Мәдениет

«Тынық Дондағы» бейнем тұғырға көтерді

«Тынық Дондағы» бейнем тұғырға көтерді

IMG_7512-Бүлдіршін кезімнен «Кім боласың?» дегенге «Әртіс боламын!» деп өскен едім...

– Мәкен Рахымжанқызы, әңгімемізді өзіңіздің ерекше есте қалған образдарыңыздың бірінен бастасақ. Сіздің «Жан дауа» трагедиялық қойылымындағы отанасы, яғни әйел-ана бейнесін сәтті сомдап, зор әсермен алып шыққаныңыз әлі есімде. Мен ғана емес, сондағы сіздің ойлы оқиғаның бояуын қанықтыра түскен нанымды бейнеңізді көрермендер де ұмыта қойған жоқ.  Осы қойылым туралы айтып өтсеңіз? – Негізі, «Жан дауа» қойылымында бір отбасының ішкі тағдыры жан-жақты баяндалады ғой. Бұл – режиссер Болат Ұзақовтың шығармасы. Туынды біздің театрда көркемдік жетекші болып қызмет атқарған белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың сахналауымен халыққа ұсынылған болатын. Бірақ, содан бері біраз уақыт өтсе де спектакль өз құндылығын жоя қойған жоқ. Олай дейтініміз, қойылымда баяндалатын отбасының қиын жағдайы – бүгінгі қоғамның әлі де өзекті  мәселесі. Айталық, «Жан дауада» оқиға барысы былай өрбиді: қос перзенті – қызы мен ұлының қиялына ілесіп, дегеніне көніп әке мен шеше ауылдағы киелі қара шаңырақтан  көшіп, қалаға қоныс аударады. Алайда, тамырынан айырылған ағаш секілді, жасы біразға келген ата-ана жаңа ортаға үйренісе алмайды. Оған қоса,  өссін, өнсін, оқысын  деп бетінен қақпай өсірген ұл-қызы теріс жолға түсіп, жаман ортаға ұшырасады. Ағалы-қарындасты екеуінің де осы шығармадағы бірден-бір тақырыпқа тұздық болып отырған нашақорлыққа салынып кетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түседі. Қойылымдағы негізгі кейіпкерлер – оң жақта отырып, ерге шықпай әйел атанып, балалы болған қыз;  үйдегі бар тұрмыстық заттармен қоса мұралы жәдігер біткенді өзінің «зәруіне» сатып, айырбастап тынатын, есін есірткі улаған ессіз ұл; баласының теріс қылықтарын шалынан жасырып, қашанда жақсылықтан, ертеңнен үміт үзбейтін бейбақ ана; сондай-ақ  қылар қайраны таусылған қамсыз әке. Ақырында, тұяқ жалғастырушы жалғыз ұлдың нашақорлықтан қаза табуы бір отбасының қара жамылуына ғана емес, бүтіндей әулетті жалғар ұрпақ ізінің тұйықталуына себепші болады. Міне, бұл қойылымның шарықтау шегі ащы шындықты ашып көрсете отырып, қазіргі қоғамда жастар арасында белең алып отырған зиянды әдеттің түбі неге апарып соғарын бір ғана жолмен баяндап береді. Сол арқылы кейінгі буын көрермендерді тәрбиелеп, түзу жолға шақырады. Шығарма осынысымен де өзекті, құнды. Бұрында біз бұл қойылымды театрдың фойесінде ойнаған болатынбыз. