Қалмақ сиырлары қазаққа да жат емес
Қалмақ сиырлары қазаққа да жат емес
«Түрікпен Агрофирмасы» ЖШС Қалмақиядан 300-ге жуық ірі қара әкелді Мал бағу – айтқанға оңай болғанымен, бейнеті көп тірлік. Бұл кәсіптің қыр-сырын үйренемін десеңіз, Жаз-атаның ауылына барғаныңыз дұрыс. Кезінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған шопан атаның кіндік қаны тамған Жамбыл ауылы әлі де мал шаруашылығын дамыту жағынан алда келеді. Мүйізді ірі қара тұқымын асылдандыру, жылқы өсіруде де солай. Таяуда осы ауылдық округке қарасты қыстаулардың біріне Ресей Федерациясынан қалмақ тұқымдас 298 сиыр әкелінді. Алматы облысынан әкелген 1065 қазақтың жабы жылқысы да қазір Жамбыл тауының етегінде еркін жайылып жүр. Жалпы, қалмақ сиыры деген атауға ие болғанымен, мүйізді ірі қараның бұл тұқымы қуаң даланың климатына әбден бейімделген. Деректерге сүйенсек, қалмақ сиырлары табиғи сұрыпталу арқылы XVI-XVII ғасырларда қазіргі Моңғолия жерінде пайда болған екен. Өзі қызыл, сом денелі, ірі қараның етті тұқымына жатады. Шыбын-шіркей тарататын қан ауруларына төзімді келетін көрінеді. Мойынқұм ауданының мал шаруашылығын тағы бір сатыға жоғарылатуға сеп болған қалмақ сиырын өсіруді қолға алған «Түрікпен Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Аталмыш шаруашылық етті ірі қараның санын тағы да 300-ге ұлғайтпақшы. Қалмақ сиырлары Мойынқұмның малды ауылына бірер күнде жеткізіледі деп күтілуде. Серіктестік басшысының мал тұқымын асылдандырудағы көздегені – интенсивті шаруашылыққа көшу екені белгілі. Сондықтан, ол қыстаудан малшыларға арнап қос пәтерлі екі тұрғын үй салғызды. Қазір үшінші үйдің іргетасы қалануда. Жаңа үйде ас-су қамдайтын орын мен монша да бар. Сонымен қатар, 4 мал қорасының құрылысы аяқталып, қосымша 3 қора¬-жай салынуда. «Түрікпен Агрофирмасы» ЖШС-ның бас директоры Бауыржан Әбілдаевтың айтуынша, алдағы уақытта 7000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынып, күздің ортасында қалмақ сиырларының санын 2000-ға жеткізу жоспарланып отыр екен. Одан бөлек 5 қыстау салынып жатқан көрінеді. Ендігі шаруа – малшылар іздестіріп, олармен келісім жасау. Серіктестік басшысы бақташыға айына 150 мың теңге жалақы төлеуге әзір. Көмекшіге де аз ақша төленбейді дейді. Әдетте, шетелден әкелінген мал жергілікті климатқа төзімсіз келеді. Сондықтан болуы ықтимал келеңсіздіктер үшін аудан әкімдігінің ветеринариялық қызметі талдау-сараптамалық жұмыстар жүргізуде. Ауданның бас ветинспекторы Мұрат Қасеновтің сөзіне сүйенсек, 298 мүйізді ірі қараға сараптама жасалып, облыстық мал дәрігерлік зертханасына жөнелтіліпті. Талдау қорытындысы таяу күндерде белгілі болмақ. Осы жұмыстармен қоса туберкулез ауруына аллергиялық тексерулер жүргізіліп, 72 сағаттан соң ауру белгілері табылмаған 298 қалмақ сиырына аусылға қарсы вакцинация салыныпты. Бүгінде барлық мал бірдейлендіріліп, сырғаланып, деректер қорына енгізілген.
Байжан Емберді, «Ақ жол». Мойынқұм ауданы.