастауы. Елбасы нақтылап берген 100 қадам елді дамудың жаңа белестеріне бастары анық. Бұған жамбыл­дықтар шүбәсіз сенеді. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді түсіндіру әрі оны жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында елді мекендерде өткізіліп жатқан кездесулер мен жиындарға өңір тұрғындары белсенді қатысуда.

Мойынқұм

Аудан орталығында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық басқармасының Шу аймағы бойынша ауданаралық басқармасының кеңесшісі Данияр Мадияровтың қатысуымен Ұлт жоспарын талқылаған іс-шара өтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан жиында көтерілген мәселелер – Елбасы айқындап берген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы бірінші реформаны жүзеге асыру жолдары.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары М. Естаев ашып, жүргізіп отырды. Данияр Мадияров Ұлт жоспарының құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін сөз етті. Бірінші реформаның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталғанын, оны жүзеге асыру үшін 15 нақты қадам айқындалғанын айтып өтті.
Ұлт жоспарында  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру арқылы мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу рәсімін енгізу мәселесі көтеріліп отырғаны белгілі. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту  үшін жаңа заңнамалар әзірлей отырып, агенттік құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу мақсатында арнайы бөлім құру тапсырылған болатын. Кеңесші осы міндеттемелердің бәрі мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру үшін қолға алынып отырғанын тілге тиек етті.
Өзекті мәселелер талқыланған жиын аудандық жастар орталығында жалғасын тапты. Мойынқұм ауданында мемлекеттік қызметкерлер тапшылығы барын ескерсек, бұл басқосудың жастарға берері көп. Мемлекеттік қызметшілерге төленетін еңбекақы тәртібінің өзгеретіні, жұмыс нәтижесіне қарай мансаптық жоғарылауға мүмкіндік туатыны «100 нақты қадамда» айқындалғаны белгілі. Ал бұл өзгерістер өз кезегінде жас мамандарды ынталандыратыны анық.

Меркі

«Нұр Отан» партиясының Меркі аудандық филиалының мәжіліс залында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұловтың қатысуымен Елбасының бес халықтық реформасынан туындайтын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын талқылаған жиын өтті. Оған үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, этномәдени орталықтардың жетекшілері және аудан тұрғындары қатысты.
Д. Бейсенқұлов Елбасының 100 нақты тапсырмасы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, экономикалық өсімді ынталандыруға даңғыл жол ашатынын баса айтты. Сонымен қатар, бес институционалдық реформаның әрбiрi өз алдына кешендi бағдарлама екеніне тоқталды. Жиында аудан тұрғындары Президент ұсынған бағдарламаның мән-маңызы туралы ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев Мемлекет басшысы ұсынған 5 реформаны жүзеге асыру үшін Қазақстан халқы мен билігі жұмыла жұмыс жүргізу қажет екенін айтты. «Әрбір азамат жауапкершілікті сезінуі керек. Сондықтан,  біз  ақпараттық-насихаттық топ құрып, Ұлт жоспарын халыққа түсіндіру үшін елді мекендерді аралап жүрміз. Тұрғындардың бұл бағдарламаға деген көзқарастары ерекше. Әр жиыннан қанаттанып қайтамыз», – дейді ол.

Сарысу

«Ұлт жоспары Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам болмақ. Бұл бағдарламаны іс жүзінде жаһандық һәм ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға әбден болады», – деді Саудакент ауылдық кітапханасының меңгерушісі А. Абдулина Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолдарын талқылау мақсатында өткізілген жиында. Жалпы, мәдениет және білім саласының қызметкерлері Президент Н.Ә.Назарбаевтың 100 нақты тапсырмасы – қоғамды қозғаушы күшке ие деген пікірде.
Сарысу ауданы Саудакент ауылдық округтің әкімі Е.Көлбаев ашып, жүргізіп отырған жиында Б. Қашқынбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Сыздықова, Саудакент балалар кітапханасының меңгерушісі И.Сыздықова, «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық ұйымының мүшесі Ж.Әмірбеков өз ойларын ортаға салды. Олар тұрғындардың  Ұлт жоспарынан туындайтын игі істерге көрсетер қолдауы – аудан және ауыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға үлес қосуы арқылы бағаланады дейді.

Байжан Емберді,
Нұрболат Әлдибеков,
Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support