Әлеумет

Таластықтардың «Қазақ барысына» құрметі

Таластықтардың «Қазақ барысына» құрметі

Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне Елбасы жүлдесі үшін өткізілген республикалық «Қазақ барысы» мегажобасында жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп, «Қазақ барысы» атағын екінші мәрте иеленгенде қуанбаған жан жоқ. Жақында Бейбіт батырды аудан басшылары арнайы шақырып, құрмет көрсетті. Өңір абыройын асқақтатқан Бейбіт Ыстыбаев Көшек батыр ауылында өмірге келген. Екі дүркін «Қазақ барысын» марапаттау рәсімі аудан әкімдігі алдындағы «Батырлар алаңында» ұйымдастырылды. Даңқты балуанмен жүздесуге жұрт көп жиналып, жерлестері балуанды ризашылықпен қарсы алды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қартабаев сөз сөйлеп, барша жерлестерінің мерейін асырған Бейбітке жерлестері атынан алғысын айтып, алдағы аламандарда да бағының үстем, бабының келісті болуына тілектестігін білдірді. Бұдан кейін аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмабек Әсемов, ауданның Құрметті азаматы Тынысбек Сейдуанов Б.Ыстыбаевты толағай табысымен, айбынды жеңісімен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ, таластықтар балуан жерлестеріне жал-құйрығы таралған арғымақ сыйлап, үстіне зерлі шапан жапты. Мұндай құрмет даңқты балуанның жеке бапкері, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Елдос Далабайға да көрсетілді. Кездесу соңында Бейбіт Ыстыбаев пен бапкері Елдос Далабай сөз алып, аудан азаматтарының ыстық ықыласы үшін алғыс айтты. Алдағы «Еуразия барысы», «Әлем барысы» турнирлерінде ел сенімін ақтауға күш салатындарын жеткізді.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.