Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін арқалаған
Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін арқалаған
Тоқбала Құрмашева туралы үзік сыр Пәленшесінші съездің делегаты, Еңбек ері, еңбек екпіндісі, стахановшы... Қазір біз үшін бұлар архаизмге айналған терминдер. Ал Кеңес өкіметі кезінде осындай үгіт-насихат сөздер қаншама жанға жігер берді. Бейбіт күннің майданында өз кәсіптерінде жеңіске жетулеріне сеп болды. Жеңіл өнеркәсіп саласына сіңірген еселі еңбегі үшін Ленин орденімен, Құрмет белгісімен және оннан астам түрлі медальмен марапатталып, Мәскеудің Кремль сарайында өткен КПСС-тің ХХІІІ одақтық съезінің делегаты атанған Тоқбала Құрмашева да биік белестерді бағындырудың бағдаршамы іспеттес болған осындай сөздердің жетегінде өсті. Жора-жолдастары, әріптестері Валентина атап кеткен іскер ару Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданы, Огневка ауылында дүниеге келген. Мектеп оқып жүріп-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан ол білім ошағын тәмамдасымен ауылындағы кеніштің комсоргы болып жұмыс істейді. Мұнан соң жолдама арқылы Жоғарғы партия мектебіне жіберіліп, Зайсан қалалық комсомол хатшысы атанады. Бұл қызмет Тоқбала Құрмашева үшін өте жақсы мектеп болды. Әрі ол мұнда өзінің іскерлігімен ғана емес, жан-жақтылығымен, өзге де жақсы қырларымен көзге түседі. Еңбегіне орай, қызметінде де тасы өрге домалай түседі. Бір емес, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, партияның облыстық, аудандық бюро мүшесі болып сайланады. Ал 1953 жылдан бастап Валентинаның қызметінде тіптен тың кезеңдер басталды. Өйткені ол осы жылы жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласына ауысқан еді. Қазақ КСР-індегі ең ірі шұлық фабрикасының директоры қызметін атқарды. Донбасстан көшірілген Володарский тоқыма фабрикасының басшылық қызметіне 20 жылдай уақытын арнады. Дәл осы жерде жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін арқалаған арудың нағыз басшыға тән қырлары айқындала түсті. Ол басқарған фабрика Кеңес одағындағы алдыңғы қатарлы өнеркәсіптің біріне айналды. Аталмыш фабриканың өнімдері тұңғыш рет экспортқа шыға бастады. Мұнан кейінгі Тоқбала Құрмашеваның он бес жылы (1970-1985) Жамбыл тоқыма фабрикасының директоры қызметіне арналды. Осы жылдар ішінде бұл фабриканың да даңқы артып, жұмысы жандана түсті. Жеңіл өнеркәсіп саласын өрге домалатқан нәзік жанды іскер әйел жолдасы Кенжехан Жұмаділовпен 60 жылдан астам бірге өмір сүріп, 5 ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Олар да бүгінде аналары секілді өз мамандықтарының шыңынан көрінуде. Үшеуі медицина ғылымының докторы атанса, бірі – құрылыс мекемесінің басшысы, енді бірі – су шаруашылығында елімізге танымал құрметті азамат. Биыл 90 жасқа қараған шағында бақилық болған Тоқбала Құрмашева 12 немере мен 12 шөбере сүю бақытына ие болды.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».