Орал маңында ұшқышсыз ұшатын аппарат көкке көтерілді (ФОТО)
Орал маңында ұшқышсыз ұшатын аппарат көкке көтерілді (ФОТО)
Бүгін Бортау (Меловые горки) кенті ауданында ұшқышсыз ұшатын төрт аппарат көкке көтерілді.
«Мир масел» ЖШС директоры Абай Рысқалиевтің айтуынша, Мәскеу облысы Егорьевск қаласындағы «Қолданбалы электродинамика ғылыми орталығы» ААҚ-да тәжірибе ретінде құрастырылған аппараттардың техникалық мүмкіндігін мамандар ашық далада алғаш рет сынап көрді.
Аталмыш аппаратты мемлекеттік шекараны қорғау, құқық тәртібін қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы шаралар және төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын жою, сонымен қатар қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, аэросуретке түсіру, құбырлар мен егістерді, ормандар мен малды қарау кезінде қолдануға болады. Салмағы 20-25 келі болатын, пультпен басқарылатын аппараттарға бейне немесе фотокамера, тепловизор және басқа қажетті техника орнатылады. Олар мың шақырымға дейін ұша алады. Бұл аппараттарды Оралдағы «Омега» зауытының базасында сериялы түрде шығару көзделуде.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсанында «Мир масел» ЖШС мен «Омега» прибор жасау зауыты арасында кәсіпорын базасында аппаратты құрастыру бағытында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып, сервистік орталық ұйымдастырылған болатын. Композициялық материалдар мен электроника Ресейден әкелінсе, қазақстандықтар оны құрастырып, жинайды. Жоба бойынша бастапқыда жергілікті үлес 20-30 пайыз төңірегінде болмақ, уақыт өте бұл көрсеткіш еселенеді. Мамандар даярлауға да Егорьевск азаматтық авиация колледжімен келісім жасалған. Аппараттың, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы, шекара қызметінде және төтенше жағдайлардың алдын алуда тиімділігі жоғары. Тіпті адам аяғы жете алмайтын жерлерге де әуеде қалықтап бара алады.
Ұшқышсыз аппараттарды сериялы түрде өндіру ісі Ресей, АҚШ және Израильде жолға қойылған. Бәрі ойдағыдай болса, Қазақстан мұндай аппарат шығаратын төртінші ел атанбақ.