Тойханасын... балабақшаға айналдырған азамат
Тойханасын... балабақшаға айналдырған азамат
Кәсіпкердің кәделі ісі
Таразда тас лақтырсаң, тойхана мен мейрамханаға тиетіні анық. Өйткені, әу баста кәсіппен айналысуға бет бұрғандар қазақтың күні тойсыз өтпейтінін іштей медет тұтып, бірі мен бірі жарыса көздің жауын алатын зәулім сарай салуға ден қойғандай сезімге жетелейді бізді. Расында да солай. Кәсіпкер үшін бұл таптырмас табыс көзі болып тұрса, одан қалай бас тартсын. Одан қалса алыстан адамды өзіне арбайтын түрлі ойын-сауық кешендері де кісіге керемет көңіл-күй сыйлаудан бұрын түпкі мақсаты қалтасын қомпайтып, қазына-қаражатын қауқарландыра түсу. Ал сонда ұлт мүддесін кім ойламақ? Жекелеген адамдар тек бас пайдасын ойлай берсе, түбінде тектіліктен де, иманнан да жұрдай болтынымыз жасырын емес. «Әркімнің қолы өзіне қарай иіледі» дегендей көбісінің көксегені көктегі қол жетпестің өзі болып тұрғаны жанға батса да, жазғанға көнер амал жоқ. Әйтсе де, кейінгі кезде ел ішінде кейбіреулердің имандылыққа бет түзеп, қабырғалы істер мен қайырлы істерді алға тартып жүргені әрекідік болса да байқалып қалып жүр. Сондайда Алланың пендесіне зерде бергеніне шүкіршілік айып, жаратқанның жақсы күнін тәубе дейсің. Әсіресе, өзге үшін өнеге боларлық біреудің ісін көргенде, бабасына алғыс жаудырып, бар ынта-ықыласыңмен соңынан еріп кеткің-ақ келеді. Соның бір көрінісіне кеше көппен бірге куә болған жайымыз бар. Анығын айтқанда қаладағы Королев көшесінің бойынан ашылған 300 орындық «Аю» балабақшасының ел игілігіне ұсынылуы. Құдай-ай, сол да жаңалық болып па? Бұл күнде қай жерде қандай балабақша ашылмай жатыр деуіңіз мүмкін. Бірақ, мейрамхананы балабақшаға айнлдыруды бұрын көрмегеніңізге де, естімегеніңізге де біз сенімдіміз. Иә бұл бұрын балабақша емес, мейрамхана болған. Оны екінің бірі біледі. Міне, азамат! Бүлдіршінге де үлкенге де қуаныш сыйлап, ел алғысына бөлену осындай-ақ болсын. Айтпақшы, нысанның ашылу салтанты басталғанша жиналған жұрттың аузын бақпасақ та, әңгіменің тиегін ағытқандардың сөзіне еріксіз құлақ асқанымыз бар. Сондағы сөз қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Бағдат Асаубайқызы Майлыбаеваның ер азаматқа бергісіз тірліктер тындырып жүргені жөнінде өрбіді. Бұл оның бұған дейін жүзеге асырған бірінші әлеуметтік жобасы емес екен. Байзақ ауданындағы бұрынғы демалыс орнында бұл күнде балалар бақытына арнап, «Аю тропик» балалар демалыс орталығына айналдырған екен. Одан қалса бүлдіршіндерге арналған «Бәйтерек» сауықтыру орталығы (лагерь) тағы бар. Ал, бұл күнде мемлекет мектепке дейінгі балалар білімі мен оның тәрбиесін тұрақты көңіл бөліп, облыс, аудандарда мектепке дейінгі мекемелердің жетіспеушілігін жою көзделсе де, бабабақша санының жетіспеушілігі өткір мәселе болып тұрғаны ақиқат. Рас «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын өңірімізде бірнеше мектепке дейінгі мекеме ашылып жатқанында айтпай кетуге болмас. Әйтседе кезек күтушілер саны да күн тәртібінен түспей тұр. Дәл осы ретте Бағдат Асаубайқызының батырлық танытып, 180 миллион теңге инвестиция салу арқылы балаларға тамаша тарту жасауы жалпақ жұртқа жария қыларлық жайт. Одан бөлек бұл өңіріміздегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің дамуына үлкен үлес қосқанның айшықты бейнесі. Біз сөз етіп отырған балабақша заман талабына сай жабдықталған екен. Әр балаға айына 36 мың теңгеден айналғанда оның оның 18 мың теңгесін ата-ана толеп, қалған 18 мың теңге мемлекет есебіне жатқызылыпты.
Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, балғындар мен ата-аналардың қуанышына ортақтасуы жеке кәсіпкерлердің аталы іске бет бұруына үлкен сеп боларлықтай кейіпте болды. Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы бұл игі іске негіз Елбасының парасатты саясатының жемісі арқау дегенді алға тартты.
«Облыста осы күнге дейін 410 балабақша ашылса, оның 169-ы шағын орталық. 44 мың бала тәлім-тәрбие алып жатса, 36 мың бүлдіршін кезекте тұр. Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы секілді өзге де аудандарда да, жекеменшік балабақшалар салынып, бұл күнде олардың саны 29-ға жетіп отыр. Мен кәсіпкерлердің түрлі демалыс орнын балабақшаға айналдырғанына разымын. Осындай кәсіп иелері мен бала бақша саны арта берсін. Барлық ойлаған істеріміз бен, күш-жігеріміз балалардың болашағына жұмсалсын»,-деді жиын барысында Кәрім Нәсбекұлы. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Тәжібаев кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, батасын берсе, осыдан кейін сөз алған Бағдат Асаубайқызы қаланың, отанның патриоты ретінде игі іске қол созғанын сөз етіп, біз тойхана, мейрамхана салғаннан балаларға бақыт сыйлағанды жөн көрдік дегенді жалынды сөзімен жеткізді. Бұдан кейін К.Көкірекбаев бастаған топ нысан кермесін қиып, ғимараттың ішін аралап көрді. Аталмыш Балабақшада спорттық сауықтыру кешені, екі би залы, сурет салу және ойын бөлмесі,музыкалық аспаптар, үлкен акт залы бар екен. Барлық бөлменің талапқа сай екені ел назарына бірден түсіп жатты. Әрине, балабақша салу арқылы табыс табуғада жеке кәсіп иелері үшін болатын шығар, мейрамхананы тойханаға айырбастап, өз бизнесіңді құрбан ету екінің бірінің қолынан келе бермесі әмбеге аян. Осы балабақша арқылы 80 адамның жұмыспен қамтылғанын ескерсек, бұл өзге кәсіпкерлер үшін алғысқа кенелу мен абыройға ие болудың тың үлгі іспетті.
Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол»
.