Жамбыл теміржолшылары топ басында
Жамбыл теміржолшылары топ басында
Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына енгізуде көлік жүйемізді әлемдік жүйеге кіріктірудің маңызы орасан. Сондықтан да бүгінде бұл сала алдына тасымал мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздегі темір жол желісін жаңарту, қозғалыс қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдік стандарттар талабына сәйкестендіру міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы Елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады», – деп ерекше атап көрсеткені белгілі. Бұл бағытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл бөлімшесінде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бөлімше үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысында жақсы өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамындағы 14 бөлімше арасында рейтинг бойынша екінші орынды иеленді. Әлбетте, бұл жетістік ұжымды келешекте жаңа биіктерді бағындыруға жігерлендіреді. Жамбыл жол бөлімшесінің директоры Дәулетбай ЕСІМБЕКОВ филиалдың бүгінгі тыныс-тірлігі туралы әңгімелейді. Екінші желі әлеуетімізді еселейді
Темір жол – күрделі технологиялық кешен. Ол – экономиканың күретамыры, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Еліміздегі халық шаруашылығы жүктерінің 60 пайыздан астамы болат жолмен тасымалданады. Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен және тікелей басшылығымен бұл саланы әлемдік деңгейдегі көлік-логистикалық компанияға айналдыру жолында жаңа темір жолдар салынып, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында көлік-логистикалық жобаларды іске асыруға қатысты нақты тапсырмалар берілген. Осыған орай ағымдағы жылы «Шу-Алматы-1» темір жол телімінің екінші желісінің құрылысын жүргізу және электрлендіру жұмысы басталды. Жаңа екінші темір жол желісін салу арқылы жолдың өткізу қабілеті қазіргі 25 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға артады. Сондай-ақ жүк пойыздарының жүру уақыты екі есеге қысқарады. Жобаны жүзеге асыру барысында басты 110 шақырымдық жол салынып, оның бойында 92 инженерлік құрылғылар орнатылып, 22 темір жол көпірі, 2 жол өткелі салынады. Оның ішінде Жамбыл жол бөлімшесі бойынша 49 шақырым басты жол салынып, телімдегі оның өткізу қабілеті жолаушылар пойызын қоспағанда тәулігіне 68 жұп жүк пойызына дейін артады. Соның нәтижесінде 66 жаңа жұмыс орны ашылады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында темір жол машина жасау саласы құрылып, ең соңғы үлгідегі тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушылар таситын вагондар шығарылуда. Астанада американдық және қазақстандық бірлескен кәсіпорындар шығарған ең соңғы үлгідегі 7 «Эволюшн» тепловозы таяуда біздің Жамбыл жол бөлімшесіне беріліп, Жамбыл және Шу локомотив пайдалану депосы қолданысқа енгізді. Онда машинистердің алаңсыз, өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл тепловоздар қазір «Жамбыл-Қаратау-Жаңатас» және «Шу-Шығанақ» бағыттарында жүк және жолаушылар тасымалдаумен шұғылдануда.
Инновация – бәсекеге қабілеттілік кепілі
Жамбыл жол бөлімшесінде негізгі өндірістік қорларды жаңарту қарқынды жүргізілуде. Шетелдерден заманауи үлгідегі техника сатып алынуда. Еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту мақсатында инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Мұның өзі жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартып, жүк және жолаушылар тасымалы көлемін өсіруге игі ықпалын тигізуде. Өткен жылды табысты қорытындылаған ұжым үстіміздегі жылдың 6 айында да тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Алғашқы жартыжылдықта алға қойған тапсырмалар толық орындалды. Бірқатар бағыттарда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. Дегенмен, әлемдегі қаржы дағдарысы еліміздің темір жол саласын да айналып өткен жоқ. Соның салдарынан 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұмыс көлемі біршама азайды. Біздің бөлімше қызмет көрсету бойынша 16 көрсеткіштің біреуін, яғни жүк айналымы жоспарын орындай алмады. Осы мерзімде 47099 вагонға 3146000 тонна жүк тиелді. Бұл жоспардағыдан 2,3 пайыз артық. Жүк тиеу көлемінің 33,1 пайызын химиялық тыңайтқыш құрап, оны тасымалдау жоспары 4,2 пайызға асыра орындалды. Химия өнімдерімен қатар мұнай, металдан жасалған заттар, құрама жүктер, контейнердегі жүк және басқа да маңызды жүктерді тиеп, жөнелту көлемі өсті. Осы