Мәдениет

Өлкетану мұражайы жаңғыртылды

Өлкетану мұражайы жаңғыртылды

Талас аудандық тарихи-өлкетану мұражайының тарихы ертеден бастау алады. 1986 жылы Тамды ауылының тұрғыны Молдаш Тілепбергенов көне жәдігерлерді жинақтап, өз ауылынан аудандағы тұңғыш мұражай үйін ашқаны көнекөз қариялардың әлі есінде. Сол ауыл азаматының бастамасы аудандық мұражай ашуға түрткі болып, кейінірек Молдаш аға жинаған көп жәдігерлер аудандық мұражайға алдырылған екен. Аудандық мұражай алғаш 1989 жылы Ақкөл ауылында ашылды. Оған бірінші меңгеруші болып бүгінде белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров тағайындалады. Халық өз үйлеріндегі түрлі жәдігерлерін табыстайды. Кейіннен аудан орталығының әкімдігі Қаратау қаласына көшіріліп, мұражай жәді­герлері «Кеншілер» үйіне жайғастырылған. Мұражай экспонаттарының  молаюына, мамандығы зоотехник болса да Сабыр Қылышбек дейтін ұлтжанды азамат көп еңбек сіңіреді. Ғалымдармен, зиялылармен тізе қосып ол өлке тарихын зерттеді, кітаптар шығарды. Бертінде аз уақыт болса да мұражайды ақын Нарша Қашағанұлы басқарды. Сондай талантты азаматтар тізгінін ұстаған аудандық мұражайды қазіргі таңда Қуаныш Дәуренбеков басқаруда. Бұрындары облыстық мекемелерде қызмет еткен, бірнеше археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан, тарихшы, этнограф ол мұражайды жаңа талапқа сәйкестендіріп, қайта түлетуге көп еңбек сіңіргенін айтпай кетуге болмас. – Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында мұражайды қайта жаңғыртуға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына өтініш жасап, жөндеу жұмыстарына 14,9 миллион теңге қаражат бөлінуіне қол жеткіздік, – деді ол. Осы азғантай қаржыға аз уақыт ішінде мұражайдың іші-сыртына әрлеу жұмыстары жүргізіліп, айналасы темірмен қоршалып, бөлмелері қайта жаңғыртылған мекеме ауданның өз «Эрмитажына» айналып шыға келді. Жаңа жәдігерлермен толыққан мұражайдың есігі айқара ашылды. Мұражайды қайта жаңғыртуға Алматыдан, Тараздан арнайы мамандар шақыртылыпты. Нәтижесінде мұндағы экспонаттар жүйеленіп әр бөлімге орын-орнымен қойылып, келушінің көңілінен шығуда. Сөз соңында айтарымыз, Талас тарихи-өлкетану мұражайы ауданның ғана емес, шетел туристерінің де қызығып тамаша­лайтын нысанның біріне айна­латын күн жақын дегіміз келеді.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы.