Қайсар қуаныш
Қайсар қуаныш
Биыл алғашқы мүшел жасына толатын Қуаныш Аристеев Төле би ауылындағы М.Мақатаев атындағы орта мектептің 7-сыныбын бітірді. Оны мектеп мұғалімдері үйінде оқытады. Оқу үлгерімі де жақсы. Ол тағдырдың жазуымен туабітті сал ауруына шалдығып, арбаға таңылғанымен, төлебиліктерге кішкентай жүрегі «өмір» деп бұлқына соққан, рухы мықты, қайсар ұлан ретінде танылып үлгерді. Қуаныштың басты арманы – аяғынан тік тұрып, өздігінен жүріп кету. Осы ізгі үміттің жетегімен ол өмір күресін тоқтатпай, қандай қиындыққа болса да төтеп берумен келеді. Оның жүрегі поэзияға жақын, нәшіне келтіре ән де айтады. Қашан көрсең де, қолынан кітабы түспейді. Ақын М.Мақатаев пен М.Шахановтың бірқатар поэмалары мен өлеңдерін жатқа айтады. Айтпақшы, былтырғы көктемде өзі оқитын мектепте «Рух пен тіл» деген тақырыпта поэзия кешін өткізген ақын Мұхтар Шахановтың: «Сен мүгедек емессің. Сен рухы биік, көңілі дархан қазақтың баласысың. Сенің болашағың зор. Нағыз мүгедектер – ана тілінен жұрдай болған, ұлттық ар-намысын жоғалтып алғандар. Сен олардан биік тұрсың, жарқыным!» – деп талабын құптап, ақ батасын беруі қайсар ұланды өмірге құлшындырып, жігерін үстей түскендей болды. Соның әсері ме, былтыр Астана қаласында өткен VІІІ халықаралық «Ақ көгершін» байқауында жүлделі екінші орынды иеленсе, «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты облыстық фестивальда мәнерлеп өлең оқу мен патриоттық ән орындау аталымдарында тиісінше ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталыпты. Қазір Қуаныштың денсаулығы бастапқыдағыдай емес, біршама жақсарған. Бұл, әрине, оның өзінің де өмірін мәнді ете түсуге талпынысының, талмай еңбектенуінің жемісі. Қуанышты кішкентайынан аялап өсірген әжесі Назгүл Аристеева немересін төрт жасынан бастап Астана қаласындағы республикалық балаларды оңалту орталығында тұрақты емдетумен келеді. «Келешекте домбыра, гитара аспаптарында ойнауды үйренгім келеді. Әсіресе, гуманитарлық пәндерді жақсы көремін. Ал үлкен азамат болып ержеткен соң, өз білімімді жетілдіріп, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс атқарсам деген арманым бар», – деп сырымен бөлісті кейіпкеріміз. Біз де Қуаныштың айығып, аяғына тұрып, арман-мақсаты орындалуын тілейміз.
Динара БАТЫРХАИРОВА, журналист. Шу ауданы.