Головин - Лемье
Головин - Лемье
Қос мықтының жекпе-жегі қазан айында өтеді
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBA (super), IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы Геннадий Головкиннің «біріккен тұжырымдар кездесуін өткізсем» деген арманы орындалды. Бұған дейін өзіне тиесілі атақтарды қорғап келген қазақстандық боксшы енді канадалық Давид Лемьемен Pay-per-view дәрежесінде кездесу өткізеді. Өз карьерасында 36 кездесу өткізіп, оның отыз төртінде жеңіс тойын тойлаған Лемье отыз бір мәрте қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген. IBF тұжырымы бойынша сарапқа салынған белдікті Хасан Н'Дам Н'Джикаммен болған кездесуде жеңіп алған. Иә, бұл – қос боксшының Pay-per-view, яғни, ақылы трансляция арқылы өткізетін алғашқы жекпе-жегі. «Голден бой» промоутерлік компаниясын басқаратын Оскар Де Ла Хойяның иелігіндегі Давид Лемье мен Геннадий Головкин – бір-біріне ұқсас боксшылар. Екеуі де нағыз панчерлер. Лемье екі мәрте жеңілгенін айттық қой. Түбі армяндық канадалық боксшы алдымен 2011 жылы Жоашин Альсинге жол берсе, сол жылы былтыр ғана Головкиннен екінші раундта ойсырай ұтылған Марко Антонио Рубиодан техникалық нокаутпен жеңіліс тапқан болатын. Жалпы, Лемье 26 кездесуін алғашқы екі раундта аяқтаған үлкен панчер саналады. Айтпақшы, Мигель Коттомен кездесуге тиісті Сауль Альварес те «Голден бой» промоутерлік компаниясымен жұмыс жасайды. Мамандар Оскар Де Ла Хойя Лемье арқылы Генаны тексеріп алуды көздеп отыр деген пікірді алдыға тартады. Естеріңізге сала кетейік, Мигель Котто мен Сауль Канело Альварес жұбының жеңімпазы Геннадий Головкинмен WBC тұжырымының белдігін міндетті түрде сарапқа салуы тиіс. Аталған кездесу шамамен келесі жылдың басында өтеді деп жоспарлануда. 17 қазан күні Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасында өтетін кездесудің андеркардында жеңіл салмақтағы әйгілі чемпион Роман Гонсалес жұдырықтасады деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат расталған жағдайда ақылы трансляцияның құны да, көрермені де арта түсері талас тудырмаса керек. Ал біз сойқан соққысымен әлемді мойындатқан Головкиннің жеңісіне сенімдіміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».