Жаңалықтар

Рота командирінің орынбасары

Рота командирінің орынбасары

Инамжан Тайлақовтың қабірі Воронежден табылды

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлау әлі де жалғасып жатыр. Әр күн сайын аңызға айналған Жеңісті жақындатқан, ерлікпен қаза тапқан майдангерлер есімі ескеріліп, ұлықталуда. Оқ пен оттың арасында жанталасып жүріп, Отан үшін оққа ұшқандарды бейбіт күннің ұрпақтары ұмыта қойған жоқ. Солардың бірі – елді азат ету жолында ажал құшқан Инамжан Тайлақов. Ол 1910 жылы Меркі ауданында туылған. Еңбек жолын Жданов колхозында жұмысшы, инструктор болып бастап, кейінірек аудандық полицияда учаскелік инспектор, Меркі қант зауытында шаруашылық меңгерушісі, «Сталин жолы» газетінде хатшы секілді қызметтер атқарады. Соғыс оты тұтанып, қыза бастаған 1942 жылы оны аудандық әскери комиссариат майданға шақыртады. Содан бері арагідік хат жазғаны болмаса, із-түссіз кеткен жауынгерді соғыс аяқталғаннан соң туған-туыстары іздей бастайды. Әзер дегенде, 1995 жылы жауынгердің қызы Светлана Тайлақоваға Подольск қаласындағы орталық мұрағаттан хат келеді. Ол құжатта былай делінген: «Офицерлер тізімі картотекасында сіздің әкеңіздің есімі бар. Тайлақов Инамжан лейтенант 350 атқыштар дивизиясы рота командирінің орынбасары болған. 1910 жылы туылып, 1943 жылы 24 қаңтар айында қаза тапқан. Воронеж облысы, Солидарное станциясында жерленген». Жоғарыда айтып өткендей арагідік хат жазып тұрған жауынгердің соңғы хаты 1942 жылы желтоқсанның отызында келген. Жары Күнімпатшаға жазған хатын оқып отырып, жүрек елжірейді. «Ардақты да аса қымбатты қызым Светлана, балам Қуаныш, өмірлік жолдасым Күнімпатша! Жауды құрту жөніндегі науқанға кірісіп кеткелі де біраз болды. Біздің алға басып бара жатқанымызды Середной газетінен білесіңдер. Партия мен Үкіметтің тапсырмасын күн-түн демей атқаруға тырысып жатырмыз. Көп жазып не қылайын? Күні біткендер сәт санап кетіп жатыр. Қалғандарымыз жауды талқандау жолындамыз» делінген. Хаттың соңында: «Күніш! Еңбек кітапшам, профсоюз билетім қойныма сыймай тұр» депті қуанышын ақтарып. Жауынгердің өмірден озарынан небәрі жиырма бес күн бұрын ғана жазылған осы хатты оқи отырып, Отанға деген махаббаты берік азаматтың жүрек лүпілін сезуге болатындай. 2011 жылы Луганск облысының әскери комиссариатынан Инамжан Тайлақовты іздеу жұмыстары жөніндегі хаттарға тағы да жауап келеді. Онда жоғарыдағы жауынгердің қазасы туралы деректерді нықтай келе, аталмыш стансаның маңындағы 239 жауынгер жерленген бауырластар зиратының ескерткіш тақтасында меркілік сарбаздың да есімі бар екені анықталған. Сондай-ақ, ол хатта майдангердің есімі Украинаның Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш кітабының 16-шы томының 497-бетінде белгіленгені айтылған. – 2011 жылдың жаз айында інім Қуаныш екеуміз әкеміз жерленген Луганск облысы, Белокуракино селосындағы Солидарное стансасына барып қайттық. Басына тағзым етіп, топырақ салып, перзенттік парызымызды орындап, арманымызға жеттік. Солидарное стансасында жауынгерлерге ескерткіш тақта орнатылған екен. Көк тақтада қаза болған офицерлер құрамы, қара тақтада қаза болған жауынгерлер көрсетілген. Сол көк тақтада жалғыз қазақ офицері, әкеміз Тайлақов Инамжанның да есімі бар. Ол жерде 239 жауынгер қатар жерленгенін көзбен көріп, қайран қалдық» – дейді, майдангердің қызы Светлана Тайлақова. Cондай-ақ, ол Солидарное стансасын азат ету жолындағы түрлі  мәліметке де қаныққанын жеткізді. Оның айтуынан білгеніміз, 1942 жылы шілдеде фашистер Белокуракино селосын жаулап алады. Оны азат етуге 7 айдай уақыт жұмсалады. Солидарное стансасында жау тығыз орналасқан, себебі осы станса арқылы Сталинградқа фашистер танкілерін жіберіп отырған көрінеді. Сондықтан бұл стансаны азат ету 1943 жылы 6 қаңтарда бір-ақ басталған. Стансаны 6 армияның 350, 172-атқыштар дивизиясы мен 51 танк бригадасы азат етті. Сонымен қатар, мәліметтер лейтенант Инамжан Тайлақовтың ерлікпен қаза тапқанын да айғақтайды екен. Міне, табылған мәліметтер меркілік майдангер жайлы осылай сыр шертеді. Кештеу болса да батыр туралы жан-жақты ақпараттар табылғанына тәубе дедік. Елбасына күн туған шақта етігімен су кешкен қайран ерлер естен шығып, ескерусіз қалмаса екен дейміз!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол». Меркі ауданы.