Саясат

Жасампаздықтың жаңа үлгісі жұртшылық көңілінен шығады

Жасампаздықтың жаңа үлгісі жұртшылық көңілінен шығады

Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңімен бейімделіп келеді. Бірнеше онжылдықты қамтитын, үлкен бетбұрыстарға бастайтын бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатынан туындайтын Елбасы ұсынған 100 нақты қадамды жүзеге асыруға дайын екендіктерін танытуы – соның көрінісі. Қалай десек те, қазақ елі қарышты қадам жасауға дайын. Өйткені, Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары жұртшылық көңілінен шығады.

Мойынқұм

Аудандық орталық мешітте «Бейбітшілік пен келісім – Қазақстан таңдауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған шараға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл имамдары қатысты. Басқосуда талқыланған мәселелер – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру және жастарды теріс діни ағымдағылардың арбауына түсірмеудің жолдары. Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Көшкімбаев Ұлт жоспарындағы төртінші реформаның – елдегі тұтастықты сақтауға бағытталғанын, қазақ елі әрқашан бейбітсүйгіштігімен тағдыры бір халықтың таңдауы да бір екенін көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті. Ел ертеңі мен мемлекеттік мүдде әңгіме арқауына айналған басқосуда құнды ой-пікірлер айтылды. Ашық пікір алаңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Қалыбаев, аудандық мешіттің бас имамы З. Исаев, аудандық мәслихаттың депутаты, «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы С. Әбілов келелі ой қозғады.

Жуалы

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жуалылық педагогтар қоғамның барлық саласына серпін берген бағдарлама деп санайды. «Үздік отыздыққа апарар – 100 қадам» тақырыбын арқау еткен жиында «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры, журналист Қанат Әуесбай Мемлекет басшысының 100 тапсырмасынан туындайтын жұмыстарға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Сала қызметкерлері Ұлт жоспарындағы білім беруді жетілдіруге бағытталған 76, 77, 78, 79-қадамдарды талқылады. 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу және функциялық сауаттылықты арттыру үшін алдымен оқыту стандарттарын жаңарту керектігін сөз етті. Педагогтардың пікірінше, стандарттар заман талабына сай жаңғыртылуы тиіс. Оқытуда ескі тәжірибенің тиімді тұстарын пайдалана отырып, жаңашылдыққа бетбұрыс жасау қажет дейді олар. «Елбасы «100 нақты қадамды» айқындап, дамудың толыққанды жоспарын жасап қана қойған жоқ, әрбір сала мамандарына оны қалай жүзеге асыруға болатынын айқындап берді», дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сағындық Әбілдаев. Жиында аудандағы білім ошақтарының директорлары Гүлсара Омарбекова, Гүлназит Байқожа, Нарбек Қожагелдин өз ойларымен бөлісіп, саладағы көкейкесті мәселелерді талқыға салды. Олар білім беру үрдісіндегі жаңа реформалардың табысты жүзеге асуына білікті кадр ықпал етеді дейді. Ал шалғай ауылдарда кадр тапшы. Гүлназит Жолтайқызының айтуынша, мектептерде математика және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері әлі де жетіспейтін көрінеді.

Байзақ

Байзақтық жастар аудан орталығындағы Сарыкемер орта мектебіне жиналды. Басқосудың мақсаты – Елбасы ұсынған Ұлт жоспарына үн қосу, Президент тапсырмаларынан туындайтын міндеттемелерді жүзеге асыру жолдарын талқылау. «100 нақты қадам – болашақтың кепілі» тақырыбын арқау еткен конференцияны аудандық  «Жастар орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры  Ернұр Мадияров ашып, жүргізіп отырды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Сағындық  Кенжебаев    мемлекет үшін маңызды құжаттың 5 реформа – 100 нақты қадаммен айқындалғанын,  аталған реформалар еліміздің  әлемдік сын қатерлерге қарсы жауабы екенін тілге тиек етті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Нұрлан Еркебаев Ұлт жоспарының  «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағытындағы 15 қадамға талдау жасап, бұл тапсырмалардың мән-маңызын түсіндіріп берді. Маманның айтуынша, Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту  төменгі лауазымдардан бастау алады екен. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асатын көрінеді. 3+3 формуласын,  еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу,  мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу жүйелі түрде жүзеге асырылмақшы. Конференцияда «ЖаңаРу» жастар коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, заң ғылымдарының магистрі С.Берікқожа, «Нұр Отан»  партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы У.Болатбек,   облыстық кәсіпкерлер палатасының Байзақ аудандық филиалының директоры Д. Нұралиев, аудандық соттың судьясы А. Назарқұлов Елбасы тапсырмалары жүзеге асырылғанда күтілетін нәтижелерді сөз етті.

Жамбыл

Аудандық орталық емхананың мәжіліс залында медицина қызметкерлері Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттерді талқылады. Жиынға денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Құлқаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов қатысты. Гүлнар Құлқаева Елбасы ұсынған 100 нақты қадамнан туындайтын тапсырмалардың қалай жүзеге асырылатынын сөз етті. Әсіресе, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі және медициналық қызмет көрсету стандарттарын енгізу мен жекеменшік медицинаны дамыту жолдары жайлы кеңірек түсінік берді. Аудандық емхананың амбулаториялық-хирургиялық орталығының меңгерушісі Сабыр Сейдалиев пен балалар дәрігері Минара Құлынбаеваның қойған сауалдарына Гүлнар Өтепбергенқызы мен басқарма басшысының орынбасары нақты жауап берді.

=Т. Рысқұлов

Ауыл жұртшылығына Ұлт  жоспарының мән-маңызын түсіндіруді мақсат тұтқан ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы Абай ауылында жалғасын тапты. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Б. Күзембеков  тұрғындармен кездесу өткізіп, Елбасының бес институционалдық реформасынан туындайтын 100 нақты қадам жүзеге асырылғанда ел өмірінде орын алатын өзгерістер жайлы әңгімеледі. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Ұлт жоспарын жасампаз-дықтың жаңа үлгісі, «100 нақты қадам» - жарқын келешекке бастайтын жол екеніне тоқталды. «Елбасының 100 тапсырмасын жүзеге асыру арқылы қазақ елі көксеген мақсат-мұраттарына қол жеткізеді»  дейді ол. Жиында ауылдың тыныс-тіршілігін түзейтін, әл-ахуалын көтеретін мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз болды. Жалпы, ауыл мәдениетін көтеру, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту жолдары талқыланды.

Байжан Емберді, Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол». Нұржан Манасұлы, Дүйсенбек Орманов, Гүлшахан Ермұратова.