Отбасы мен орынтақтың арасы
Отбасы мен орынтақтың арасы
көшбасшы әйелдердің жазғы мектебіне қатысқан ханымдар осының мәнісін ұғып қайтты
Әйелдердің ас үйдің аясында қалып қоймай, қоғамдық саяси өмірде белсенділік танытуы, түрлі салада ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етуі бүгінде нақты нәтижелер көрсете бастады. Елімізде қабылданған гендерлік теңдік стратегиясының да негізгі мақсаты – шешім шығаратын орындарда арулардың қатарын көбейту. Бұл тұрғыда әйелдердің көшбасшылық қабілетін шыңдаудың маңыздылығы зор. Осыны ескерген «Жамбыл облысы саясаткер-әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігі биыл төртінші жыл қатарынан «Көшбасшы саясаткер әйелдердің жазғы мектебін» ұйымдастырды. Меркі ауданының «Айсұлу» демалыс кешенінде өткен жиынға облысымыздың түкпір-түкпірінен барлығы отыз қыз-келіншек жиналды. Басқосуды аудан әкімі Б.Көпбосынов кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде бүгінде әйелдер көшбасшылығының қоғамда өзіндік орны айшықталып, қалыптасып келе жатқандығына ерекше тоқталды. Облыста еселі еңбегімен қыруар тірлік атқарып жүрген, мақтануға тұрарлық әйел азаматшаларымыз бар екендігін де атап көрсетті. Келесі кезекте сөз алған облыс бойынша саясаткер әйелдер клубының төрайымы Г.Нұрымова өзі жетекшілік ететін клубтың басты мақсаттарына тоқталды. «Көшбасшы саясаткер мектебі әйелдердің қоғамдық істерде жетістікке жетуі үшін белсенді жұмыс істейді. Әйелдер табиғатында нәзік болып жаратылғанымен, көшбасшы болуда, өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда отбасына қандай жауапкершілікпен қараса, жұмыста да сондай нәтиже көрсететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Облыста нәзікжандылардың белсенділігі жыл сайын артуда. Осы уақыт аралығында көшбасшы саясаткер әйелдердің жазғы мектебіне екі мыңға жуық қыз-келіншектер қатысты», – деді Гүлдара Алданышқызы өз сөзінде. Жазғы мектептегі басқосудың алғашқы сессиясының жұмысы «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадам» тақырыбы аясында өрбіді. Бұл тұрғыда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ш.Мамасерікова өзінің келелі пікірін ортаға салып, сөзінің түйінін белсенді аруларға арнаған өлеңімен түйіндеді. Екінші сессия жұмысы мемлекеттік саясат пен шешім шығаратын орындарда әйелдердің әлеуетін арттыру жайында өрбіді. Онда облыстың Құрметті азаматы, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Н.Врублевская, Шу ауданы Дулат ауылдық округінің әкімі Н.Қондыбаева және Меркі аудандық мәслихатының депутаты Ғ.Қажығалиева сөз алып, өздерінің өмір тәжірибесі хақында ой бөлісті. Жазғы мектепке жиналған нәзікжандылар «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудағы мемлекеттік саясат» деп аталған үшінші сессия жұмысынан да мол мағлұмат алды. Бұдан бөлек жиын барысында көшбасшы болудың қандай қыр-сыры бар, жеке имидж қалыптастыру үшін не істеу керек, жұмыс пен отбасы арасындағы түрлі жағдайлардың түйінін қалай тарқатуға болады деген сауалдарға толыққанды жауап беретін семинар-тренингтер жүргізілді. Сонымен қатар, ханымдар бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибелерін ортаға салды. Жиын соңында көшбасшы саясаткер әйелдердің жазғы мектебіне қатысқан ханымдарға Парламент Мәжілісінің депутаты О.Асанғазы арнайы сертификат табыс етті. Сондай-ақ, ол қыз-келіншектердің түрлі сауалдарына жауап беріп, әйел-аналардың отбасындағы рөлі, қызмет баспалдағындағы жетістіктері, бала тәрбиесіндегі орны жайлы келелі пікірін ортаға салды.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол». Меркі ауданы.