Бас прокуратура құқық қорғау органдарын реформалау мәселелері жөніндегі интернет-сайтты іске қосты
Бас прокуратура құқық қорғау органдарын реформалау мәселелері жөніндегі интернет-сайтты іске қосты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура Мемлекет басшысы жариялаған бес институционалдық реформаларды және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізуде.
Қадағалау органы мемлекеттік басқару, сот төрелігі, сондай-ақ заң үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын әзірледі және оларды Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия қолдады. Атап айтқанда, алқабилер институтын жетілдіру, тергеу әрекеттеріне санкция беру жөніндегі прокуратураның функцияларын біртіндеп тергеу судьяларына беру, азаматтық-құқықтық даулардың жекелеген санаттары бойынша прокурорлардың сотқа қатысуын қысқарту жөнінде ұсыныстар енгізілді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Бас Прокурор атап өткендей, көзделген мақсаттарды тиімді жүзеге асыру қалың жұртшылықтың қатысуынсыз және олардың қолдауынсыз мүмкін емес. Көп жағдайда түпкі нәтиже реформалардың негізіне алынған идеяларды халықтың қалай қабылдағанынан және оларды қолдағанынан тәуелді болады. Сондықтан азаматтардың осы жұмысқа белсенді қатысқандары маңызды болып табылады.
Бүгін осы іске қосылған «Құқық қорғау органдарын реформалау» атты интернет-сайт (www.rpo.kz) та осы мақсатты көздеп отыр. Мұнда кез келген азамат құқық қорғау жүйесін реформалау және заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын қалдыра алады.
Интернет-платформаны құрудың басты мақсаты - халықты құқық қорғау органдарын жаңғырту жөніндегі жұмысқа тарту, құқықтық жүйені сапалы жаңарту мәселелеріне бей-жай қарамайтын азаматтардың барлығымен сындарлы сұхбат жасау болып табылады
Сайтты пайдаланушыларға тиімді болуы үшін форумда үш бөлім қарастырылған. Біріншісі азаматтардың құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты реформаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын жинау үшін құрылған. Екінші бөлімде азаматтар Ұлт жоспарының орындалуына бағытталған ұлттық заңнаманы реформалау бойынша ұсыныстарын қалдыра алады. Ал үшінші бөлімде халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып құқық қорғау органдарының реформасын жүргізу бойынша ұсыныстар жинақталып, талқыланады. Сайтта жұмыс істеу тәртібі сәйкес нұсқаулықта мұқият көрсетілген, осыны басшылыққа ала отырып тақырып ашуға немесе бұрынғыларына пікір қалдыруға болады.
ақпарат көзі kazinform.kz