Экономика

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – бұл еліміздің бүкіл еңбек етуші халқы қатысатын, есеп беру, ашық қызмет, этикалық тәртіп, мүдделі тараптардың мүдделеріне құрмет көрсету, заңды басшылыққа алу және адам құқықтарын сақтау қағидаттарын берік ұстанатын әлеуметтік жауапкершілікті ұйым.   2014 жылғы 20 қараша күні БЖЗҚ-ның Директорлар кеңесі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 2015-2019 жылдарға корпоративтік даму стратегиясын бекітті. Бекітілген стратегия аясында Қордың алдағы бес жылдыққа арналған негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Онда көрсетілетін қызметтер сапасын салымшыларға (алушыларға) дербес қызмет көрсету жүйесін дамыту есебінен халықаралық стандарттар деңгейіне дейін өсіру, қордың электрондық қызметтер желісін одан әрі кеңейту, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру басымдыққа ие болды. Ағымдағы жылдың 01 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны шарттардың барлық түрлері бойынша 10 043 572 бірлікті құрады. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,92 трлн. теңгеден асып түсті. БЖЗҚ-ның 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығындағы алынған және салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына бөлінген инвестициялық табысы 141,41 млрд. теңгені құрады. Жамбыл облысы бойынша 01.07.2015ж. жағдайға сәйкес жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 411 622 адам тартылған, бұл облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 72,91% құрайды. Жамбыл облысы бойынша жинақталған зейнетақының жалпы сомасы 165 579 908 мың теңгені құрайды. Ал облыстың 01.07.2015ж. бойынша экономикалық белсенді тұрғындарының саны облыстық Статистика департаментінің мәліметіне сай 564,5 мың адамды құрайды. Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 2014 жылы барлығы 784,4 млрд. теңгеге өсті, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі (ЖЗЖ) бойынша салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-на бөлінген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 234,4 млрд. теңге мөлшерінде болды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 2014 жылғы табыстылығының жылдық көрсеткіші 6,3% құрады, ол ЖЗЖ бойынша 2013 жылғы 2,2% жылдық көрсеткіштен айтарлықтай асып түседі. 2015 жылдың 6 айы ішінде БЖЗҚ-дан берілген зейнетақы төлемдерінің сомасы 73,80 млрд. теңгені құрады, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылған сомалардың мөлшері 7,55 млрд. теңгені құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша шартқа отыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Жыл бойына алушылардың осы санаты үшін 328 105  ЖЗШ ашылды. Осындай ЖЗШ-лар бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 26,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік желі Салымшылардың (алушылардың) жинақтаушы зейнетақы қорының өңірлік бөлімшелеріне тікелей келіп өтініш жасауы - қызметтерге қол жеткізудің әлі де бірден-бір кең тараған әдісі. БЖЗҚ-ның өңірлердегі кеңселерінің саны өткізілген зерттеулердің нәтижелеріне негізделген. Қазақстан Республикасы өңірлерінің экономикалық тығыздығы жоғары дәрежелі дифференциациясымен ерекшеленеді, ол қызмет көрсету кеңселерінің аумақтық бөліктерге орналастырылуынан көрініс тапқан. БЖЗҚ қызмет көрсету кеңселерінің жұмыстарына үнемі талдау жасап отырады, салымшылардың (алушылардың) жасаған өтініштерінің саны бойынша тарихи деректерді талқылап отырады, сондай-ақ Қордың қызмет көрсету орталықтарының саны халыққа дұрыс қызмет көрсете алатындай тиімді болуы үшін кеңселердегі жұмыс көлеміне үнемі шолу жасап отырады. 2015 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының  өңірлік желісі 236 қызмет көрсету кеңселерінен құралған. Қордың өңірлік желісіне әрбір облыс орталығында, республикалық маңызға ие қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ облыс қарамағындағы ірі қалаларда (Жезқазған, Семей) бір-бірден барлығы 18 филиал кіреді. Жамбыл облысы бойынша 13 қызмет көрсету орталығы ашылған, оның ішінде Тараз қаласында -2, аудандарда - 11. Барлық филиалдар мен көптеген қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден бастап кешкі сағат 19-ға дейін үзіліссіз және сенбі күндері таңғы сағат 9-дан күндізгі сағат 13-ке дейін жұмыс істейді. Салымшыларды хабарландыру «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын орындау аясында, ЖЗШ туралы ақпарат салымшының (алушының) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішке немесе ақпарат алу тәсілін өзгерту/белгілеу туралы келісімге қол қойған кезде өзі таңдаған әдісі бойынша беріледі. 2015 жылғы 01 қаңтардағы жағдай бойынша: өзі келгендер – шамамен 3 миллион адам; электрондық пошта арқылы – шамамен 300 мың адам; интернет байланысы арқылы – шамамен 400 мың адам; пошта арқылы – 3 миллионнан астам адам; БЖЗҚ онлайн Қызметтерді іске асыруда қолжетімділігі мен үнемділігі үшін интернет ең тиімді де таптырмас әдіс болып есептеледі. Салымшылар үшін бұл Қормен үнемі байланыста болудың ең ыңғайлы тәсілі. Ол уақытыңызды айтарлықтай үнемдеп, БЖЗҚ қызметі мен өз зейнетақы шотыңыздың жай-күйі туралы ақпаратты тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн бойы қордың www.enpf.kz  сайты немесе ұялы телефон арқылы алуға мүмкіндік береді.    Android және iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс жасайтын смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF мобильдік қосымшалары БЖЗҚ мамандарының өз күшімен әзірленген және салымшылар (алушылар) арасында ерекше сұранысқа ие. Мобильдік қосымша іске қосылғаннан бастап 2015 жылғы 1 маусымға дейін 45 000-нан астам жүктеу жасалған. Бұл қосымшаны өз ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алуды таңдаған салымшылар (алушылар) пайдалана алады. Оны қуаттау үшін салымшының «БЖЗҚ» АҚ сайтына кіру үшін пайдаланатын логині мен паролі қолданылады. Интернет арқылы ақпарат алу тәсілін таңдау үшін қордың кез-келген бөлімшесіне бір рет келіп, ақпарат алу тәсілін өзгерту/белгілеу туралы келісімге отыру қажет. Мұны өзіңіз арнайы келіп жасауыңыз керек, себебі зейнетақы жинақтарыңыз туралы ақпараттың құпиялылығы сақталуы керек. Әлеуметтік желілер Facebook, Twitter, Вконтакте және МойМир сияқты ірі әлеуметтік желілерде «БЖЗҚ» АҚ-ның ресми парақшалары ашылған. Әлеуметтік желілердегі Қор жазылушыларының жиынтық саны 4 мыңнан асады. БЖЗҚ-ның парақшасын күніне орта есеппен 1500 адамға дейін қарайды. Зейнетақы заңнамасына сәйкес, «БЖЗҚ» АҚ міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарын тартумен айналысады; зейнетақы жинақтарын төлеуді және зейнетақы активтері мен инвестициялық портфельді есептеуді жүзеге асырады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақымен қамсыздандыру туралы барлық шарттар бойынша құқық мирасқоры болып табылады және бұған дейін жеке жинақтаушы зейнетақы қорларына бөлініп кеткен барлық зейнетақы активтерін жинақтайды. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ҚР  Ұлттық Банкі жүзеге асырады.

Ерлан Әзімханов, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы Қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы.