ҚАРАТАУ, ТАЛАС ӨҢІРІ – ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ БАЙ ӨЛКЕ
ҚАРАТАУ, ТАЛАС ӨҢІРІ – ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ БАЙ ӨЛКЕ
Алайда туристік кластер дамымай тұр
Тәңірқазған мен Бөріқазғанды білеміз бе? «Мақтанатын жәдігерлер жетерлік, – дейді Талас аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Дәуренбеков. – Аудан облыстағы тарихи көне жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерінің саны жағынан жақсы көрсеткішке ие, тіпті киелі орындар саналатын әлеуеті бар аудандардың біріне жатады». Айталық, адамзаттың алғашқы тұрағы Тәңірқазған, Бөріқазған үңгірлерін аудан орталығынан небәрі 18 шақырым жердегі төбешіктен барып көре аласыз. Осыдан (төменгі палеолит дәуірі) 1,5 миллион – 150 мың жылдар арасында алғашқы адамдардың тұрағы саналған Тәңірқазғанды археолог Х.Алпысбаев 1958 жылы зерттеп, тас бұйымдарды тапқан. Кейіннен бұл тұрақты 2000 жылы ҚР ҒА Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.Байпақов) қайта зерделеген. Қос ғалым тұрақтардан табылған тас бұйымдардың Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштерінің арасындағы олдувай (жер атауы) мәдениетімен ұқсас деген қорытындыға келді. Қаратау өңіріндегі жер қыртысын зерттеген академик, геология – минерология ғылымдарының докторы Ғ.Ерғалиевпен осыдан бес жыл бұрын «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда жолығып, сұхбаттасқанымда ғалым жер бетінде құрлық қалыптасқанда, оның ішінде жер қыртысының ең алғашқысы осы өңірде пайда болғанын айтқан еді. Иә, бұл аймақтан бар дәуірдің көне орындарын кездестіруге болады. Мысалы, бір ғана Қаратау қаласының маңайында ғұн, сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының өмір сүргенін дәлелдейтін орындар жетерлік. Кезінде туристік кластерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында туристік бағыт жайлы бүктеме мен карта да жасалған екен. Қ. Дәуренбеков мұны да сөз етті. Сол картада Талас ауданындағы Бостандық, Ойық, Үшарал, Тамды, Қаратау, Берікқара аумағындағы тас ғасырының тұрақтары, жартастағы таңбалар, қорғандар, кесенелер, мешіттер, қалашықтар, бекіністер, тас мүсіндердің орындары нақтыланып көрсетіліпті. Жалпы алғанда, ауданда ерекше тізімге енген, сөйтіп мемлекеттің қарауына алынған 74 нысан есепке алынған, оның 5-еуінің республикалық мәні бар. Олардың ішіндегі саяхатшылар мен бүгінгі жастарды, әсіресе, мектеп оқушыларын қызықтыратын тарихи ескерткіштер бар. Оған Ақкесене күзет мұнарасынан бастап, Үшарал ауылындағы Абдолла ишан, Ойық ауылындағы Қарақожа, Ноғай ишан мешіттерін, жоғарыда біз әңгіме еткен Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл тұрақтарын жатқызуға болады. Кеңес ауылындағы Тектұрмас, Атбайлар, Қаратау қаласындағы Тамды, Қызыләуіттегі Ақтөбе мекені (академик М.Жолдасбеков бұл жер хан ордасы болған деген болжам айтады) жалпы Қызыләуіт ауылының төңірегіндегі тас жазулар, «Тоғыз құмалақ» тас тақтасы, мен қыштан өрілген тас көпірлер де тұнып тұрған тарих. Одан бөлек, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Бөлтірік шешен, Саңырық батыр, Көшек батырға арнап соғылған тағы басқа кесенелердің де орны ерекше емес пе? Тұтастай алғанда, Талас ауданы адамзат дамуының бүкіл болмысын айғақтайтын жәдігерлерге тұнып тұр. Неге екені белгісіз, картада немесе ғылыми мақалаларда Тамды әулие, Жартас әулие, Қотырбұлақ әулие бұлақтары туралы ләм-мим