Экономика

Табысын жасыруға жол бермейді

Табысын жасыруға жол бермейді

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде жедел режімде беруді қамтамасыз ететін, онлайн тәртіпте жұмыс жасайтын, соңғы үлгідегі бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібіне арналған семинар өтті. Оған «Қазақтелеком» АҚ-ның, «Оргтех» ЖШС-ның, аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларының мамандары, Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ аудандарының салық төлеушілері қатысты. Семинарда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары ҚР Салық кодексінің 645-бабы, 1-тармағының 4-ші тармақшасына сәйкес, ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап сауда операциялары кезiнде қолма-қол ақша арқылы бензиндi, дизель отынын, алкоголь өнімін көтерме және бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын салық төлеушілер жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желілері бойынша салық органдарына ақшалай есеп айырысу туралы мәліметтерді жедел режімде беруді қамтамасыз ететін бақылау-касса машиналарын қолдануға міндетті екенін баяндады. Сонымен бірге еліміздің аумағында жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар да 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын пайдаланулары міндеттелді. Осыған орай, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті аталмыш аппарат арқылы жедел түрде түскен деректерге тікелей камералдық бақылау және талдау жүргізеді. Сол арқылы табыс сомасын төмендеткен немесе бақылау-касса машинасын ұзақ мерзім қолданбаған тұлға жылдам анықталып, тексеру жүргізіледі. Бұл өз кезегінде салықтан жалтаруға, өзге де заңсыздықтарға бөгет болары сөзсіз. Мемлекеттік органдарға деректерді электрондық нұсқада жолдауға мүмкіндік беретін, ұялы телефон, планшет сынды заманауи құрылғылар арқылы қолдануға болатын, тіпті, электр қуаты жоқ болған жағдайда да бірнеше сағат бойына жұмыс істей беретін, өзге де заман талабына сай функциялары бар бақылау-касса машиналарын тіркеу және салық органына қажетті құжаттар жайлы ақпаратты Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жанар Әлібаева берді. Ал оларды қондыру, техникалық шарттарына сәйкес келтіру және жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желілеріне қосу жөнінде «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Ботагөз Жакеева баяндады. Әлемнің 23 мемлекетінде қолданысқа енген бақылау-касса машиналарын сатып алу, техникалық жәрдем қызметін ұсыну және пайдалану, оқыту әдістемесі жайлы мағлұматтармен Оргтех» ЖШС-ның менеджері Наталья Хван таныстырды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Өмірзақ ҚОСПАНОВ, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы.