Тарихтан сыр шерткен
Тарихтан сыр шерткен
«Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты керуен мүшелері Т. Рысқұлов және Жамбыл аудандарында
Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынған «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени экспедиция тобы Құлан өңіріне де келіп жетті. Құрамында өлкетанушы, тарихшы, мәдениеттанушы, айтыс ақындары бар арнайы топты аудан әкімі Жарылқасын Айтақов бастаған жергілікті атқамінерлер мен өнерпаздар аудан орталығы Құлан ауылының батысында орын тепкен Дендро саябақта қазақы дәстүрмен қарсы алды. Қазақтың бауырсағынан дәм татып, бал татыған сары қымызбен сусындаған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет саябақты аралап, ежелгі Құлан қалашығының орнын көріп, аудандық өлкетану мұражайына беттеді. Мұражай директоры Есназар Құрымбаев қонақтарды ежелгі қаланың тарихымен таныстырып, өлкетану музейінде экскурсия жасады. Мұнан соң аудандық М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде Құлан өңірінің көнекөз қарияларының, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысын аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов кіріспе сөзімен ашып берді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталған басқарма басшысы Д. Бықыбаев бұл тарихи-мәдени жобаның мән-маңызын айрықша атап өтті. Дөңгелек үстел барысында мұрағаттанушы М. Рысдәулет Қазақ хандығының ту тіккен мекені жөнінде ой өрбітсе, мәдениеттанушы Ә. Әмзеұлы қазақ өнеріне, оның даму кезеңдеріне көңіл бөлді. Сонымен қатар, Тараз қалалық мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы С. Досымбеков, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Н. Серікбаев, жергілікті қаламгер С. Қожеке де Қазақ хандығына қатысты өз ойларымен бөлісті. «Мәңгілік Ел» идеясы аясында өтіп жатқан жобаның дүбірі алып шаһар Алматыдағы жерлесіміз Қырғызбай Қаңтарбаевты да бейжай қалдырмапты. Ауданымыздың тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қырғызбай ақсақал жасының тоқсаннан асқанына қарамай туған жеріне келіп, мерейтойға тарту ретінде өз туындылары мен ұлы Мақсат Қаңтарбаевтың және шәкірттері Мақсат Бексұлтанов пен Ғазиз Күмісбаевтың туындыларынан тұратын көрме ұйымдастырды. Қырғызбай ақсақалдың қолынан шыққан дүниелері Петербургтегі этнографиялық мұражайда, Алматы қаласындағы қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Ә.Қастеев атындағы және мемлекеттік орталық тарихи мұражайда сақтаулы тұр екен. Ауданымыздағы өлкетану музейінен де ол кісінің бірқатар кескіндемелерін, қолөнер бұйымдарын көруге болады. Ал шәкірті Мақсат Бексұлтановтың «Аңырақай шайқасы» атты туындысы еліміздегі өнертанушылардан жоғары бағасын алыпты. Суретші бұл картинасының көшірмесін құландықтардың назарына ұсынды. Түс ауа М. Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен «Мәңгілік Ел» атты жылжымалы көрмесіне келген аудан тұрғындары облыстық ақындар айтысын тамашалады. Айтыс аяқталған соң суретші Қырғызбай Қаңтарбаевқа Қазақстан Суретшілер одағының марапаты тапсырылды. Сондай-ақ жергілікті қолөнер шебері Ғазиз Күмісбаев ұстазына шапан жапты. Еліміздің елдігін танытатын мерейлі дата Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақ хандығы ту тіккен өлке» атты тарихи-мәдени жобасы облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданына ат басын бұрды. Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрәк Жинақбаева бастаған керуен мүшелері алдымен аңызға айналған махаббат символы Айша бибінің кесенесіне тоқтап, Айшаның рухына тағзым етті, құран бағыштады. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова бастаған аудан азаматтары мен азаматшалары экспедиция мүшелерін қазақы жоралғымен қарсы алып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Бұдан кейін керуен мүшелері аудандық тарихи-өлкетану музейіне соқты. Керуен мүшелерін мұндағы құнды жәдігерлердің тарихымен мұражай қызметкері Индира Мыңжасарова жан-жақты таныстырып өтті. Өңірдегі музей өзге аудандарға қарағанда тарихи жәдігерлерге бай екенін көз көрді. Тарихтан сыр шертетін мекемеде XV-XVIII ғасырлар аралығында пайдаланылған тегене, мыс табақ, XI-XV ғасырларға тән шырағдан, қола дәуірінің археологиялық жәдігерлері, Ақыртас сарайының кірпіштері, қыштан құйылған ыдыстар, таңбалы тастар, Ұлы Отан соғысы жылдарында пайдаланылған неміс әскери теңіз флоты офицерінің қаруы секілді құнды заттар сақталыпты. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл ауданының музейінде елді қызықтыратын дүниелер жеткілікті. Жамбыл ауданына арнайы келген азаматтар мұнан соң дөңгелек үстел отырысында бас қосып, өз пікірлерін ортаға салды. Шараны аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова кіріспе сөзбен ашып берген соң экспедиция жетекшісі, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрәк Қасымқызы тарихи мерекені лайықты деңгейде атап өту үшін облыста атқарылап жатқан жұмыстарды айтып берді. Сонымен қатар, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің қызметкері Байтанағали Төлентаев ел мерейін асыратын мерейтойға қатысты пікірін білдіріп, ұсыныстарын жасады. Соңынан аудандық Мәдениет үйінде айтыскер ақындар Бақытбек Жұмабеков, Дархан Әбдіманат, Аруна Керімбек, Рай Дөңбай, Алтынкүл Қасымбекова, Нұрлыбек Құрманов, Қанат Мырзахан, Айтмұханбет Исақов керемет айтыс жасап, жергілікті жұртшылықтың алғысына бөленді.
Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов, Жамбыл аудандары.