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі, бала мен ата-ана қарым-қатынасы жағынан алғанда маңызы зор бұл шығарманы солай ойнаған әлдеқайда ұтымды. Ал осындағы әйел-ана рөлін қаншалықты тиісті деңгейде сомдап шыққанымды өзім емес, өзгелер айта жатар... – Иә, сіздің сәтті образдарыңыз онымен ғана шектелмейтіні белгілі. Өнерге деген қызығушылығыңыз қайдан, қашан пайда болды? – Өнерге деген сүйіспеншілігім, құштарлығым титтей бүлдіршін, бала кезімнен пайда болды десем, өтірік айтпағаным. Төменгі сыныптарда оқып жүргеннің өзінде біреу «Кім боласың?» десе, «Әртіс боламын!» деп жауап қайтаратынмын. Үйдегілерді отырғызып қойып, жүкжапқыштан перде істеп, соның артынан шығып ән айтып, би билеп, шағын концерт қояды екенмін. Ол кезде біздің ауылда теледидар, кино дегендер некен-саяқ. Енді-енді радио пайда бола бастаған кез. Сол шақта радиодан жастардың өнерін насихаттайтын «Ұшқын» деген бағдарлама жүріп тұратын. Радиодан соның қашан болатынын бағып, құлақ асып, ден қойып тыңдайтынбыз. Оны қазіргі халық әртісі Торғын Тасыбекова мен марқұм, танымал өнер майталманы Райымбек Сейітметов жүргізіп отыратын. Солардың даусына керемет сүйсініп, ынтызар болатынмын естіп. «Шіркін, мен де осы кісілердей болсам!» деп жатып алып қиялдайтынмын. Нағашы әжемнің ертегілерін күн ұзақ тыңдаудан жалықпайтынмын.  Сол әжемнің айтқан «Жалғыз көзді Дәу» секілді қорқынышты ертегілер әлі күнге жадымда. Өз немерелеріме де сол ертегілерді баяндап жүрмін. Ол ғана емес, әжем батырлар жырын да жатқа оқып беріп отыратын. Әжемнің айтуындағы «Алпамыс», «Қобыланды» секілді батырлар жырын кейін мектеп қабырғасында кітаптан оқығанда мүлде басқаша, бөлек екенін көріп таңғалдым. Сонда әжеміз өзі ойша құрап, суырып салып шығарып, өлеңдетіп айта берген екен ғой. Әжемнің сондай қабілеттері маған да дарып, өнерге жақын болып өстім. Тіпті, тауда қой кезек бағып жүріп, ақша бұлттарға телміре қарап, өзіммен-өзім әңгімелесетінмін. Содан не керек, қиял жетегінде жүріп актерлік жолға біржолата бет бұра бастадым. Мектепте оқып жүргенімде көркемөнерпаздар үйірмесіне көп қатыстым. Өлең   оқығанда алдыма жан салмайтынмын. Әсіресе, белгілі сатирик, жерлесіміз Шона Смаханұлының «Айым мен Сайым» атты сықақ-диалогын қайталап, мәнерлеп оқудан талмаушы едім. Қызыл және көк маталардан бетжапқыш жасап алып, қос түспен қос ару –  Айым мен Сайымның кейпіне еніп, айна алдында образға еніп жүретінмін. Кейінірек Алматыға келіп оқуға түстім. Онда менің санамда консерваторияда драма әртісін дайындайды, театр факультеті бар деген түсінік болған емес, тек әншілерді даярлайды деп ойлаған болуым керек, консерваторияға түсуден ат-тонымды ала қашқанмын. Сөйтіп, драма әртісін дайындайтын М. Әуезов атындағы екі жылдық студияға құжат тапсырдым. Шығармашылық емтиханда жаңағы «Айым мен Сайымды» орындағанымда студияның директоры Әзірбайжан Мәмбетов ағаның көзінен жас аққанша селкілдеп күлгені бар. Сол өнерім комиссия құрамына ұнаған болу керек, шығармашылық емтиханның алғашқы кезеңінен соң-ақ әйгілі халық суретшісі Гүлфайруз Исмайылова шақырып алып, «Сен қыз бірауыздан қабылдандың, саған бәріміз риза болдық» дегенде, төбем көкке сәл ғана жетпей қалды. Қабылданғандардың ішінде менің аты-жөнім бірінші қатардан оқылды. Міне сол екпінмен театр студиясында  екі жыл білім алып, жоғары бағаға аяқтап шықтым.

