Саясат

Электронды қабылдау

Электронды қабылдау

«Нұр Отанның»  жаңашыл бастамасы

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында қоғамдық қабылдау өткізді. Оның ерекшелігі – әр тұрғынның орталықтағы «Connecton point» жүйесі арқылы «Нұр Отан»  партиясының «Электронды қоғамдық қабылдау» порталына жеке қабылдауға жазылу мүмкіндігіне ие болуында. Сонымен қатар, азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсететін 264-секторы арқылы онлайн жүйесінде өтініштері мен ұсыныстарын берді. Бір айта кетерлігі, жаңа жүйе арқылы қарапайым тұрғындар Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы  «Нұр Отан» фракциясы мүшелерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік орган жетекшілерінің жеке қабылдауларына жазылып, көкейдегі сұрақтарына дәйекті жауап ала алады. Тиімдісі –  осы арқылы қабылдауға жазылатын азаматтардың санын ұлғайтуға, алыс ауылдардағы өзекті мәселелердің шешілуіне мүмкіндік беруінде. Қазірдің өзінде еліміз бойынша осы жүйе арқылы 241 қоғамдық қабылдау өткізіліп, көпшілікке тегін заңгерлік кеңестер берілген. Оған «Нұр Отан»  партиясы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары арасында тұрғындармен тиімді жұмыс жүргізу үшін қойылған әріптестік туралы меморандумның нәтижесінде қол жетіп отырғандығын айта кету керек. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бақыт Отарбаеваның айтуынша, тұрғындар алысқа сабылмай-ақ, электронды қабылдауға жазыла алатын көрінеді. Облыста 16 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар болса, оның 5-еуі Тараз қаласында, өзгелері ауданда орналасқан. Алдағы уақытта тұрғындар барлық орталықта жаңа қызметті пайдалана алатын болады. Ендігі жерде жаңа жүйе барша тұрғындардың сарыла кезек күтуін азайтып, уақыт үнемдеуге септеспек.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».