Экономика

Жазда жөнделген жол сапалы

Жазда жөнделген жол сапалы

Мемлекетіміз халықаралық, республикалық, жергілікті мәндегі автомобиль және елді мекендердегі жолдарды қалпына келтіру, жаңасын салуға қыруар қаражат бөлуде. Мұның өзі қозғалыс қауіпсіздігін жақсартумен қатар, жолаушылардың діттеген жеріне жылдам жетуіне, уақытын үнемдеуге игі ықпалын тигізуде. Ортақ іске «Армстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өзіндік үлесін қосып келеді. Біздің ұжымның ұраны – мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған келісім-шарттарды уақтылы әрі сапалы орындау. Соның нәтижесінде бізге жыл сайын аймақтағы ірі нысандардың құрылысы сеніп тапсырылуда. Серіктестік биыл үш нысанда орта жөндеу жүргізді. Жол жөндеуге ерте кірісіп, өзімізге бекітілген телімдердегі жұмысты толық, мерзімінен бір ай  бұрын аяқтадық. Байзақ ауданының аумағындағы аудандық мәндегі «Дихан-Жеңіс» автомобиль жолының 7 шақырым 800 метрін орта жөндеуден өткізуді 2014 жылы ұтып алғанбыз. Нысан үстіміздегі жылға өтпелі. Таяуда оның құрылысы толық аяқталды. Қазір оны жұмысшы комиссия қабылдауда. Одан кейін ол мемлекеттік комиссияның қабылдауына ұсынылады. Сарысу ауданының аумағындағы аудандық мәндегі 7 шақырым 200 метр «Түркістан–Үшбас» автомобиль жолының сапасына жұмысшы комиссия жақсы баға берді. Жамбыл ауданының аумағындағы «Аса–Қарабастау» бағытындағы 2620 метр жол күннің ыстық кезінде сауықтырылды. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылы тендерде ұтып алған 140 миллион теңге толық игерілді. Біз бұған жұмысты дұрыс ұйымдастыру және материалдық-техникалық базамызды нығайту нәтижесінде қол жеткізудеміз. Жамбыл ауданының аумағындағы Айша бибі ауылында тәулігіне 300-400 тонна асфальт шығаратын зауытымыз бар. Жол жөндеуге өз материалымызды қолданамыз. Биыл қуатты техника саны 65 бірлікке жетті. Тек үстіміздегі жылы жаңа 4 техника сатып алдық.  Компанияда 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа айлық-жалақы – 90 мың теңге. Жолшылардың алаңсыз әрі өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалуда. Шалғайда жұмыс істейтін құрылысшылар жылжымалы вагондарда тұрады. Жұмысшылардың барлығы – жергілікті азаматтар. Олар жыл-он екі ай жұмыспен қамтылғандықтан, кадр тапшылығын да бастан кешіріп отырған жоқпыз.

Лилия БУЛАТОВА, «Армстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің телім басшысы. Тараз қаласы.