Әпке-жезде деп жүргенім әке-шешем болып шықты

– Айтуыңызға қарағанда, нағашы әжеңіздің тәрбиесінде болған сияқтысыз? – Иә, мен нағашы әжем мен атамның тәрбиесінде болдым. Әке-шешем алты айымда нағашымның бауырына салыпты. Алты айлық баланың есінде не қалады дейсің. Бәрінен бейхабар өстім. Өз әке-шешемді әпке-жезде деп таныдым. Бірақ, өсе келе іштей сезіп-ақ жүрдім. Өйткені, сол әпке-жездем атанып жүрген әке-шешем төркіндеп келе қалса, ата-әжем бол-болдың астына салып, үйден кетіруге асығатын. «Амандығымызды көрдіңдер, енді үйлеріңе қайтыңдар» деп. Алғашында мән бермеуге тырыстым. Алайда, басқа әпкелерім яғни, әжемнің өзге қыздары үйге келсе екі-үш күн жатып, демалып, бауырларын жазып, асықпай қайтатын. Әжелерім оларға ештеңе демейтін. Содан-ақ іштей түйсініп қалғанмын... Десек те, нағашыларыма бауыр басқаным соншалық өз ата-анамды мойындағым келмейтін. Тіпті, нағашы ағамды туған ағамдай сезініп кеткенмін. Сол ағамнан да көп өнеге алып өстім. Ол жастанып жатып кітап оқығанды жаны сүйетін.  Мен сол кісінің оқыған кітаптарын оқып жүретінмін. Ең алғашқы оқыған шығармам – Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» еді. Бұл шығарманы мен небәрі төртінші сыныпта оқыппын. Сонда сол ағам: «Бұл кітапты саған оқуға әлі ерте!» – деп ұрсатын.image-03-08-15-09-52 – Сонда әпке-жездеңіздің туған ата-анаңыз екенін сезсеңіз де, бұл туралы тіс жармай жүрдіңіз бе? – Тіс жармадым. Олар да ләм-мим деген жоқ. Солай уақыт өте берді. Кейінірек оныншы сыныпты аяқтап, Алматыға оқуға түстім. Оқуда жүргенімде «әпке-жездең өмірден өтті» деген суыт хабар жетті. Сол қаралы хабар ғана ата-анамды мойындатқандай болды. Туған ата-анамнан айырылғанымды сезіп, аласапыран күй кешіп, ауыр қайғырғаным  әлі есімде. Бертінде ағам сол шындықтың бетін ашып, туған бауырларыммен жақын қарым-қатынаста болуымды айтып, ақтарылды ғой...

Үш он жылда – үш биікті бағындырдым...

