Денсаулық

«Валют-Транзит Банктің» салымшыларына қосымша қаржы төленбек

«Валют-Транзит Банктің» салымшыларына қосымша қаржы төленбек

 2007 жылы банкротқа ұшыраған «Валют-Транзит Банктің» салымшыларына үстіміздегі жылдың 10-шы тамызынан бастап депозиттері бойынша қосымша қаржы төленеді.

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында  “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ төрағасы Бақыт Қоғылов мәлімдеді.

“Валют-Транзит Банктің» депозиттерінің көлемі 700 мың теңгеден асатын салымшылары депозиттегі қалдық бойынша мөлшерлемесіз қосымша кепілдік берілген өтемақы ала алады. Әр салымшыға төленетін ақшаның көлемі 5 млн теңгеден аспайды”, – деді Қоғылов.

Осылайша, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы 4995 салымшыға жалпы көлемі 4,25 млрд теңге көлемінде қосымша өтемақы төленеді.

«Негізгі қарыз бойынша 4772 салымшыға қатысты талаптар толық көлемде орындалады, ал салымдары 5 млн теңгеден асатын 223 салымшыға қатысты талаптар, тарату комиссиясының жұмысы аясында орындалатын болады», – деді ол.

2007 жылы 60 мыңнан астам салымшыға 13,8 млрд теңге көлемінде өтемақы төленген болатын.