Фәнилік драма
Фәнилік драма
(рубаяттар) Арғынбай БЕКБОСЫН. Біз қазақпыз аңсаған еркіндікті, Көк аспанға ашатын ел түңдікті. Жұлқысқанмен жұлқыстық, өлдік, өндік, Енді бізге мәңгілік серпін бітті! * * * Түсін түстеп айтқанда, жинай елді, «Қара қазақ» дейді ғой қимай енді. «Көз тимесін ұлтыма» дей ме, әйтпесе қазақтың көбі аққұба, бидай өңді. * * * Елге қастық жасаған сан ғасырдан, Абақтыға қамалған, дарға асылған. Ал ұрпақты бездіріп тілден ұлтқа қастық неге жазасыз жалғасылған? * * * – Ей, ағайын, ел жайын ұғып талдар, Арандату сөз ғой деп мұны ұқпаңдар: Елді, жерді, аспанды аямайтын Халық жауы қапысыз – құныққандар! * * * Қыз... сияқты. Бар лыпа – шетелдіктен, Бар мүшесі әдемі, бекем біткен. Тек ашылмай қалғаны: қайда, қашан, «5»-ке емтихан тапсырған мекерліктен? * * * Бір ез теңеп ақынды жәй пақырға, Тырқылдады нақұрыс: «Әй, қатырды, ә!..» Жоқ, жыр-сиқыр! Ол айтса мырзаң құл боп, Жерұйыққа айналар айтақыр да! * * * Тілде мін жоқ сөйлесе шықылықтап, Күлген болып, қабақты шытынып қап. Бәрі жалған! Іш басқа, сырт сырғанақ, Бірақ қазір бұлардың құты мықты-ақ! * * * Зулап ұшты. Уақытты елетпеді, (Жын қаққандай жылдамдық керек пе еді?!) Жастық жылдар – алтынды жапырақтар, Жалт-жұлт еткен Ғұмыр-бәйтеректегі. * * * Алабұртқан арудың жақұт текті, Отты жасы көзінен атып кетті. Жаралаған жоқ жардың ол жүрегін, Қайта оны жүз есе бақытты етті! * * * Сұрап қалдың тағы да «хал қалай?» – ды, Саған шындық керек қой? Ал жарайды. Бір ой түйдім қазіргі жан күйімнен: Жас-пасыңды іңкәрлік талғамайды! * * * – Қарлығаш-ау, қайдасың?.. Аспанында түсті түтін бұрқырап қас-қағымда, Ұя салар өздерің ордасына Төле бисіз өлкені тастадың ба?.. * * * – Ол – дарын ғой!.. Оған не таласың бар?!. Ақымақтар... алдың жөн-адасыңдар. Күні ертең-ақ ол самғап сан қияға, Сендер үрген ит болып қаласыңдар. * * * – Әйел заты шыңы, деп, әдемілік, Қойса аспанға бейнесін әлем іліп!.. Соны нұсқап ұлы Алла үндер ме екен: «Шеберлікті таныңдар, қане, біліп!» * * * – Сұлулықтан залымдық қаптады ақыр!.. Төземісің?.. Төзімді сақта, батыр. «Әйел жанын таныдым» дейсің бе әлі? Онда ақылың – балалық шақтағы ақыл! * * * – Уа, Талас! Суыңды ішіп ержетіп ем, Бесік қып толқыныңды тербетіп ең. Қазірде ауаң, суың ем ұлыңа, Ал сенсіз, Құдай куә, мен – жетім ем! * * * – Қызық-ау саған қойған сұрақ ана: «Бақытты деп кімдерді ұғады аға?». – Бақытты құсқа теңеу бар ежелден, Ал құсың ұшып кетпей тұра ала ма?! * * * Тарихты мәжбүрлік пе негіздеген?.. Қоршалған Америка теңізбенен ашылса Колумбпен – оны жұмсап түріктен қорқып испан жер іздеген. * * * Амалдан неше түрлі дұрыс-теріс, Бітпеген бұ Жаһанда ұрыс-керіс. Кішілер құлдыраңдап қалбаң қақса, Ұлы елге бұйырмаған ұлы іс тегіс. * * * Жаз да өтті, өтіп жатыр ажарлы күз, Олжамыз – жан жабырқау, қажалды жүз. Сонда да жүрміз күнде күйіп-пісіп, Кетердей алдап-сұлдап ажалды біз. * * * Сұм қалмақтар шыққанда Жоңғарынан, От-жалыннан жол екеш жол қарылған. «Сұмқайтты» деп аталған мына жерден, Аңырақайға жол біздің оңғарылған! * * * – Әкеңнің ойлан, шырақ, түсінігін, Жалғасып жатса жақсы ісі бүгін. Дүние қалса қалар, қалмаса да Міндетің – мұра тұту кісілігін. * * * Белгілі ғой барар жер кәріліктен, Денсаулығы нашарлап халі біткен. Аманатын Алланың тапсырса да, Талай арман кетеді-ау әлі күткен. * * * – Былай, қалқам: Мені шын еркелеткен үлкендердің көбі өте ерте кеткен. Еркелейтін адамым аз болған соң, Мезгіл мені суықтау еркек еткен. * * * – Бәленің көбі, сірә, қызғаныштан! Қастандық содан от ап қызған, ұшқан. Наданды қойшы бастан қараниет, Әттең-ай, даналар да жүз жанысқан. * * * Көктем ғажап алмастай ел сене де, Көкке өрлеуде көк біткен