Спорт және туризм

Элиас Ілиястан мықты екен

Элиас Ілиястан мықты екен

Сүлейменов Мексика шаршы алаңында сүрінді

Әуесқой бокстан Рио Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан AIBA Pro Boxing турнирінде қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменов ақтық сынға шыға алмай, олимпиада лицензиясынан айырылып қалды. 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Сүлейменов Мексикада жергілікті боксшы Элиас Эмигдиоға есе жіберді. Өткен жылдың желтоқсан айында Ресейдің Новосібір қаласында да Элиас Ілиястан басым болып еді. Бұл жобаға қатысқан қазақ боксшылары осыған дейін екі бірдей олимпиада жолдамасын қалтаға басқан болатын. Алғашқы кезеңде қарсыластарының бәрін қалпақпен ұрып алған 60 келідегі оғланымыз Берік Абдрахманов жоба чемпионы атанып, лицензия мәселесін күні бұрын шешсе, бірінші кезеңде жолы болмағанымен, кейіннен бабына келіп, өзінің биік деңгейін байқатқан 49 салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшы Біржан Жақып жолдамаға иелік еткен. Тиісінше екі кезеңде де жолы болмаған 91 келідегі Антон Пинчук жолдамадан қағылғанымен, аталмыш салмақтағы басқа боксшымыз Василий Левит бүкіләлемдік бокс сериясы арқылы жолдаманы иемденген. Бүгінгі таңда қазақ боксшыларының қанжығасында үш лицензия бар. Ендігі мәселе қалған жеті салмақта жолдамаға қол жеткізу керек. Боксшыларымыз мұны әсте естен шығармай, шын мықтылар жолдама жолында жанталасатын болады деген сенімдеміз. Қазақ елі күрзі жұдырықты оғландарынан әрдайым үлкен үміт күтеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».