- Алғашқы шыққан үлкен сахнаңыз есіңізде ме? - Әлбетте есімде. Ол дипломдық жұмысымды қорғаудағы ойнаған образым ғой. Мен оқу бітіретін жылы өзіне жақын тұтқан ұстазым, белгілі режиссер Жақып Омаров  біздің Жамбыл облыстық драма театрға бас режиссер болып кетіп, оның орнына «Актер шеберлігі» сабағын Қадыр Жетпісбаев жүргізді. Қадыр аға дипломдық жұмысқа Қ. Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясын таңдап алды.  Біздің топпен қатар студияны тағы бір топ аяқтаған. Ол топтың  жетекшісі А. Лакшин дипломдық жұмысқа А. Арбузовтың «Домик на окрайне» деген пьесасы бойынша сондағы бас кейіпкер Надежда, Вера, Любовь деген үш қыздың есімімен «Үміт, Сенім, Махаббат» атты спектакль  қояды. Екі спектакльде де  басты рөлдер – алғашқысында ерке қыз Марфуғаны, екіншісінде Үмітті сахналадым. Сол екі күнге созылған дипломдық-спектакльдер Академиялық театрдың үлкен сахнасында қойылды. Көрермендер  залға лық толы болды. Соншалықты көпшіліктің алдында тұңғыш рет образда өмір сүргенім өзімді актриса ретінде сезінерліктей сезім сыйлағанын, сондағы толқыған тебіренісімді айтып жеткізе алмаймын. Әсіресе, соқыр қыз – Үміттің соғыс кезіндегі аянышты тағдыры жиналғандардың бәрінің көзіне жас үйірген еді. Сол образдарыма театр мамандары жоғары бағасын берді. – Сол студияны аяқтай салысымен еңбек жолыңызды осы облыстық қазақ драма театрынан бастадыңыз ба? – Иә! Оқуды бітірген жылы арнайы жолдамамен осында келдік. Басында тоғыз болатынбыз. Кейіннен көбі әртүрлі себептермен әр жаққа қызмет ауыстырды, сол тоғыздан  қазір жалғыз қалдым. Театрға келген  соң, студент кездегі  алып-ұшқан  жүрек, «артистпін, талантпын» деген көкірек бірден басылады екен. Театр өмірі мүлдем бөлек қой, өнердің қиын да қызық «қара жұмысы» басталды да кетті. Міне, жиырма жасымнан бастап осы өнер ордасында қызметтемін. Бірер жыл бұрын алпыс жылдығымды дүркіретіп жасап берді жергілікті облыс басшылығы. Сондай-ақ, сол мерейтойыма орай жеңіл көліктерін де мінгізді, сый-сияпаттарын жасады, жылы лебіздерін, ыстық ниеттерін үйіп төкті. Құдайға шүкір деймін, осы театрда барлық діттеген арман-мақсаттарыма жетіп, асар асуларымды астым. – Жақсы режиссермен жұмыс жасаған актер бақытты дейді. Сіздің театрдағы өмір жолыңыз қай режиссерден бастау алды? – Рас, менің де бұл бағытта жолым болды. Мен театрға келгенде, бас режиссер әрі ұстазым болған Жақып Омаров Қарағандыға ауысып кетті. Оның орнына Маман Байсеркенов  келді. Келді де, ол С. Жүнісовтің «Тұтқындар» пьесасын сахналап, маған «Миссис адвокат» деген эпизодтық рөл берді. Осылайша менің режиссермен жан-жақты жұмыс істеп, образға терең үңілу, театрдың не екенін шындап түсіну жолындағы жаңа кезеңім басталды. Маман аға өте қатал, қатты талап  қоятын режиссер еді. Басында қорқақтап жүргенім де жасырын емес. «Миссис адвокат» менің табиғатыма қайшы образ болды. Оған жүрісім, мінезім, сөйлеу мәнерім де мүлде сәйкеспейтін. Сонда да, Маман ағаның үлкен талапшылдығының арқасында образ ойдағыдай шықты. Қазір ойланып отырсам, театрға келе сала әр қырлы образға түсу ауыр жүк болғанымен, екінші жағынан зор бақыт та, берілген мүмкіндік те екен. Әйтпесе, актерді бір тұсынан ғана көріп, бір арнада ғана ойната берсе, оның тұла бойын «штамп» құрсаулап алып, басқа образға салғанда құлаш жаза алмай қалады. Осы жағынан алғанда, мені сан сынаққа салған Маман ағаға алғысым шексіз. Сол кісінің ықпалымен өнерге, әрбір кейіпте ойнауды меңгеруге деген ынта-ықыласпен қоса талмай іздену керектігін де түсіндім. Еңбексіз ешнәрсе жүзеге аспайды. – Сіз Халық әртісісіз. Жалпы, бұл атақ кез-келген өнер адамының арманы екені белгілі. Сізге қалай келді? – «Халық әртісі» атағы – маңдай термен келетін дүние. Мен бұл биікке өзімнің ізденісімнің, тынымсыз еңбегімнің арқасында жеттім. Жаңағы Маман Байсеркенов бізге әрі режиссер, әрі ұстаз болды десем қателеспеймін. Жалындап тұрған жаспыз ғой, талантыма тәнті болды ма, білмеймін, ылғи маған бас рөлдерді беретін. Содан  не керек, көзге ертерек түсіп үлгердім. Соның нәтижесінде 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым. Ол кезде небәрі жиырма төрт жаста едім. Одан кейін тура он жылдан соң «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағын алдым. Әлбетте, «жалғыз ағаш орман болмас» дейді ғой дана халқымыз. Бұл ретте ұжымымның да тигізген үлесі, қолдауы мен қорғауы орасан екенін айтып өту керек.  Енді атақ-абырой алған соң, сол дәрежеге лайық болып жүру керек деген қағиданы жете түсінгендіктен, жеткен биігіме мастанбай, қайта одан әрі қанаттана бердім. Содан болу керек, араға тағы он жыл салып, 1996 жылы «Халық әртісі» деген мәртебелі атаққа қол жеткіздім. Қарап отырсаңыз бұл марапаттарымның арасы он жылдан болып отыр. Бұл да бір сәйкестік шығар...

