Тоғызқұмалақшылар табысы
Тоғызқұмалақшылар табысы
Ұлттық спорт – тоғызқұмалақ соңғы кездері өңірімізде қарқынды түрде дамып келеді. Жерлестеріміз әртүрлі додаларда қарсыластарын қапы қалдырып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүргені де мәлім. Таяуда Қарағанды қаласында көру мүшелері зақымдалған, мүгедек спортшылар арасындағы тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты өткізілді. Чемпионатқа еліміздің әр қиырынан 16 команда 54 спортшы қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Бұл сында да жамбылдықтардың асығы алшысынан түскенін мақтанышпен айта аламыз. Облыс құрама командасының намысын қорғаған екі бірдей спортшымыз жүлделі орындардан көрінді. Атап айтсақ, қарсыластарынан тактикалық тұрғыда басымдығын байқатып, шеберлігінің арқасында басым түскен Бекзат Таласбаев біріншіліктің І орнын қанжығаға байласа, Ришат Шәміл жүлделі екінші орынды иеленді. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, шеберлігі шексіз жерлестеріміздің толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап жүргені көңілге қуаныш сезімін ұялатады.