Табиғатты аялайық, ағайын
Табиғатты аялайық, ағайын
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қорында өрт туындау қаупі зор. Оның көлемі 220592 гектар жерді алып жатыр. Оның 15200 гектарында сексеуіл, 2100 гектарында мемлекеттік қорғанышты мақсатта егілген қарағаш, 115 мың гектарында жүзген, қоянсүйек және басқа да бұта түрлері өседі, ал қалған бөлігі жайылымдардан, шабындықтардан және ауыл шаруашылығына жарамсыз жерлерден тұрады. Біздің мекеме орман қоры аумағындағы жайылымдар мен шабындықтарды осы аудандағы шаруа қожалықтарының сұранымдары бойынша оларға келісім-шарт негізінде бір жыл мерзімге уақытша пайдалануға беріп отырады. Әрі заңды тұлғалардан жайылымдарды пайдалану кезінде мекеме тарапынан қойылған талаптарды міндетті түрде орындап отыру талап етіледі. Өйткені, жазғы ыстықта өрт шығу қатері күшейеді. Міне, соның қарсаңында қожалық иелері алдын ала қамданып, өрт сөндіруге арналған арнайы шартылдақтарды, күректерді дайындап қоюлары шарт. Төрт түлік малдың басы-қасында жүрген малшылар қоныстанған жердегі үйлердің, қоралардың, шөп маяларының маңын соқамен 4,5 метр ендікте айналдыра қорашалай жырту қажет. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының ұжымдарына, әсіресе, солардың санатында, жылқышыларға, шопандарға, бақташыларға мал жайып, өрісте жүрген кездерінде тартқан темекілерін сөндіруді жадыларынан шығарып алмауы және кез-келген жерге от жағуға тыйым салынатындығы қатаң ескертілген. Оның үстіне, жаз маусымында құм өңірінде жүрген автокөліктерден абай болу және тракторларға қосымша ұшқын сөндіретін құрылғылар қондыру талап етіледі. Бұл талаптардың сақталуы өрт қаупінің туындау ықтималдылығын азайтуға мүмкіндік береді. Алайда, өкінішке қарай, кейбір жекелеген азаматтар орындалуы аса күрделі емес осы талаптардың өзіне немқұрайды қарап, оның соңы өкінішті жағдайларға ұрындырып жатады. Мысалы, ағымдағы жылғы шілде айының 16-сы күні Түймекент ауылдық округі аумағындағы «Достық -99» шаруа қожалығының иелігіндегі тракторларда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмағандықтан, Талас орманшылығының Он алты бел учаскесінде өрт оқиғасы орын алды. Осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 367-бабы бойынша Абилда Шакенов деген азаматтың үстінен іс қозғалып, оған 67 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Жауапсыздықтың соңы осындай келеңсіз зардапты оқиғаға апарып соқтыратынын Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарайтын орман қоры аумағында жүрген кез-келген азамат жадынан шығармауы тиіс.Ермек Жүнісов,Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекеме директоры. Байзақ ауданы.