Ғайбат сөздер жүрекке талай салмақ салған

– Қателеспесем, сіздің «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағын алуыңызға «Тынық Дондағы» Наталья образының септігі тиген екен? – Айтып отырғаның орынды. Бірде сол Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясын екі кешке бөліп қоятын болдық. Бұл облыстық театр үшін ғана емес, қазақ театры үшін де үлкен жаңалық, серпіліс тудырған оқиға болды. Маған сол спектакльде Григорийдің әйелі Натальяны сомдау сеніп тапсырылды. Алайда, бұл образды шығару мен үшін сонша ауыр, қиын болғанын, тіпті рөлді игеру жолында талай жылаған сәттерімді де әлі ұмыта қойған жоқпын. Керек десеңіз, Наталья мен үшін алынбайтын қамалдай болып көрінді. Ойнаудан бас тартамын деген де кездерім де болды. Бірақ, режиссердің сенімін ақтау керектігін түсіндім. Түн іші «Тынық Дон» кинофильмін көріп, кітабын қайта-қайта оқып дайындала бердім. Ақыры, барымды салған «Наталья» талғампаз көрерменнен өзінің жақсы бағасын алып жатты. Театрдың 45 жылдығына орай Алматыға гастрольге барып, осы қойылымды сахналадық. Оны Москвадан арнайы келген театр маманы Ринамо Петрович тамашалаған болатын. Спектакльден соң әлгі кісі маған өз ризашылығын білдіріп: «Сенен жақсы актриса шығады» деп жоғары бағасын берген-ді. Міне, көз жасыммен жеткен Наталья бейнесі, оны сәтті алып шығуым мені одан әрі ынталандыра түсті. Бұдан кейін де, көптеген классикалық қойылымдарда басты рөлдерді сомдадым. Айталық, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Құртқаның, «Қаракөзінде» Қаракөздің, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Баянның, Ә. Әмзеевтің «Қара кемпірінде» қара кемпірді, И.Сапарбаевтың «Ауылдан келген аруында» Сәндігүлдің, И. Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» қойылымында Абайдың тоқалы Нұрғанымның, А. Бекбосынның «Өткелдегі шайқасында» Гүлжанның рөлдері және басқа да образдар менің шыңдалу жолымдағы баспалдағым әрі жетістіктерім де болды дей аламын. – Үнемі басты образдарды сомдай бергеніңіз әріптестер ішінде күншілдік, қызғаныш тудырмады ма? – Тудырғанда қандай. Актер болу үшін қажетті қасиеттерді тере берсек, бұл мамандық баптайтын құс секілді көрінеді. Мәпелеуді, аялауды, көңілге қылау түсірмеуді керек етеді. Әсіресе, жан тазалығы мен үлкен адамгершілік бұл салада алғы шепте тұрғаны абзал. Бұны бекер айтып отырған жоқпын. «Кемедегінің жаны бір» деген қазақ. Бірақ, бұл мәтел әртістер арасын алшақтататыны жасырын емес. Неге десеңіз, әріптестер ішінде де қызғаншақтық  пен күншілдік байқалмай тұрмайды. Соның бәрі шығармашылық дамуға кері әсер етеді. Мысалы, сахнаға шығып бара жатқанда артынан жаман сөз айтып, біреу қағытып қалса, «гримің жараспай тұр», «киімің онша емес» десе де халықтың алдына шыққанда сасқалақтап қаласың.  Ал сәл мақтап қалса қанат біткендей боласың. Анығында, күншілдік ойнайын деп тұрған образыңды бүлдіреді. Мен «Қаракөзде» ойнағанымда бұл келеңсіздіктер орын алған. Қызғаншақтар абыржыта мысқылдағаны жаныма қатты тиген. Натальяны сомдағанда да ересек актерлердің ғайбат сөздері жанымды талай қажаған. Сезімтал болған соң, болмашыға назаланғыш келесің ғой. «Мәкенге неге ылғи басты рөлді бересің?» деген сөздің өзі жүрегіме балтадай қадалатын. Бірақ, бәрін еңсеруге бекіндім. Сөйтіп жүріп, бас режиссер мен кезекші режиссердің бірдей сахналаған спектакльдерінде де қатар ойнап, ысыла түстім. – Сіздің арманыңызда қалған, ойнамаған рөл бар ма? – Әлбетте, әр актердің «осыны ойнасам, осыны ашсам» деген арманындағы образ болады. Мен үшін қашанда оқудан жалықпайтын жазушым – Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер – Анасындағы» Толғанайдың рөлі сондай биіктік болып қалды.

