- Advertisement -

Мемлекет мүддесі биік тұрады

84

- Advertisement -

39651a67c061763ebdfcdc529fde0b60Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары – мемлекетімізді нығайтудың басты бағыт-бағдарын айқындаған бағдарлама. Мемлекетіміздің бас жоспарының негізін бес институционалдық реформа құрайды. Олар: кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағыттары.
Бес реформаны жүзеге асыру мақсатынан туындайтын100 нақты қадамның  75 бағытында пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісін енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету жолдары көрсетілген. Бұл – өте өзекті мәселе. Жер – халықтың байлығы. Ал жердегі қазынаны игеруде заң талаптары қатаң болуы тиіс. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың осы мәселені Ұлт жоспарында нақтылап көрсетуі де сондықтан.
Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексі жобасының тұжырымдамасы әзірленуде. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заң 2010 жылғы 24 маусымда қабылданған. Бүгінге дейін осы қолданыстағы (кодталмаған) заңға 30 рет өзгертулер енгізілді. Бұл жер қойнауын пайдалану қағидалары мен талаптары әлі де жетілдіріле түсуді қажет ететінін көрсетеді. Инвестициялық тартымдылық жағынан алып қарасақ та айқындалмаған қағидалар баршылық. Әрі инвесторлар үшін күрделі. Міне, осындай себептерге байланысты жер қойнауын пайдалану саласын сапалы жаңа деңгейге көтеру және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін  жаңа кодекс қабылдау қажеттілігі туындаған болатын.
Бүгінде жер қойнауын қорғау және пайдалану туралы заңнаманың негізгі жүйелерінің бірі – жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарт болып табылады. Соның негізінде жер қойнауын пайдалану құқықтары туындайды, өзгереді және тоқтатылады. Ал жетекші өндіруші елдерде мемлекеттік жария актісі сияқты лицензия жүйесі кеңінен таралған. Жер қойнауын пайдаланудағы лицензиялық режим Канадада, АҚШ-та, ОАР,  Австралияда, Норвегияда, Ұлыбританияда, Финляндияда және өндіруші секторы дамыған бірқатар басқа елдерде бар. Лицензиялық жүйе кезінде жария-құқықтық бастаулардың айқын басым болуына қарамастан, лицензия тәжірибе көрсеткендей, жер қойнауы учаскесіне құқықтарды ресімдеуде тиімді әрі жылдам тетік болып табылады. Сондықтан, жаңа кодексте қатты пайдалы қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды, емдік балшықтарды, жер асты суларын, геотермалдық ресурстарды барлауға және өндіруге, жер асты қыртыстарын (техногендік және табиғи) пайдалануға, сондай-ақ, мемлекеттік меншіктегі техногендік түзілімдерден және техногендік минералдық түзілімдерден пайдалы құрам бөліктерді пайдалануға лицензия институтын енгізу көзделуде. Лицензиялауға жататын операцияларды жүргізуге қойылатын негізгі талаптар кодексте бір жүйеге келтіріледі және нақтыланып жазылатын болады.
Инвесторларға құқықтық тәуекелдерді азайту үшін жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық жүйесі әрекет ететін жетекші өндіруші елдердің заңнамасындағыдай лицензиядан айыру (кері қайтарып алу) негіздерінің  толық тізбесін (мысалы: ренталық төлемдерді төлемеу, геологиялық барлауға шығыстар бойынша ең төменгі міндеттемелерді бұзу және басқалар) енгізуді көздейді, ал белгілі бір міндеттемелерді (мысалы: есептілікті тапсыру мерзімін бұзу, экологиялық нормаларды және өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын орындамау) шамалы бұзылған кезде санкциялық балама ретінде айыппұлдар кеңінен қолданылады. Шетелдерде лицензиядан айыру – мемлекеттің инвесторға әсер етудің айрықша шарасы. Және ол мемлекет пен қоғам үшін маңызы жоқ міндеттемелер бұзылған жағдайда қолданылмайды. Осыған ұқсас тәсіл кодексті әзірлеу кезінде ескерілетін болады.
Жер қойнауы туралы қолданыстағы заңға сәйкес, жер қойнауын пайдалану құқығы конкурстық рәсімдер (тендер немесе аукцион) не тікелей келіссөздер негізінде беріледі. Тендердің жеңімпазын анықтау кезінде екі көрсеткіш ескеріледі: ұсынылған қол қойылатын бонус мөлшері, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін берілетін төлемдер сомасының мөлшері. Яғни, конкурстық комиссия бір-біріне қатысты әртүрлі басымдық көрсеткіштері бар ұсыныстар берілген жағдайларда тендер жеңімпазын таңдау қиындығына тап болады.  Тендер өткізудің бұл  рәсімі (жұмыс ауқымы мен түрлері бойынша) озық бағдарламасын ұсынуға қабілетті тұлғаны анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, кодексте жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша мынадай рәсімдерді қарастыру ұсынылады:
1) Жер қойнауын пайдалану құқығын конкурссыз негізде беру.
Ол үшін ең озық халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, «Бірінші келдің — бірінші алдың» қағидатын толық енгізу ұсынылады, ол бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тиісті өтінішпен алғашқы болып өтінген және қойылатын талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тұлғаға берілетін болады.
2) Жер қойнауын пайдалану құқығын конкурстық негізде беру.
Кодексте көмірсутектерді барлауға және өндіруге қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ағымдағы конкурстық тәртібін жетілдіру ұсынылады. Осылайша, тендер жеңімпазын анықтау негізінде конкурстық ұсыныста көрсетілген жұмыстар көлемі көрсетіледі. Бұл ретте тендерлік өтінімдерді салыстыру осыған дейін бекітілген және белгілі формула және есептеу әдістемесі бойынша жүзеге асырылады (балдық жүйе).
3) Біліктілік.
Жер қойнауын пайдалану құқығын берудің маңызды шарты жүгінетін тұлғалардың біліктілік талаптарына сәйкес келуі болып табылады. Біліктілік талаптарына қаржылық ауқаттылық, техникалық мүмкіндіктер, тиісті тәжірибе (көзделген жағдайларда) және басқа да аспектілер сияқты өлшемдер жатқызылуға тиіс.
Жалпы, жаңа кодексті әзірлеу арқылы жер қойнауын және оның ресурстарын пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды барынша толық реттеу көзделуде. Бұл жер қойнауын пайдалану саласын қайта құруға, оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға және реттеуге мүмкіндік береді.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспары еліміздің қазіргі ғаламдық дағдарысқа қарсы стратегиясы деуге толық негіз бар. Онда қоғамның барлық саласын алға жылжуға ықпал ететін нақты қадамдар айқындалған. Сондықтан, Елбасы тапсырмаларын орындау – біздің басты міндетіміз.

Серік Қойбақов,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support