Саясат

БЕС РЕФОРМА – ҰЛТ ЖОСПАРЫ

БЕС РЕФОРМА – ҰЛТ ЖОСПАРЫ

Болашаққа нық қадаммен Мемлекет басшысы сайлаудағы кезекті жеңісінен кейін  өзінің сайлауалды платформасында негізге алған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 институционалдық реформадан туындайтын 100 нақты қадамды Ұлт жоспарына топтастырды. Ұлт  жоспары – Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам болмақ. Бұл бағдарламаны іс жүзінде жаһандық һәм ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, ел мен ұлт дамуының басты ұстынына айналатын Ұлттық жоба. Өйткені, онда қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге және ілгерілетуге серпін беретін қадамдар көрсетілген. Сондықтан, Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа  мен оларды іске асыру үшін жарияланған 100 нақты қадам – өзге мемлекеттерге үлгі болатындай жан-жақты ойластырылған, жүйелі үйлестірілген айқын стратегиялық жоспар деуге толық негіз бар. Таяуда Премьер-Министрдің төрағалығымен аталған 5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша республикалық Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Отырыста әр бағыт бойынша жұмысшы топ жетекшілері халықаралық тәжірибелерді саралай отырып, өз ұсыныстарын жария етті. Біз де өз тарапымыздан азаматтық позицияны ұстана отырып, алдымызға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге атсалысуымыз қажет. Бұл ретте ақпараттық-сүйемелдеу жұмыстарының алар орны ерекше екенін айта кету керек. Сол себепті Елбасының 100 нақты қадамын түсіндіру мақсатында облыста 11 ақпараттық топ құрылып, оның мүшелері 90 ұжыммен кездесу өткізді. Алты мыңнан астам тұрғындар арасында ақпараттық-насихат жұмыстары  жүргізілді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 412 баспасөз және 47 бейне материалдар жарияланды. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері тарапынан көптеген қолдау мақалалары жарияланып, 217 ұсыныс-пікірлер қабылданды. Елбасы Ұлт жоспарында бірінші кәсіби мемлекеттік аппарат құруға ерекше көңіл аударып отыр. Осыған орай жыл соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау жоспарлануда. Жаңа заң жобасында, біріншіден, мемлекеттік қызметтің сатылап өсу (карьерлік) моделіне өтуі қаралады. Яғни, мемлекеттік қызметке келушілер өздерінің кәсіби жолын міндетті түрде төменгі сатылардан бастауы шарт болмақ. Сонымен қатар, жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметшілерге 3 айлық сынақ мерзімі белгіленетін болады. Алдағы уақытта тиісті мемлекеттік қызметшінің басқа лауазымдарға ауысуы ішкі конкурстық комиссияның құзырына беріледі. Басшы лауазымдар арасында ротациялық қозғалыстарға жол беріледі. Оның механизмдері конкурссыз вертикалды және горизонталды бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ, еңбекақыны мемлекеттік қызметшінің еңбек өнімділігіне, басқарушылық үдеріске қосқан үлесіне байланысты төлеу жолдары да қарастырылуда. Барлық мемлекеттік қызметшілердің еңбегі жеке жылдық жоспары негізінде жыл қорытындысы бойынша бағаланатын болады. Осы бағалау нәтижесі бойынша қабілетті қызметшілер материалдық жағынан көтермелеуге ие болса, компетентсіз мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылады. Реформадағы тың өзгерістің бірі – 2016 жылы мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау жүйесі. Бұл аттестаттау мемлекеттік қызметшілерді жағымсыз (басшылыққа жақпайтын) қызметкерлерден арылтудың жолы деп түсінбеу қажет. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің сапалық құрамына назар аудара отырып, талдау жүргізуге және талдау нәтижесімен қорытынды шығара отырып, кадр сапасын көтеруде алдағы межелерді белгілеуге  мүмкіндік беретін қадам. Яғни, аттестаттау жүйесі мемлекеттік қызметшілерді жұмыссыз қалдыруды көздемейді. Қайта әрбір қызметшіге өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Жоспарға  сәйкес аттестаттаудан барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер өткізілетін болады. Қазіргі таңда аттестаттаудан өткізудің  реттілігі, өткізілу орны және жалпы бағалау критерийлері бойынша ұсыныстар пысықталуда. Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның жоспары бойынша, аттестаттау үрдісі заңнамаларды білуге және дербес қабілеттіліктерді анықтауға арналған тестілеуден және тиісті комиссиямен әңгімелесу кезеңдерінен құралатын болады. Тестілеу үрдісінде межелік деңгей қойылмайды деп жоспарлануда. Яғни, тестілеу негізінде «өтті» немесе «өте алмады» деген шешім қабылданбайтын болады. Комиссиямен әңгімелесу үрдісінде қызметкерге қатысты барлық құжаттар, еңбек жолы, сала бойынша еңбек тәжірибесі және тағы сол сияқты критерийлер қарастырылады. Комиссия жұмысы тәуелсіз байқаушылар және БАҚ арқылы барынша ашық жүргізіледі. Ұлт жоспарының алғашқы бағытындағы 15 қадамның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналуы жайдан-жай болмаса керек. Өйткені аталған реформалардың іске асуы  қызметкерлердің жұмысына, кәсіби шеберлігіне, ұлтжандылығына, пәрменділігіне, ондағы қызметкерлердің сана-сезіміне тікелей байланысты болмақ. Осыған орай облыс әкімдігі де Ұлттық комиссияға өз тарапынан бірқатар дәйекті ұсыныстар енгізді. Айталық, жоғары тұрған бос әкімшілік лауазымдарға  іскерлік қасиеті мен жұмысының нәтижелілігіне қарай  қызметкерді сатылап өсіру тәртібін енгізу, мемлекеттік қызметшілер арасында ынталандыру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге жүктелген жұмыстар ауқымын ескере отырып, жұмыс уақытынан тыс кезінде атқарған жұмыстарына қосымша жалақы төлеу, жәрдемақылар төлеу тетіктерін жетілдіру,  еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу мақсатында заңдық тұрғыда мемлекеттік қызметкерлер үшін нақты индикаторларды және қызметкердің еңбегін бағалау рәсімін нақты бекіту, мемлекеттік қызметкердің атқаратын  қызметіне қарай түзету коэффициентін өзгерту арқылы еңбекақыны көтеру, ауылдық жерлерде кадр тапшылығын шешу үшін еңбекақы төлеу коэффициентін жоғарылату, мемлекеттік қызметтегі жас отбасыларға арнайы жеңілдетілген қолжетімді баспана мәселесін қарастыру, ауылдық жерлерде кадр тапшылығын ескеріп, ауылдық округ әкімі аппараттарына алғаш қабылданушыларға арнайы тестілеу бағдарламасын қабылдау (бағдарламада шекті мәнді төмендетіп, қорытынды шыққан балдар санын жалпы есептеу) сияқты ұсыныстар берілді. Негізі облыстағы жергілікті атқарушы органдардың, онда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жұмыстары жеміссіз емес. Облысымыздың Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығына сәйкес облыстық жергілікті атқарушы органдар қызметінің 2014 жылғы тиімділігін бағалаудың жиынтық бағасы 80,36 балды құрап, республикада облыстар арасында 1 орынға көтерілуі – мұның айқын дәлелі. Талдап көрсетсек, облыстың мемлекеттік қызметшілері «Актілер мен тапсырмаларды орындау» және «Мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 1-орынға, «Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу» бағыты бойынша 2-орынға, «Персоналды басқару» бағыты бойынша 3-орынға қол жеткізді. Бұл, әрине, облыс әкімі аппаратының, жалпы жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасында қол жеткізген жетістік. Ұлт жоспарының екінші реформасы заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кез-келген дамыған мемлекетте заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі негізгі қағидат болып табылады. Бұл бағыт бойынша бес байланыстырушы жүйеден тұратын сот жүйесі үш жүйеге көшіріледі. Бірінші – аудандық соттар, одан кейін аппеляциялық – облыстық соттар және кассациялық инстанция – Жоғарғы сот. Сот жүйесінің әділдігі мен шынайылығын арттыру мақсатында барлық сот отырыстарында бейне және аудиожазбалар қолданатын болады. Соттарға деген азаматтардың сенімін арттыру мақсатында  судьяларды жұмысқа қабылдау мәселесінде де өзгерістер енгізіледі. Яғни, сот лауазымына жасы 30-ға толған және сот жүйесінде кемінде  5 жылдық еңбек өтілі бар азамат қабылдану мүмкіндігіне ие болады. Құқық қорғау органдарындағы реформалар мемлекеттік қызмет туралы қабылданатын заңға тікелей байланысты болады. Жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының құзырында болуына қарамастан тікелей жергілікті әкімдер мен мәслихаттарға, жергілікті қауымдастық мүшелеріне есепті болады. Сондай-ақ, «қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет порталын құру – қоғаммен ішкі істер органдарының арасындағы кері байланысты нығайтуға өзіндік септігін тигізетінін айта кету керек. Біздің тарапымыздан бұл жүйені жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізілді. Мысалы, құқық қорғау органдары мен сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресті күшейту, аталған салаға кадр іріктеуде үміткерлердің адамгершілік қасиеттері мен кәсіби біліктіліктерін анықтайтын арнайы жүйе енгізу, ішкі істер органдарының аумақтық басшылары мен орынбасарларын тағайындауды (немесе босатуды)  сол әкімшілік аумақтық бірлік әкімінің ұсынысы негізінде жүзеге асыру, жергілікті полиция қызметінің өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті қауымдастық мүшелері алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасының өнімділігін арттырудың әрі әртараптандырудың маңызды бағыты болып қала беретіндігін атап өтті. Үшінші реформадағы 49 тармақтың 11-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі болып отыр. Оның ішінде, облыс көлемінде игерілмей отырған ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен мемлекет қорына қайтару жұмыстары басталып кетті. Бүгінде игерілмеген 591,2 мың гектар жердің 499,2 мыңы кері қайтарылып, 366,5 мың гектар жер телімі ауыл шаруашылығы мақсатында қайта пайдалануға берілді. Реформада көзделген ауқымды шараның  бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеуді жандандыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың өңірде біршама кенже қалып отырғаны жасырын емес. Дегенмен, облыс әкімі К. Көкірекбаевтың тапсырмасына сәйкес, бірқатар жұмыстар қолға алынып, іске асырылуда. Айталық, сүт және ет өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктелімін жоғарылатып, сапасы жоғары шикізатпен қамту мақсатында  сыйымдылығы 14948 басқа арналған бордақылау алаңдары ашылып, жұмыс істеуде. «Ырыс» бағдарламасы арқылы 8 сүт-тауарлы фермасының жобалары мақұлданды,  халықаралық трасса бойында 6 ферманың құрылысы аяқталып, қосымша 3 ферманың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, мал шаруашылығында құны 7,8 миллиард теңгені құрайтын 11 ірі жоба, сүт өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған сомасы 500 миллион теңгеге жуық инвестициялық жобалар іске асырылуда. Ұлттық жоспарға сәйкес  әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру, әлеуметтік көмекті тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана беру, ал кірісі төмен, – еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана беру көзделуде. Осы орайда, облыста 2014-2015 жылдар аралығында «Өрлеу»  пилоттық бағдарламасы енгізіліп, нәтижесінде биыл 6 айда облыстағы 1214 отбасындағы 6610 адамға 97,2 миллион теңгенің шартты ақшалай көмегі тағайындалды. Көмек тағайындалған отбасылардың 1495 жұмыс жасындағы азаматтар әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылды.  Бағдарлама бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Жыл соңына дейін атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан және балалар жәрдемақысын алушы отбасылары арасынан 25 пайызын бағдарламаға қатыстыру көзделіп отыр. Экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі басты алғышарттардың бірі – кәсіпкерлік саласын дамыту, үдемелі индустриалды- инновациялық жобалар санын арттыру екені даусыз. Биыл жалпы құны 36,5 миллиард теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асырып, жаңа 778 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал бірінші жартыжылдықта  жалпы сомасы 23,2 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылып, 81 жаңа тұрақты жұмыс орындарды ашылды. Оның бірі – Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен Индустрияландыру күні тұсауы кесілген «Burnoye Solar» ЖШС-ның қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы». Жыл соңына дейін тағы 6 инвестициялық жобаның іске асырылуы көзделуде. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – заман талабына сай кәсіби мамандарды оқыту және нарық сұранысына сай мамандар даярлау ісі. Бұл бағытта да өңірімізде өркенді істер қолға алынған. Мәселен, Жамбыл политехникалық колледжі «Кәсіпқор» холдингінің 10 серіктес колледждер қатарына енгізіліп, 2016-2017 оқу жылдары мұнай-химия мамандықтары бойынша жастарды оқытуға кіріседі.  Сондай-ақ, жергілікті экономикалық және географиялық климатты ескере отырып, шағын және орта бизнесті дамытуда арнайы бағыт-бағдарлар жасау жұмыстары да атқарылуда. Соның нәтижесінде кеден және салық жүйелерін интеграциялауға қол жеткізетін боламыз. Кез-келген тауар айналымы еліміздің аумағына кірген кезден бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынуы тиіс. Осы орайда, салық саясатын реформалауда заңды экономикалық айналымға мүлік пен қаржыны тарту мақсатында легализация мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғанын айта кету керек. Жалпы, салық түсімдерін барынша толықтыру мен оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдан бастап барлық жеке тұлғаларға табысы мен мүлігі жөнінде декларация тапсыру шарты қабылданатын болады. Болашағы біртұтас ұлт қалыптастырудағы басымдықтар азаматтық теңдікті ұстануға, Мәңгілік Елдің құндылықтарына, үш тұғырлы тіл және ұрпақ сабақтастығына берілетіні анық. Негізгі шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында атқарылуда. Бұл қадамды қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын қабылдап, жүзеге асыру көзделіп отыр. Біз үшін қоғамдағы саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты – ерекше мәнге ие. Бұл жолда Қазақстанның қалыптасқан өзіндік үлгісі бар. Ол биыл құрылғанына 20 жыл болған, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, уыздай ұйытып отырған, іс жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бүгінде Ассамблеяның өңірлік хатшылықтары Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарға білек сыбана кірісіп кеткенін айта кеткен жөн. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар маусым айында басталды. Іс-шаралар жоспары әзірленіп, аудандарда облыс ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың әлеуетімен «Ұлт жоспары – 100 қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» тақырыбымен көшпелі жиындар өтуде. Бұл жұмыс өзге этнос өкілдері көбірек шоғырланған Қордай ауданынан бастау алып, барлық аудандарда жалғасып келеді. Оларға ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері – жоғары оқу орындарының ғалымдары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыс ассамблеясы жанындағы аналар және қоғамдық келісім кеңестері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысуда. Биыл киелі Тараз жерінде аталып өтетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына әзірлік барысы да осы бағыттағы шаралармен үндестік тауып, тың серпін беруде. Көп этносты еліміздің бай тарихы мен сан алуан мәдениетін, біртұтас ұлтымыздың бойындағы жасампаздық әлеуетті ашып көрсететін істеріміз елімізді алға қарыштататын қадамдар екендігі сөзсіз. Елбасы қазақстандық қоғамның өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келе жатқандығын атап өтті. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, қуатты мемлекет қалыптастырып, либералды дамыған қоғам құру үшін елдің 40-50 жылды қамтитын уақытта тұрақты алға жылжуы қажет. Біз де соған бара жатырмыз. Көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей, «алдымен – күшті мемлекет пен экономика, сосын – саясат» қағидатының бұзылуы апаттарға соқтырып жатыр. Бұл Елбасының дұрыс бағдар, сара саясатты ұстанғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Реформа аясындағы тағы бір жаңалық – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату мәселесі. Елбасы осы мақсатта «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды ұсынды. Осы реформада өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту қадамдары да қарастырылған. Біздің облыста 10 ауданда 153 ауылдық округ құрылған. Елбасының 2013 жылғы Жарлығы негізінде осы ауылдық округ әкімдері жергілікті мәслихат депутаттарымен сайланып, әр ауылдық округте ел ағаларынан жергілікті қауымдастықтар құрылды. Бүгінде осы ауылдық округтерде жеке есепшоттар ашылған. Қазірдің өзінде оған түскен қаржының көлемі 112 миллион теңгені құрап отыр. Барлық түскен қаржының шығын көздері сол қауымдастықтың шешімімен ғана  реттелуде. Яғни, бұл дегеніміз жергілікті атқарушы органдармен жергілікті қауымдастықтың арасындағы байланыстың заңды түрде көрініс алуы деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде Үкіметте әкімдердің өкілеттіктері аясын кеңейту, оның ішінде қаржы көздерін ұлғайту жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Онда  жер, салық, бюджет, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстеріне,  «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулер қарастырылады. Тұтастай алғанда, Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа ел бірлігін бекемдеп, тұрақтылықты нығыздай түседі. Оларды жүзеге асыруды қадағалау міндеті   Президент жанынан бес бағыттағы реформамен түбегейлі айналысатын Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияға жүктеліп отыр. Жоғарыда айтылған жасампаздық реформаларды орындау арқылы Қазақстанның әлемдегі озық 30 елдің қатарына  2050 жылы емес, одан әлдеқайда бұрын енетіні анық. Қазақ елі тұрақтылық пен гүлденудің  мекені деп аталуға барлық мүмкіндік бар. Бес жасампаздық реформадан тұратын Ұлт  жоспарының  тарихи маңызының өзі осында.

Рахметілдә Рахманбердиев, облыс әкімі аппаратының басшысы.