Тараз қаласында құқық бұзу көбейіп тұр
Тараз қаласында құқық бұзу көбейіп тұр
Тараз қалалық прокуратурасы ағымдағы жылдың жартыжылдығында жұмыс барысында Бас прокуратураның және облыстық прокуратураның талаптарына сәйкес, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық мәселесіне басты назар аударды. Бұл туралы қала прокуроры Бағлан Телеу журналистермен өткен баспасөз мәжілісінде айтып берді.
Бағлан Телеудің айтуынша, есепті мерзімде қалалық прокуратура тарапынан 75 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 1309 заң бұзушылық анықталыпты. Прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында 8414 азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, 944 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жеке кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың қолданылуы және бюджет қаражатының жұмсалуы да прокуратураның бақылауында. Мәселен, облыс орталығында жеке кәсіпкерлердің қызметін заңсыз тексерудің үш жайты тоқтатылып, кәсіпкерлердің мүддесіне қол сұғу болып табылатын қала әкімдігінің қаулысына 22 наразылық енгізіліпті. Аталған деректер бойынша әділет департаментіне және қала әкімінің атына заң бұзушылықты жою туралы туралы ұсыныс беріліп, үш лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал мемлекет бюджетіне 454 612 607 теңге өндірілген. Алты айдың ішінде (былтыр 4 523 қылмыс) 5 857 қылмыс тіркеліп, құқық бұзушылық 29,4 пайызға өскен. «Бұл қала аумағында қылмыстық ахуалдың абсолютті көрсеткіші болып табылмайды, себебі 5 857 қылмыстық істің 4 886-сы сотқа дейінгі тергеу нәтижесімен ақталатын негіздер бойынша өндірістен қысқартылған. Оның себебі жаңа қылмыстық процессуалдық заңнамаға енгізілген сотқа дейінгі тексеру институтын алып тастау туралы новелламен байланысты», – дейді қала прокуроры. Есепті мерзімде есеп-қисап тәртібінің заңдылығын қадағалау бойынша 11 тексеру жүргізіліп, есептен жасырылған тоғыз қылмыс әшкереленген. Оның біреуі бөтеннің мүлкін ұрлауға, қалғаны бұзақылыққа қатысты екен. Қадағалау тәртібімен жүргізілген тексеру қорытындысында қылмыстық қудалау органдарына 81 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 104 лауазым иесі түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қала прокурорының айтуынша, биыл қолданысқа енгізілген жаңа қылмыстық процессуалдық кодекстің де новеллалары кеңінен пайдаланылуда. Атап айтқанда, сегіз қылмыстық іс бойынша процесс прокурорлары тағайындалып, алты жәбірленушінің айғақтарын сақтау үшін тиісті шаралар қолданылған. Мәселен, Тараз қалалық №2 сотының тергеу судьясымен Қырғызстан Республикасының азаматшасы жәбірленуші Э.Биримқұлованың айғақтары сақталған. Бұл шара шет ел азаматының сотқа дейінгі тергеудің аяқталуын күтіп, кейін сотқа барып, өз айғақтары бойынша жауап беру үшін елімізде ұзақ мерзім бойы жүруден босатып, жағдайын жеңілдеткен. «Облыс бойынша ҚАЖД пробация қызметінде есепте тұратын тұлғаларға қатысты, олардың қылмыстық жазаларын орындауының заңдылығын қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізілді. Мониторинг барысында бостандығын шектеуге және шартты түрде сотталған тұлғалардың ескертусіз, рұқсатсыз тұрғылықты жерінен өз бетімен шығып кетудің 17 дерегі анықталды. Прокуратура облыстық ҚАЖД пробация қызметінің басшылығына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Сөйтіп, екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – дейді Бағлан Телеу. Мәліметке сүйенсек, қалалық прокуратураға келіп түскен арыздардың дені құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне, нақты айтқанда полиция қызметкерлерінің шағым бойынша қабылдаған шешімімен келіспеушілік, сот шешімдерінің ұзақ мерзімді орындалмауы, тұрғын үй қатынастары мен жер заңнамаларының бұзылу деректеріне қатысты көрінеді. Ағымдағы жылдың алты айында прокуратураға 1426 арыз түсіп, оның 1287-і қаралып үлгерген.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».