өршелене. Өршелену... Адамда ол жанталас па? Өміршеңдік сонымен өлшене ме? * * * – Махаббат – жанның емес, тән талабы! – деп соқты заманның бір зәнталағы. – Ол қай ит махаббатты мазақ еткен?! – Адамдық сана көзі қанталады... * * * Қарасуды жағалай дүйім Сәмбет, Баяғыда тігетін үйін сәндеп. Бір ақбоз үй жоқ бүгін. Сәмбет отыр деумен: «Құдай егінді биыл дәнді ет!» * * * – Бұрынғылар қай кезде қайтіпті екен? Қандай сырын артқыға айтыпты екен? – Елеңдейді соған ел. Жөні келсе, Мен де әйтеуір бірдеңе айтып кетем. * * * – Өкпелеттім... Қайтейін, сол себепті... Жалғыз арман: «Жарқылдап келсе нетті!..» Келмесе де екеуміз кездесетін, Ең болмаса бірдей түс көрсек етті... * * * Тау мен құмның арасы біздің ауыл, Тым сұрапыл демесең күзгі дауыл, Жұмақ-ақ қой!.. Тек, әттең, алыстап ап ынтық құшақ, сәлемді үзді бауыр... * * * ...Баяғы өткен шал-кемпір дауыстары... «Арғынтай!..» – деп бірі әне дауыстады... Ауылдағы елес қой... Ауысты ұрпақ, Ал бейнелер көзге ыстық. Ауыспады. * * * Демей-ақ алабөтен мұрат табам, Тараздан талай рет жырақтағам. Бір ізгі із қалды ма мұнда менен? Ант етем: ешкімді де жылатпағам... * * * Мүлгиді үнсіз ата-ана мүрделері, Ұмытқандай жалғызын, мүлде мені... Әлде дей ме: «Әлі де жүре тұрсын, Асықпайық, Арғынтай бір келеді...» * * * Аз болса да өзінің білмегені, Отыратын сұраумен бірдемені. Енді ойласам, бұл оның «біл» дегені... Әкем өмір сүрген кез ілгері еді... * * * – Көп жамандық – жақындау жұрағаттан, Атың озса – сүрен сап тұрады: «Аттан!» – Қазақ кенде болмаған ондайлардан, Көкелерін көр барып мұрағаттан! * * * Таңданам «Не болды, – деп, – осы маған?..» Жоқ жерден бір уайым қосып алам... – Жасысам жарқылдамай семсеріңше, Қолдай гөр рухыңмен, Қосы бабам! * * * Соғыс, індет, су басқан қай қаланы?.. Аштық, дауыл, өрт алған айдаланы... Азап, ләззат, салтанат... бәрін артқан байғұс Жерді қара... әлі айналады! * * * – Дүние бұ қалпында тұрып қалмас, Күні ертең сендей ұры ұлықталмас. Әзірге есірерсің айыл жимай, Ал кейін шығарып көр құрықтан бас! * * * Қарс-қарс етіп қара бұлт басулы аспан, Төкті нөсер – көл-көсір шашуды асқан. Лезде арсыл алыстап, ашылды күн, Ақсақалдай ақкөңіл ашу басқан. * * * – Домалап ғарыш кезіп, салып ән, зар, Жүрген бір ғажайыптың барын аңғар?.. – Жұмбағың Жер шары ма?.. Онда менің қазағым, қатын, балам, шаруам бар! * * * – Оқу көп қой, қарағым, жер бетінде, Оқы мейлің, алыста, кем-кетілме. Бірақ бауыр баспағын жат еліне, Бесік емес ол саған!.. Тербетілме. * * * – Кім-ей, мына сұлуың сылаң қаққан, Төсін тосып, бөксесін бұлаңдатқан!? – Қызығу ма?.. Мысқыл ма?.. Сұқтанба тек ханның ұлы сияқты құланды атқан. * * * – Деме ажалды өзіңнен жырақтаған, Өмір – өлім арасы бір-ақ қадам!.. – Білем. Содан әр күнді сауапты іске арнап жүрмін. Басқасын ұнатпағам... * * * Баласақ сұлулықты ұғуды арға, Арлы боп өмір бойы тұру бар ма?.. Ал енді шын болса ол құрып қалсын: Күнә да үйір, дейді, сұлуларға!.. * * * Кейде ойланам: «Қашанғы қысыламын?! Күзім мынау... келсе өмір қысы мәлім. Әй, мен де бір шалқардай шалқиыншы!.. Бірақ қалай?..» Бұл – менің қысыр әнім... * * * – Пірәдар! Әзірейіл апарғаннан, Жасымай жай табайық Жаһаннамнан. Ол бізге оншалықты жат та емес қой, Хауасын ертіп Адам Атаң барған! * * * Тағы анау жотадан... Күн аунайды, Күн кеткен соң бұлдыр ой бұғаулайды: Күндей күліп бұл өмір тұрмас дәйім, Бір тасада... бұғынып тұр-ау қайғы... * * * – Жағымды болса қалай шөпке жазы, Жағады маған достың өкпе-назы: Бұл оның көргені ғой мені өзіндей... Ал менің көңілім оған өт-те разы! * * * – Сен жазған рубаят-туындылар, Арналған оқуға тек ұғымдылар!.. – Солай-ау деп ешқашан ойлағам жоқ, Дегем тек: «Болса болды мұңымды ұғар».