Денсаулық

ҚХА аясында халықаралық медиация орталығын құру жоспарлануда

ҚХА аясында халықаралық медиация орталығын құру жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Этникааралық дау-дамайларды шешудің жаңа әдістемесін қалыптастыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында халықаралық медиация орталығын құру жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова мәлім етті.

«Бізде бұл бағытта өзгеше концептуалдық шешімдеріміз бар. Біздің медиация орталығымыздың мақсаты этникалық  даулардың алдын алуға бағытталады. Біздің ойымызша, басты медиаторлар ретінде ҚХА-ның қоғамдық құрылымдары қатысатын болады. Шетелдік әріптестерімізге қарағанда, біздің тәжірибеде басқаша құралдар қолданылады. Оларда медиация «ауруды» емдеу болса, бізде оны болдырмаудың амалдары қарастырылады», - деп атап өтті Н.Калашникова.

Медиация орталығын құру «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасының аясында жүзеге асырылады.

«Ол дербес институт болады. Оның басты міндеті - белгілі бір қайшылықтар мен дау-дамайларды болдырмаудың құралдары мен тетіктерін іздеу. Біз қазір қарама-қайшылықтар туындаған жағдайда оларды шеше алатын ақсақалдар кеңесін құруымыз қажет», - дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, ақсақалдар кеңесі 2018 жылға қарай құрылады. Ал 6-7 тамызда шетелдік мамандардың қатысуымен медиация орталығын құру бойынша алғашқы келіссөздер басталады.

ақпарат көзі kazinform.kz