демейді. Қаратау қаласының батысынан 18 шақырым жердегі «Көктал» емдік сауықтыру кешенінің сонау Құмкент, Бурабай, Жасыбайлардан еш кем емес екенін талай мәрте естідік те. Туристік кластерді өркендетуге не кедергі? Осы сауалды бірнеше жылдың жүзі болды, жоғары лауазымды тұлғаларға қойып келеміз. Жақында ғана облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім бастығы Мұхтар Алмасовпен де аталмыш мәселе төңірегінде пікірлесіп қалған едік. – Неге дамытуға болмасын, тек туған өлкенің табиғатын, тарихын білуге деген құштарлық керек, – деп қалды. Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің әлемдік өркениетте өз орны бар – тарихи оқиға болатынын өз сұхбатында егжей-тегжейлі атап көрсетті. Біле-білгенге Ұлт Көшбасшысының бұл пайымы, әрбір азаматтың ұлттық намысын оятып, Отанды сүюге, патриотизмге бастайтын жол емес пе? Мысалы, ел ынтығып барып, қаржысын оңды-солды шашып келетін Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы тағы басқа елдер қу мекен, құм суырған далада бар байлығын ұқыппен жұмсап, туристер ағылатын «жұмақтар» жасап алды. Өйткені, олар елін, жерін, Отанын сүюді бесіктен о баста үйренген, соған қызмет етуге бел байлаған тәрізді. Бізде де ұлттық намыс жеткілікті тәрізді. – Біз барымызды көрсете алмаймыз. Айталық, Ақыртас кешені – Орта Азияда теңдесі жоқ құрылыс алаңы. Амал не, соны әлемге таныта алмай отырмыз, – дейді облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының басшысы Тәкен Молдақынов. Неге? Биіктерге ұмтылу үшін мына жаһандану дәуірінде ақпарат мәдениетін меңгеру керек. Әлгі Ақыртасты, әлемдегі ғажайыптың бірі екенін әйгілей алып, жарнамалай білуіміз керек. Сонан соң, ашық аспан астына барған турист, я саяхатшыны, я өлкетанушыға бір мезет демалатын орындарын сайлап қоюымыз қажет. Онда түрлі мәдени іс-шаралар, айталық қазақтың тұрмыстық, аңшылық, саятшылық, өнерлерін көрсете білсек, ұтылмаспыз... Талас ауданында туристік кластерді дамытуға не кедергі, дегенде сол мәселелер алдымыздан шығатын тәрізді... Жоспарлар да бар екен Жоспар жеткілікті. Біз оны аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасардың берген мәліметінен оқып, білдік. Туризм саласын дамыту осы бөлімге қарайды. Оның 2010-2014 жылдар аралығындағы аймақта әлеуметтік туризмнің дамуы мен жай-күйі туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жазған хатындағы сөздеріне көз жүгіртейік. «Жамбыл облысында туристік саланы дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған бағдарламасын» Талас ауданында іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары дайындалып, осы бағытта жұмыстар жасалуда, – дейді ол. – Осы жоспарға ауданда туристік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде Билікөл көлінің Талас ауданына қарасты маңынан, Ақкөл көлінің жағалауынан демалыс базаларын соғу, Жұрындысай демалыс лагері жанынан тұрақты демалыс базасын ашу, сонымен қатар аудан жастары мен оқушылары үшін республиканың туристік объектілері бойынша тақырыптық автобус және жаяу экскурсиялар ұйымдастыру, ауданның туристік мүмкіндіктері туралы бейнефильм түсіру, фотоальбомдар мен буклеттер шығару секілді шаралар енгізілді». Одан әрі қарай аудан аумағындағы тарихи ескерткіштердің тізімі мен мейрамханалары, қонақ үйлер, шипажай мен демалыс орындары, қаладағы тарихи-өлкетану музейінің қызметі тізбеленген. Бар болғаны сол ғана. Биыл 2015 жыл. 2012-2014 жылдары жоспарланған іс-шараның орындалуы хақында өкінішке қарай еш сөз жоқ. Тек туристік нысандарды аралауға автокөлік қарастырылмағанын жазыпты. Шынында да көлік болмаса, кімді қайда апарады? Бұл да шешімін күтер мәселе. Аудандық тарих-өлкетану музейінің директоры Қ.