«Театр әртістері – жанкешті халық»

– Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктегелі өнер саласы да қолдаудан шет қалып жатқан жоқ. Алайда, қазіргі қазақ театрларының алдында  шешімін күткен мәселелер аз емес екендігі де белгілі. Сол «қайнаған қазанның» ішінде жүрген өкіл ретінде сіз не айта аласыз? – Рас. Бүгінде елімізде елуден астам театр бар көрінеді. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңнен бергі жылдардың жемісі десек те, осы өнер ордаларының, ондағы қызметтегі өнер адамдарының жай-күйі айтарлықтай мәз емес. Неге десеңіз, әсіресе, облыстық театрлардағы әртістердің халі мүшкіл деуге де болады. Олардың жалақыларының аздығы негізгі мәселе болып отыр. Жалақысы 40 мың теңгеге жетер-жетпес әртістердің жағдайы қайдан оңсын?! Біздің театрда қазір шығармашылық топтың жартысынан астамы – жастар. Олардың бұл табысы не пәтер жалдауға, не бала-шағасын асырауға жарамайды. Үйсіз-күйсіз жүрген әртістер халыққа, көрерменге қандай өнер көрсетеді? Бір риза болатыным, осы театр әртістері жанкешті халық болып келеді. Қанша жарымай жүрсе де, өнер ауласынан бір қадам алысқа ұзамайды. Бұл да болса нағыз өнерге берілгендіктің белгісі дер едім. Қайта, анау бір-екі ән жаздырып, той-томалақ қуып жүрген қаптаған әншісымақтар мен қара сөздің қадірін кеміткен тамадалардың ахуалы әлдеқайда жақсы боп жатыр. Әлбетте, бұл орайда олардың барлығына бірдей күл шашудан да аулақпын. Тек осындай облыстардағы театр әртістеріне жағдай жақсарар мүмкіншіліктер жасалса, олардағы кадр тапшылығы да жойылар ма еді?! Әйтпесе,  анау аты дардай Жүргеновті бітірген таланттар мен дарындылар қырық мың айлық жаққа қарай ат басын бұра қояр ма екен?!  Оған қатты күмәнданамын. – Қалай ойлайсыз, осы драмалық театрларға эксперимент керек пе? – Бұл – ойланатын мәселе. Эксперимент, әрине,  керек, бірақ бәрі өз орнымен болуы да жөн сияқты. Әйтпесе, қазір экспериментке негізделген театрлар көптеп ашылып жатыр ғой. Ол – солардың ұстанған бағыты. Жалпы, ол режиссердің талғам-талабына, шеберлігі мен біліктілігіне де байланысты екенін   ескергеніміз ләзім. Қолынан  іс келетін режиссер бәрін қоя алады.

Қали кемпір – қай жерде жүрсем де жанымда жүретін секілді...

– Сахнада жүргеніңізге қырық жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде қаншама қойылымдарда көптеген рөлдерді сомдағаныңыз белгілі. Әйтсе де, солардың ішінде жаныңызға ең жақын образдар десе, кімдерді елестетесіз? – Мен ғана емес, кез-келген актер үшін сомдаған қандай да бір  бейне санасына сіңісті болып, жүрегінен орын алып тұратыны белгілі. Себебі, әрбір кейіпкеріңді жан-тәніңмен беріліп ойнай алмасаң, халықты сендіре алмасаң, ол жасанды дүние болып қалады. Демек, ондай әртістің өнері де ұзақ жасай алмасы заңдылық. Барлық кейіпкерлерім  өзімнің маңдай терімнің нәтижесі болып келгендіктен, оларды бөліп-жара алмаймын. – Сонда да жүрекке ыстық әсерімен ерекше есте қалатындары болады ғой? – Жүрекке ерекше ыстық әсер еткен дейтін болсам, ол – мен үшін бірден-бір жаңағы «Тынық Дондағы» Наталья бейнесі. Ол образды алып шыққандағы еңбегімнің, төккен тер мен көз жасымның өтемі де болуы керек, әйтеуір, сол қойылымды Алматыға барып қойғанда да, халық барынша ризашылығын, алғыстарын арнап жатты. Ондағы Наталья бейнесі менің өмірімнің бір бөлшегі іспетті болып қалды. Сонымен қатар, Асқар Дүйсебаев сахналаған Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» термесінің желісі бойынша жазылған Әмір Әмзеевтің шығармасындағы Қали кемпір образы да мен үшін жүректің төрінде сақталған бейне болып қалмақ. Тіпті, сол Қали кемпір – қай жерде жүрсем де жанымда жүретін секілді, менімен бірге. Жаныма соншалықты сіңісті болып кеткен ғой.