мерзімде 46923 вагоннан жүк түсірілді. Бұл тапсырмадағыдан 10,3 пайыз артық. Жоспар басқа да бірнеше көрсеткіштер бойынша асыра орындалды. Локомотивтерді пайдалану көрсеткіштері бойынша тәуір нәтижеге қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың 6 айында бөлімше жоспардан тыс 888,5 мың тонна жүкті тасымалдауға мүмкіндік берген 1800 ауыр салмақты пойыз жөнелтілді. Бөлімшеде кейінгі кезде ескі жабдықтарды жаңасымен алмастыруға қыруар қаражат бөлінуде. Алғашқы жартыжылдықта жолды және оның құрылғыларын күшейту бағытында шаруашылық әдіспен станса жолдарының – 13, жоспардан тыс 0,4 шақырым болат жолға күшейту-орташа жөндеу жүргізілді. Шаруашылық әдіспен 8,028 шақырым түйіспесіз жолға білеулер төселді, 2 шақырымда ескі шпалдар ауыстырылды. Сондай-ақ, 9 жиынтық жаңа ауыспалы ағаш білеу алмастырылды. Жол дистансалары 1 және 2 типті 22418 жаңа шпал және темір-бетонды 664 шпал төседі. Осы мерзімде жол бойына 7,5 шақырымда малдан қоршау салынды. Сөйтіп, белгіленген жоспар 125 пайызға орындалды. Жол дистансаларының күштерімен жоспардан тыс жол бойындағы 33,3 шақырым малдан қоршау жөнделді. Бұрын болат жолда жұмыстың дені қолмен атқарылатын. Қазір бұл жұмысты жоғары өнімді алып техника атқарады. «ДУАМАТ» кешені жарты жылда 616 шақырым рельстерді түзетті. «РМ-80» машинасы 40 шақырымда шағал тасты терең тазалаудан өткізді. «ПРБ» машиналары 158 шақырымдағы жолды өңдеді. «ПРСМ» дәнекерлеу машиналары арқылы түйіспесіз жолдың 1224 түйіспесінің тұтастығы қалыпқа келтірілді. «УНИМАТ» техникасы 231 шақырымда бұрмалы бағыттамаларды түзетті. «Атлас» – рельсті егейтін машина. Онымен 86 шақырымда рельс егелді. «МКТ-15» машинасымен – 480, «МФС» машинасымен – 5400, «МОК» машинасымен 42 текше метр балласт ойығы кесілді. «ЩОМ-4М» машинасымен 60 шақырымда жол көтеріліп, «ВПО-735» машинасымен 28 шақырым жол түзетілді.
Жүк айналымы артады
Еліміздегі жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың көпшілігі географиялық орналасуына қарай біздің аймақ арқылы өтеді. Мұның өзі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру жолында қолға алынып жатқан шаралар ықтимал апаттарды болдырмауға игі ықпалын тигізуде. Бөлімшеде пойыздардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беруде. Мұнда үстіміздегі жылдың 6 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда пойыздар қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуы – 6, ақаулар орын алуы 8 оқиғаға (3 есеге) азайған. Мемлекетіміздің экономикасы қарыштап дамуына байланысты бұл салаға да үлкен міндеттер артылуда. Солардың бірі – жүк тиеу көлемін және ауыр салмақты пойыздарды көбейту болып табылады. Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне берілуде. Мойынқұм ауданындағы Мыңаралдағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» 1 миллион 300 мың тоннаға жеткізуді көздеуде. «Хантау» цемент зауытында биыл 350 мың тонна цемент өндіріледі. Қаратаудағы «Талас инвест компани» ЖШС аяуда натрий цианидін өндіре бастайды. Келешекте «Тараз химия паркі» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындар іске кіріседі. Ол өнімдер тиісті жерге темір жол арқылы жеткізіледі. Бұл жүкті кідіріссіз тасымалдауға бөлімшенің әлеуеті толық жетеді.
Әлеуметтік қажеттіліктерге – ерекше назар
Жамбыл жол бөлімшесі аймақ экономикасын өркендетуге зор үлесін қосумен қатар, облыстық әкімдікпен бірлесіп, түрлі қоғамдық саяси, мәдени көпшілік, қайырымдылық және спорттық іс-шараларға белсене қатысып келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз қаласының Байзақ батыр көшесінде орналасқан екі көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу және әрлеу, көше бойындағы күл-қоқысты тазалау, ағаштарды әктеу жүргізілді. Компания өз қызметкерлеріне емделуге және демалуға материалдық көмек көрсетеді. Басқа да кең көлемді жеңілдіктерді қамтитын әлеуметтік қажеттіліктерге кепілдік береді. Зейнеткерлерге, ардагерлерге тұрақты қамқорлық жасайды. Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай соғысқа қатысқан және оған теңестірілген ардагерлерге қомақты қаржылай көмек көрсетілді. – Ертең сіздердің кәсіби мерекелеріңіз... – Бүгін осы мүмкіндікті пайдаланып, облысымыздағы және еліміздегі барша әріптестерімді кәсіби мерекеміз – Көлік қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларына амандық және игілік тілеймін.
Әңгімелескен Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».