Экономика

Информатика - экономиканың барлық саласында ұтымды шешімдер қабылдау көзі - Д. Маминов

Информатика - экономиканың барлық саласында ұтымды шешімдер қабылдау көзі - Д. Маминов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Информатика - экономиканың барлық саласында ұтымды шешімдер қабылдау көзі. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Алматыда информатика пәнінен оқушылар арасында өткен XXVII халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері, Алматыдағы Қазақ-түрік лицейінің түлегі, 18 жастағы Данияр Маминов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда экономиканың барлық саласында өндірістік үдерістер автоматтандырылып жатыр.

«Өмірде информатиканың алар орны ерекше. Информатика - экономиканың барлық саласында ұтымды шешімдер қабылдау көзі. Соның арқасында өндірісті тиімді ұйымдастыруға болады. Информатика - әмбебап көмекші. Мен бұл салаға кездейсоқ келдім десем де болады. Ал қазір шынында да жолым болды деп санаймын. Өйткені, информатикамен айналысып жүргеніме ризамын. Мұндай деңгейдегі жарысқа бірінші рет қатысуым. Алтын медальдан үміттеніп едім. Бірақ қолаға ғана қол жеткіздім. Бұған өкінбеймін. Ең бастысы, тәжірибе жинақтадым», -  деді Д. Маминов.

Сонымен қатар, Данияр Олимпиаданың өте жоғары деңгейде өткендігін және шетелдік әріптестеріне Алматы қаласының қатты ұнағандығын жеткізді.

«Оларға жарысты ұйымдастыру деңгейі де, Алматы қаласы да қатты ұнады. Олимпиада аясында тамаша мәдени шаралар өткізілді. Оқушылар тіпті Алматы облысында орналасқан Түрген шатқалына да барып қайтты. Шетелдік әріптестеріме ұнағанына мен де өте қуаныштымын», - деді Д. Маминов.

ақпарат көзі kazinform.kz