Тағдырдың ауыр сынағын еңсеріп келемін...

– Енді өзіңіздің жеке өміріңізге қарай ойыссақ. «Менің сүйенген екі  бәйтерегім, екі тірегім бар. Рөлдің жақсы шығуы театрда – режиссердің еңбегі болса, үйде – отағасы Оразханның еңбегі»  деп едіңіз бірде... Оған қоса, актрисаның жолдасы болу да оңай емес. Ол үшін қызғаныштан биік тұрып, сабырлылықты жанға серік ету керек. Осындай қасиетке ие отағасымен танысып, табысқан шағыңызды еске түсіріңізші? – Иә, әйел баласының актерлік өмірі ер адамға қарағанда кедергілерге толы болып келетіні белгілі. Бұл қиындық менің де басымнан айналып өткен жоқ. Бұл туралы сосын тоқталайық. Мен Оразханды «Ореке» деп атаймын. Бұл, бір жағынан, еркелеткенім болса, екінші жағынан сыйлағандығымнан. Бізді тағдырдың өзі қосты. Мен Академиялық драма театрдың студиясында  жүргенде бір-бірінен ажырамас үш дос жігітпен таныстым. Олардың үшеуі де театрға құмар. Олардың театрсүйгіш қасиеттері бізді күнбе-күн жақындата түсті. Айырылмас дос болып кеттік. Олардың ішіндегі ең ұяңы Оразхан еді. Қыз бен жігіттердің достығының арасында сезім тұтанбай тұруы мүмкін емес қой. Оразханның маған сезімі оянғанын іштей сездім, бірақ сыр алдырмауға тырысып жүре бердім. Көп ұзамай мен осындағы Жамбыл облыстық театрына қызметке кеттім. Ал Алматының энергетика институтында оқитын Орекең артымнан жиі келіп тұрып, мен қатысқан қойылымдарды қалдырмай тамашалауды әдетке айналдырды. Солай байланысып жүріп алты жыл уақытты өткіздік. Содан ол бір келгенінде өз сезімін жайып салды. Ақырында ол осындағы «Химпром» өндірістік бірлестігіне жұмыс ауыстырып келді. Оразханға жолыққан сайын «Мен актрисамын, өнер адамына жар болу оңай емес» дегенді айтумен болдым. Десе де, жүрегінің ғазиздығын алты жыл бойы аңғартып баққан Орекеңе менің де көңілім құлай бастады. Сөйтіп не керек, 1976 жылы біз шаңырақ көтердік.  Маман аға мені туған қызындай етіп ұзатуға атсалысты. «Күдікшіл еркек актрисамен бақытты жанұя бола алмайтынын»  Маман аға да Орекеңе жеткізді. Онсыз да мәрт Орекең содан бері нағыз жомарт жанды жігіт екенін  танытумен келеді. Мен де отағасына  небір сын сағаттарда қолдау көрсетіп, қас-қабағына қарайлауды міндетіме алғанмын. – Тағдыр тауқыметі сіздерді де айналып өтпепті... – «Алла сүйген құлдарына сынақ береді» деп жатады ғой. Біз де сондай сынға душар болдық деп ойлаймын. Орекең аталмыш бірлестікте еңбек жолын шебер болып бастап, бірте-бірте  энергетик, онан соң цехтың бас энергетигі қызметтеріне сатылап көтеріле берді. Жұмыста, ұжымда өте абыройлы болды. 1987 жылы Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына химиктер  арасынан кандидаттар іріктелген кезде Оразханның да аты-жөні ерекше назарға іліккен еді. Алайда, дәл сол кезде аспаннан жай түскендей қиын жағдайға тап болдық. 