Экономика

Еріншек егіншіден ерінбеген масақшы озады

Еріншек егіншіден ерінбеген масақшы озады

тапсырмалар уақтылы орындалуы тиіс

Облыс әкімі аппаратының кезекті отырысы науқандық жұмыстарға – егін орағы мен күзгі егіс-дала жұмыстарының әзірлігіне арналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зиятхан Өмірәлиев өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Мәліметке сүйенсек, биыл облыс бойынша егін шаруашылығын субсидиялауға  2 962,2 миллион теңге қарастырылыпты. Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 584,2 мың гектарға орналастырылып, жоспар 26,5 мың гектарға немесе 4,8 пайызға артық орындалған. Оның ішінде, дәнді дақыл – 241,6 мың, майлы дақыл – 91,5 мың, қант қызылшасы – 6,1 мың, дәндік жүгері – 15 мың, көкөніс – 25 мың, бақша – 10,3 мың, картоп  – 7,9 мың және 186,8 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары орналастырылған. Соның ішінде, облыста қант қызылшасын өсіру көлемін арттыру жоспарланған болатын. Алайда, арнайы ауыл шаруашылығы техникасының жоқтығынан, күзде сүдігер жырту толық әрі талапқа сай орындалмағандықтан және тұқым сапасының төмен болуынан  биыл егілген қызылша талапқа сай өнбей қалған. Ал су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Егер 2014 жылы су үнемдеу технологиясы 5 мың гектарға жуық алқаптарға орнатылса, биыл 8,1 мың гектарға жеткен немесе 1,7 есеге артқан. Үкімет тарапынан егін орағы және күзгі  дала жұмыстарын жүргізу үшін  кепілді 15 000 тонна дизель отыны бөлінген. Облыс бойынша астық оратын 1024 комбайн тіркелсе, қазір оның 1014-і астық ору науқанына қатысуда. Ал механикаландырылған қырмандардың саны 102 болса, оның 98-і, 3050 жүк автокөлігі, 2973 трактор тіркемесі егін жинау науқанына қатысуда. Сонымен қатар, 179 таразының 171-і жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша 241,6 мың гектар масақты дәнді дақылдың бүгінде 206,1 мың гектары орылып, орташа өнімділігі гектарына 15,8 центнерді құраған. Барлығы 324,9 тонна дән бастырылған. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм аудандарының дихандары егін орағын аяқтаса, Шу, Меркі, Сарысу, Жуалы және Талас аудандарының дихандары егін орағын тамыз айының бірінші он күндігінде бітірмек. Талқыға түскен тақырыпқа қатысты көптеген мәліметтерді алға тартқан басқарма басшысының міндетін атқарушыға облыс әкімі бірқатар сұрақтар қойып, саланы дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы астықтың түсімі екі есе көп екенін ескере отырып, астық сақтайтын, әсіресе, бидай қамбаларының дайындығы қай деңгейде екенін нақтылады. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қос бірдей қант зауыттардың жұмысына жан бітіріп, егіс алқаптарына қажетті көлемде қант қызылшасын отырғызып, белгіленген межені орындаумен қатар, облыстың оған деген сұранысын толықтай қамтамасыз ету жұмыстарын орындау керектігін баса айтты. Бұл мәселеге байланысты нақты жоспар құрылып, жіті назарда болуы керектігін тапсырды. Аппараттық кеңесте қаралған келесі мәселе – облыс әкімдігі басқармаларының басшылары мен аудан әкімдіктері аппараттарындағы атқарылған жұмыстардың жайы. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына жасалған талдау қорытындысымен облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев таныстырды. Жалпы, талдау нәтижесінде көптеген басқарманың бірінші басшылары мен аудан әкімдіктерінде орындаушылық тәртіп назардан тыс қалғандығын көрсетіп отыр. Облыстық әкімдікте өткен түрлі жиындар мен аппараттық кеңес хаттамаларында көрсетілген және Үкіметтен түскен тапсырмаларды орындамау және уақытынан кешіктіріп орындау фактілері орын алған. Аппарат басшысы Рахметілдә Сегізбайұлы осы секілді түрлі кемшіліктерге жол берген бірқатар басшылар мен олардың жауапты орынбасарларына тиісті жаза қолдану туралы ұсыныс айтты. Облыс әкімі елге қызмет етуде өз міндеттеріне салғырт қараған тұлғаларға барынша қатаң жаза қолдануға тапсырма берді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».