Саясат

Көштің көріктілігі – көсемінен

Көштің көріктілігі – көсемінен

IMG_1085- Еліміз тәуелсіздік пен бостандықтың игі мұраттарын баянды етіп, өркениетті елдерге тән қадамдар жасауда. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Әлемдік деңгейде мойындалған, үлкен беделге ие болған саясаткер ел алдындағы азаматтық, саясаткерлік, қайраткерлік және перзенттік парызын адал орындап келеді. Бүгінде төрткүл дүние саясаткерлері мен журналистері Елбасының кемеңгерлігі мен көрегенділігін мойындап, әділ бағаларын беруде. Қазақстан дамушы ел ретінде алға қойған міндеттерін абыроймен орындап келеді. Қиын кезеңге қарамай еліміздің орталығын әсем Алматыдан  Астана қаласына ауыстыруы, қысқа мерзімде (17 жылда) оны әлемдегі ең көрікті, сәулетті заманауи қалалардың біріне айналдыруы – Елбасының батыл әрі парасатты шешімінің нәтижесі.  Ал қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс дамыған мемлекеттердің өзін қос бүйірден қыспаққа алған күрделі кезеңде мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындаған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын ұсынуы  сарабдал саясаткердің сенімді стратегиялық қадамы десек, артық емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Елдің өркениетке бастайтын 100 нақты қадамы айқындалған бағдарламаның мән-маңызын түсіну үшін тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолымызға қайтадан көз жүгіртіп көріңіз. Ел тәуелсіздігін алғаш алған кезеңде мемлекет қазынасында көк тиын да болмағаны өз алдына, Қазақстан Республикасының өз валютасы да жоқ еді. Ұлттық теңгеміздің атын да ойлап тауып, оны айналымға шығарған да Елбасымыз болды. Қазіргі кезде Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 80 миллиард АҚШ долларына тең көлемде қаражат сақтаулы тұр. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын бұл туралы армандап көрдік пе?! 2010 жыл Қазақстанның әлемдік деңгейде бақ жұлдызы ерекше жанған жыл болды. Еліміз дүниежүзіндегі 56 мемлекеттің басын біріктірген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етті. Төрағалық етіп қана қоймай, 11 жыл бойы ешбір төраға ел өткізе алмай келген осы беделді Ұйымның саммитін ұйымдастырды. Ал, бұдан үш жылға жуық уақыт бұрын 57 елдің басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығымызды табысты тәмәмдадық. Мұны Джибути мемлекетінің астанасында өткен осы Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысушы елдердің өкілдері бірауыздан атап өтті. 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезін өткізіп үлгердік. Бұған дейін дәл осындай басқосуды дүниежүзінің ешбір елі жүзеге асыра алмаған еді. Астанада бір-біріне қарама-қайшы көзқарастардағы дін басшылары да бір үстелдің басында отырып, ортақ мүдде үшін ұйысты. Демек, бейбітшілікті ту еткен елдің Елордасы өзіне жүктелген жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет дамуы үшін алдымен мақсат-мұраты айқындалған бағыт-бағдары болуы тиіс. Қоғамдық идеалы, нақты жоспары жоқ халық дами алмайды. Қазақстан ширек ғасыр ішінде осыншама табыстарға Елбасының стратегиялық жоспарларының, биік мақсаттарының арқасында қол жеткізді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық  саясаты, 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары – мұның барлығы Мәңгілік Ел болу жолындағы өзара сабақтас бағдарламалар. Медицина қызметкері болғасын, халық денсаулығын сақтау ісінде елімізде атқарылып жатқан игілікті іс-шараларға тоқталмай өтуге болмас. «Біздің жүрер жолымыз тәуелсіздіктің алғашқы бірер жылында белгіленіп үлгергені, әрине, біздің үлкен бағымыз. Біз қоғамның басты байлығы – адам, елдегі игіліктің  бәрі адам үшін деп жарияладық» деген Елбасының сөзі көп нәрсені аңғартады. Халық денсаулығының жақсаруы, орташа өмір  сүру жасын ұзарту – мемлекетіміз үшін өзекті мәселенің бірі. Ой таразысына салсаңыз, тек соңғы жылдардың өзінде бұл салада қаншама  жарқын жетістіктерге қол жеткізгенімізді білуге болады. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша елімізде жүздеген жаңа ғылыми орталықтар, ауруханалар, клиникалар, медициналық пункттер пайдалануға берілді. Мамандарымыз алдыңғы қатарлы шетелдің клиникаларында оқуда болып, тәжірибе алмасып, біліктілігін ұштады. Солардың біразы елге оралып, бұл күндері үйренген жаңалықтарын клиникаларда батыл енгізіп жатыр. Кардиохирургия, трансплантология, травматология, нейрохирургия саласы жаңа деңгейге көтерілді. Отандық медицинада заманауи талаптарға сай, инновациялық технологиялар күнделікті іс-тәжірибеде кең қолданылуда. Орта Азия мемлекеттері арасында бірінші болып біздің елде жүрек, бауыр, ұйқы безі ағзалары алмастырылып салынды.  Болашақта әлі де талай істер атқарылатынына сенеміз, оған Елбасы Н.Назарбаев бастаған мемлекетіміз толық мүмкіншілік жасап отыр. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашыл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Себебі, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында отандық медицинаны дамыту жолдары нақтыланған. Соның бірі – жекеменшік медицинаны дамыту, емдеу мекемелеріне корпоративтік басқаруды енгізу міндеттемесі. Бұл қадам өз кезегінде медициналық көмектің сапасын жақсартуға септігін тигізері анық. Ұлт Көшбасшысы ұсынған Ұлт жоспары тұрғындар арасында қызу қолдауға ие болуда. Өйткені, Елбасының 100 нақты тапсырмасы алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап тұр. Осыған қарап, Нұрсұлтан Назарбаев – ғасыр тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көшімен аман алып келе жатқан қамқоршы Көшбасшы екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады. Халық арасында «Көштің көріктілігі – көсемінен» деген мағынасы терең, ұғымы мол, әдемі сөз бар. Ол Қазақстан Президентіне арнап айтылғандай.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, медицина профессоры.

Тараз қаласы.