Дәуренбековтің аудандағы тарихи ескерткіштердің сақталуы туралы бірер мәрте дөңгелек үстел, тағы басқа да мәдени іс-шаралар өткізгендігінен хабардармыз. Биыл музейге республикалық бюджеттен он төрт миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, мұражайға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. – Енді сәтін салса, сырттан келген туристерге, мектеп оқушыларына музей экспонаттарын ұялмай көрсете аламыз, – дейді мұражай басшысы. Кезінде, аудандық музейдің бірер іс-шараларына қатысып, музейдегі қазақтың бренді саналатын киіз үйінің жартылай нұсқасына көңілім толмайтынын айтып едім. Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков киіз үйді өркениеттің үздік үлгісі деп бағалаған. Бір ғана киіз үйді қажетті дүниемен толықтырсақ 1,5 мыңға жуық жәдігерді қоюға болады дейді. Ғажап емес пе? Әрине, ол үшін қаржы керек. Демеуші, Елбасы айтқандай, ұлтына жаны ашитын инвестор, немесе ұлтжанды азамат керек-ақ. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов, – сондай ұлтжанды азаматтың бірі. Бірақ, оның да қолы қысқа. Тарихи ескерткіштерді қорғауға, қайта қалпына келтіруге қаралған соқыр тиын онда да жоқ. Енді не істемек керек? Ең алдымен елін, жерін сүйіп, оның тарихын таныту үшін ұлтжанды басшылар керек ең әуелі. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туристік агенттік қызмет етеді. Аудандағы әулиелі жерлерді аудан әкімдігі брендке айналдырып алған. Екіншіден, аудан төңірегіндегі тарих-мәдени ескерткіштер біреудің меншігі емес, ең алдымен Талас ауданынікі. Сондықтан, туристік кластерді дамыту қағаз жүзінде қалмай нақты іске айналса дейміз. Бірде Ақкөл көлінің егесі, облыстық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектай: «Көл жағасына демалыс үйлерін соқсам ба деп жүрмін», – деді. Жалғыз Ақынбек емес, ауданнан шыққан қалталыларымыз да осы тақылеттес идеямен жүрсе дейміз. Кеңес өкіметі кезінде Ақкөлге, облысты айтпағанда, Қырғыз елінен жұрт ағылып, балығын аулап, құмында аунап жататын. Аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының демалыс орны болатын. Бәрі бұзылып, құрдымға кетті. Ақкөл көлі маңайын туристік аймаққа айналдырсақ, қаншама адам жұмыспен қамтылар еді, ең алдымен, ауыл тұрғындары, әрі балығын өсірсек... Тіпті балық зауытын ашуға да мүмкіндік тумас па еді? Сол маңайда қаншама тарихи жәдігерлер бар. Тәңірқазған, Ақкөл тұрақтары, тастағы жазулар. Қызыләуіт маңында қамыс ырғын еді. Құс та көп болатын. Нағыз мемлекеттің қорғауына алынып, туристік орталыққа айналатын аймаққа сұранып-ақ тұр. Ары қарай Ойық, Кеңес, Үшаралды аралауға мол мүмкіндік те тумай ма сонда? Осы бастан туризмнен хабары бар мамандар даярлауды да қолға ала берген жөн. Қысқасы, туристік кластерді дамыту – өмірдің өзі тудырған талап. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деп ата-бабамыз айтқандай, ауданды туристік аймаққа айналдыру үшін аудан әкімдігінің нақты іс-шаралар қабылдайтынына күмәніміз жоқ. Ол үшін ең алдымен туризм саласын жекеше бөлім етіп, не кәсіпкерлер тауып агенттік құрудан жұмысты бастаса қанеки...
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.