Тараздың өз «Дордойы» болуы тиіс
Тараздың өз «Дордойы» болуы тиіс
Еліміздің дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы отандық кәсіпкерлердің алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Біріншіден, кез-келген мемлекеттің аталған ұйымға өте алмайтыны жауапкершілікті арттыра түссе, екіншіден, экономикалық үдерістің баяулап қалмауы үшін бәсекелестікті күшейту деген мәселе туындауда. Сауда ұйымына қосылуымыздың артықшылығы да бар. Қазірден қам-қарекет жасап, қамданатын мәселелер де жоқ емес. Солардың ішінде ең маңыздысы – отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі. Сапалы өнім қашан да сұранысқа ие болатыны белгілі. Және, экологиялық жағынан алғанда, таза, қоспасы аз табиғи тағам өнімдерінің бәсі жоғары тұратыны аян. Сондықтан, өнім өндірушілер осыған баса мән беруі керек. Сауда-саттық деңгейін көтерудің тағы бір жолы – ірі қалаларда және облыс орталықтарында көтерме бағамен тауар ұсынатын базар салу. Жасыратыны жоқ, бүгінде Тараздағы көптеген сауда орындарында, қала берді бірқатар аудандардың базарларында сатылымға шығарылып жатқан тауарлар көрші қырғыз елінің астанасы – Бішкек қаласындағы «Дордой» базарынан көтерме бағамен сатып алынған. Оның ішінде экспорттық және Қырғызстанда жасалған өнімдер де бар. Бағасы сапасына қарай. Десе де, көтерме бағамен алатын болғандықтан, саудагерлерге «Дордойдон» тасыған тиімді. Бізге де сондай базар керек. Сонда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер Бішкекке сабылмай, керегін тиімді бағамен Тараздан-ақ сатып алып, айналымға шығара беретін болады. Рас, қырғыз ағайын дүниежүзілік сауда ұйымына бізден бұрын мүше болды. Сондықтан, сауда-саттықта жинаған тәжірибесі едәуір. Бішкек қаласы көлемі жағынан шағындау болғанымен, онда бірнеше үлкен базар бар. Сол ірі сауда нысандарындағы сатушылардың көбісі тауарды «Дордойдон» алады. Көтерме бағамен сатып алып, үстіне үстеме қосып, саудалауда. Соның өзінен-ақ табыс тауып, нәпақасын айыруда. Бастысы – салыққа төленетін тиын өз елдерінде қалуда. Сауда саясатында бәсекелестік алда жүреді. Тауар айналымында ірі, ұсақ деген дүние болмайды. Маңыздысы – өнімнің сұранысқа ие болуы. Бағаның қолжетімділігі де үлкен рөл атқарады. Желілік саудаға көшкен ірі супермаркеттер мұны жақсы біледі. Сол үшін екі-үш ай аралатып, жеңілдіктер акциясын ұйымдастырып отырады. «Қымбат тауар алсаң, екіншісін жеңілдікпен сатып ала аласың» деген жарнаманың сатып алушының санасына қалай әсер ететінін аңғарғандықтан, солай істейді. Бұл жерде тұтынушы да, сатушы да ұтылмайды. Мұны уақыттың өзі дәлелдеген. Сондықтан, Таразда «Дордой» секілді базар ашылса, оның тұтынушылары көп болатыны анық. Жалпы, дүниежүзілік сауда ұйымының ел дамуы мен экспорттық көкжиегіміздің кеңеюіне қосар үлесі көп. Қазірдің өзінде еліміз әлемнің 200-ге жуық мемлекетімен экономикалық тығыз қарым-қатынас орнатқан. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің ұлғая түсеріне сенім мол.
Сырым Нұртай,
байланыс саласының ардагері.