Мәдениет

Би әлемінің ақ кербездері

Би әлемінің ақ кербездері

Кілең үздіктер жиналған ұжымнан жұрттың таңдайын қақтырар шеберлік шығады. Шынайы өнерімен көпшіліктің көңілін баурап жүрген өнерпаздардың бірі – облыстық филармонияның «Ақкербез» бишілер ансамблі. «Ақкербез» бишілер ансамблінің іргесі 2012 жылдың ақпан айында қаланды. Сәмбі талдай бұратыла билегенде қыпша белдері үзіле жаздайтын арулардың ептілігіне таңғалмай көр. Ұжымды Айжан Қонарбаева басқарады. Құрамында он алты адам бар. Жалындаған жас бишілердің жеткен жетістіктері де едәуір. Атап айтқанда, 2012 жылы мамырда өткен VIIІ облыстық жастар Дельфийлік ойындарында «Халық биі» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. 2013 жылы сәуірде Таразда өткен республикалық «Бұраң бел» би байқауында да «Ақкербез» жүлдегер атанды. Осы жылдың маусым айында ІХ облыстық жастар Дельфийлік ойындарының «Халық биі» аталымы бойынша бас жүлдесін олжалады. Бұл сәттілік үлкен жетістіктерге жол ашты. Жамбылдан жасақталған биші қыздар түздегі өнер аламандарында да бақ сынады. Түрлі байқаулардан үнемі жүлдемен оралып жүр. Мәселен, 2013 жылдың қараша айында Астана қаласында өткен «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауына қатысып, ерекше көзге түсті. Бас жүлдені олжалады. 2015 жылы ақпан айында Астана мемлекеттік «Наз» би театрының қолдауымен өткен «Баян-сұлу» республикалық өнер байқауының да бас жүлдесі «Ақкербездің» биші қыздарына бұйырды. Ансамбль құрамындағы Захира Байбағысова, Ләйла Жәкішева секілді талантты қыздардың озық өнері өзгелерге үлгі. Осынау би ансамблінің биік белестерден көрінуіне облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Жандос Омаров үлкен үлесін қосып келеді. Биші қыздарды ұлттық киіммен, қажетті жабдықтармен, көлікпен қамтуға филармония басшысы ерекше көңіл бөледі. – Осы күндері облысымыздың аудан, ауылдарына шығып, өзіміздің өнерімізді көрсетіп, елдегі өнерді бағалайтын көпшіліктің алғысына бөленіп жүрміз. Жақын күндерде ғана Қордай ауданынан өнер сапарынан оралдық. Алдыға қойған мақсаттарымыз өте көп. Республикалық, халықаралық байқауларда өзіміздің хас шебер екенімізді дәлелдей беруге күш саламыз. Қоржынымызды жаңа билермен жаңартып отырамыз. Негізінен, ұлттық билерге баса көңіл бөлеміз. Мың бұрала билеген биші қыздарымызбен жұртшылықтың үнемі құрметіне бөленіп жүргенімізді ізденісіміздің жемісі деп есептейміз. Алдағы күндерде шеберлігімізді шыңдап, ізденісімізді арттыра түсеміз. Бишілік өнер жеңіл емес. Үнемі абыройға бөлену қажырлы еңбекті қажет етеді. Өзім де тәжірибелі ұстаздардан би үйреніп, би мектебінен өттім. Сол тәжірибеммен «Ақкербездің» мерейін жоғарылатып жүргеніме қуаныштымын, – дейді ансамбль жетекшісі Айжан Санатқызы. Жақсы хореограф, мықты менеджер болған жерде толассыз табыс та болады. «Ақкербездің» алар асуы алда.

Есет Досалы, «Ақ жол».