Әлеумет

Зейнетақы орталығы – зәулім ғимаратта

Зейнетақы орталығы – зәулім ғимаратта

Жайлы жұмыс орны қызмет сапасының жақсаруына септігін тигізері анық. Алдағы уақытта Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының облыстық филиалы Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінде жұмыс сапасы жақсара түсетініне сенім мол. Себебі, орталық қызметкерлері жуырда Құлан ауылындағы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген зәулім жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимараттың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының қызметкерлерін жаңа зәулім қоныстарымен құттықтап, ендігі жерде халыққа сапалы жұмыс көрсету керектігін айтты. Сондай-ақ, адал қызмет атқарып, абыройға кенелулеріне тілектестігін білдірді. Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының бас директоры Біржан Жүнісов те жаңа қонысқа көшкен Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық қызметкерлерінің алдағы уақытта аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтере отырып, халықты әлеуметтік қорғау ісінде алдыңғы қатардан көрінетініне сенім білдірді. Сала мамандарына әлеуметтік-экономикалық қайта құрудың мәнін түсіндіріп, оларды жаңа зейнетақы жинақтау жүйелерін одан ары жетілдіруге, дамытуға өз үлестерін қосуға шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық ғимаратының зәулім келбеті аудан орталығының көркіне көрік қоса түсетінін айтып, сала қызметкерлерінің еңбектеріне жеміс тіледі. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бастаған қонақтар мен аудан тұрғындары бөлімшенің жаңа ғимаратын аралап көрді. Зәулім ғимаратқа қоныс тепкен бұл бөлімше қызметкерлері алдағы уақытта халыққа сапалы қызмет көрсетіп, жұмыстары жергілікті жұртшылық көңілінен шығады деген ойдамыз.

Нұрболат Әлдибеков,

"Ақ жол".

Т.Рысқұлов ауданы.