Әлеумет

ҰРЫМТАЛ СӘТТЕ ҰМТЫЛ, АҒАЙЫН!

ҰРЫМТАЛ СӘТТЕ ҰМТЫЛ, АҒАЙЫН!

5Қазақ елі ДСҰ-ға мүше болды. Ол үшін жиырма жылға жуық уақыт күтуге тура келді. Сол аралықта көптеген заңдар әлемдік сауда-саттық талаптарына сай өзгертілді. Міне, енді көптен күткен қуанышты күнге де жеттік. Қуанышты күн дейтініміз - әлемнің алпауыт елдері Қазақстанды өздерімен алыс-беріс, сауда-саттық жасауға әлеуеті де, мәдениеті де жететін, ішкі және сыртқы саясатын бейбіт жолмен мығымдап алған мемлекет деп мойындады. Енді не істеу керек? Әрине, Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет нақты шараларға кіріседі. Кірісіп те жатыр. Оған күмән жоқ. Ал өңір ше? Біздің өңірде ДСҰ-ның пайдасын тікелей көретін тетіктер бар ма? Жамбыл өңірі, оның ішінде Тараз қаласы тоғыз жолдың торабына орналасқан. Мысалы, темір жолыңыз Мәскеумен жалғап жатыр. Мәскеуден әрі Еуропа. Ұлы Жібек жолының торабындағы заман талабына сай бүгінгі даңғылдар Шығыс пен Батысты байланыстырады. Сонау Ираннан, Түркиядан жүк алып шыққан автокеруендер Тараз қаласы арқылы өтеді. Қытай - ол да жақын. Қырғыздың Бішкегі де тиіп тұр. Ташкент те алыс емес. Қызылорданың кәсіпкерлері Бішкекке, Алматыға немесе Қытай еліне Тараз арқылы өтеді. Астана мен Алматы да ит арқасы қиян дейтін жер емес. Темір жол мен тас жолдың қызметінен бас тартқандарға «Әулиеата» әуежайының құшағы ашық. Замана талабына сай жаңғыртылған әуежай жақында алғашқы алып ұшақтарды қабылдап, алғашқы жолаушыларына сәт сапар айтпақ. Олар енді ұшақтарының бірден Түркия, Дубай, Мәскеуге ұшатындарын хабарлап жатыр. Ау, ендеше ДСҰ-ның пайдасын бір көретін өңір болса, ол – Жамбыл, оның орталығы – Тараз қаласы, Тараз қаласының тұрғындары, кәсіпкерлері емес пе? Осындайда бір ой келеді. Тараз қаласында не көп, базар көп. Қала маңында бос тұрған кешендер де жетерлік. Солардың бірін неге сырттан тасымалданатын тауарларды қабылдайтын, сақтайтын, сататын және ары қарай өткеретін орын жасамасқа? Орталық базарды сыртқа көшірдік. Бірақ сол Орталық базар қазір бос тұр. Тура Жібек жолының бойына орналасқан өзі. Орталық базардың арғы бетіндегі жерге көп қабатты тұрғын үйлер шоғырын салып, оны өзінше бір шағын аудан етіп, Орталық базарды қырғыздардың «Дордой» (қазақша «дардай», «үлкен» деген сөз) базарына ұқсас бір орталыққа айналдырмасқа?! Үкімет пен тиісті министрліктерге неге жобасын ұсынбасқа? Мұны біз жасамасақ, Шымкент сияқты басқа қалалардың ілкімділері жасайды.  Олар қазірдің өзінде Үкіметті жағалап жүруі мүмкін. Сырттан (160 ел!) тасқын суша ағатын арзан тауарларды қабылдайтын, сататын, одан ары өткеретін (көрші облыстарға, шет елдерге) үлкен базардан жамбылдықтар, оның ішінде, әсіресе, тараздықтар ұтпаса, ұтылмайды. Мысалы, ауылдан қалаға қоныс аудару арқылы облыс орталығындағы халық саны көбейеді, өңірде шағын және орта кәсіпкерлік өркен жаяды, өңір тұрғындарының әл-ауқаты бұрынғыдан арта түседі, жұмыссыздар саны азаяды. Бұдан басқа да біз біліп-білмейтін пайдалы істер мен игіліктердің халық үшін көп болатынына шүбә жоқ. Ендеше, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалу үшін ұмтылайық, ағайын!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Тараз қаласы.