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында жора-жолдастарымызбен бір үйге мерекелетіп жиналамыз дегенбіз. Мен қолғабысымды тигізейін деп ертерек кеткен едім. Орекең болса жұмыстан кештете шығып, асығып жүріп төртінші қабаттағы үй құлпының кілтін ұмытып кетеді. Кабинеттегі сейфте қалған кілтті алып келетін уақыт жоқ. Уәделескен мерекелік кешке тез жете қояйын, жұмыс киімін ауыстырайын деген ниетпен бесінші қабаттан төртінші қабаттағы үйіміздің балконына секіріп түспек болады. Алдында да осылай етіп жүрген ол, бұл жолы беліне арқан байлауды құнттамаған екен. Ескі пальтоның белдігін демеу көріп тәуекел ете бергенде, белдік үзіліп, жерге жалпасынан құлап түседі. Бесінші қабаттан құлаған оңай ма?.. Бірнеше күн аурухана төсегінде ес-түссіз жатты. Сондағы жан қиналысымды айтып жеткізе алмаймын. «Ең болмағанда үш қызымның әкесінің аман қалғанын тілеп, қасымда  қарайып отырса болды» деп жүрдім. Құдай тілеуімді берді. Оның аман қалуы үшін, барлық жолдастарымыз, жанашыр туыстарымыз, кәсіпорын да атсалысып, көмектесті.  Шақырмаған, қаратпаған дәрігер қалмады. Омыртқа, жұлын зақымданған екен. Қолдан келер амал болмады. Содан Орекең орнынан тұра алмады. «Мен сенің өнеріңе қанат бітіремін деп едім, енді саған масыл болғым келмейді» деп ақтарылған кездері де жиі болды. Мен оның  ондай сөздерді айтпауын, ешқашан жалғыз қалдырмайтынымды» айтып шырқырадым. Сол ауыр соққыны Орекең өзінің бойына біткен өмірге деген құштарлығымен, қажыр-қайратымен жеңіп келеді. Әлі күнге арбамен жүрсе де, ешқашан қол қусырып қарап отырмайды. Менің табысымды санап қалған емес. Бала-шағасының несібесін өзі табуға бекінген ол шағын кәсіппен айналысуға бел байлап, еңбектену үстінде. Машинаны да өзі басқарып, жүргізе береді. Тіпті, есейген қыздарымызды да жұмыспен қамтып, олардың табысына септігін тигізіп отыр. Менің де өнеріме ортақтасып, үйдегі дайындығымды саралап, кемшіліктерімді айтып отырады. – Сондай ауыр шақтарда сахнадан алыстап, театрды тастап кетпедіңіз бе? Қанша дегенмен төсек тартып қалған науқасты бағып-қағу да оңай емес қой... – Ондай ой болған. Бірақ, Орекең оған жол бермеді. Қарсы болды. «Сен үйдегі қиналған сәттеріңді жұмысыңа сездірме. Театрдың табалдырығын аттағанда күлімдеп кір, сыр берме!» – деп, қамшылап отыратын. Сондай намысшыл қасиетінің арқасында мен өнерімнен қол үзбедім. Десек те, ол кезде де қаншама қаңқу сөздің, күншілдердің күлкісіне  қалдым. «Ауру күйеуі үйінде жатыр, неменеге селтеңдеп, мәз болып жүр?» деген түрлі ауыр сөздерді естімеген болсам да, жаныма батқаннан кейде тығылып жылап алатынмын. Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Демеу болған ниеттес жандар да болды. Міне содан бері отыз жылдай уақыт өтті. Шүкір, барлық ауыртпашылықты еңсеріп келеміз. Кезінде сыртымнан сөз айтқандар, алдыма келіп кешірім сұрап, «Шыдамдылықтарыңа қайран қаламыз» деп жатады. Біз оларға: «Біздің махаббатымыз бәрінен биік, бір-бірімізге деген сенім мен сүйіспеншілігіміз арқылы әлі талай асулардан асамыз!» – деп жауап қайтарамыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан                              Жанғазы АХМЕТ,                              «Ақ жол».