Құқық

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Көліктегі құқық бұзу­шылықтар – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Биылғы жылдың өзінде ауданда көліктегі құқық бұзушылықпен байланысты барлығы 47 әкімшілік іс қаралды. Оның ішінде мас күйінде көлік құралын жүргізумен байланысты 29 әкімшілік іс қаралып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қолданысқа енгізіліп, заңнама жаңаланғаны белгілі. Соған орай көліктегі құқық бұзушылыққа қатысты жаза да қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері өсті. Осыған қарамастан көліктегі құқық бұзушылықтар азаймай отыр. Мысалы, биылғы жылдың 21 наурызында құқық бұзушы М.А.Ахметов сағат 21.00 шамасында «Mercedes-Benz» маркалы көлігімен Құлан ауылы Жібек жолы көшесімен кетіп бара жатып, жолда жүру ережесінің талаптарын өрескел бұза отырып, М.Сартаевтың басқаруындағы «Volkswaqen Caravelle» маркалы автокөлігін алдыңғы жағынан соғады. Нәтижесінде материалдық залал келтірген. Облыстық ішкі істер депар­таменті әкімшілік полиция басқармасының анықтамасына сай, М.Ахметовке көлік құралдарын жүргізу құқығы тіркелмегені белгілі болды. Яғни, М.Ахметов көлік құралдарын жүргізу құқығы жоқ адам ретінде осы құқық бұзушылықты жасаған. Сол сияқты құқық бұзушы Б.Айдарбаев биылғы 20 наурызда сағат 14.00 шамасында Тұрар Рысқұлов ауданы, Каменка ауылы, Жібек жолы көшесі бойымен «Nissan Serena» маркалы автокөлігін мас күйінде жүргізу құқығы жоқ бола тұра басқарған. Соттың 30 наурыздағы қаулысымен Б.Айдарбаев кінәлі болып табылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Әкімшілік құқық бұзушы У.Имашев та биылғы 13 наурызда өзінің басқаруындағы «Audi» маркалы автокөлігімен мас күйінде жүйткіген. Ол Құлан және Абай ауылы арасындағы тас жолда қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, Тараз қаласына бара жатқан, К. Ергалиевтың басқаруындағы «Мазда» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Бұл оқиға жолда жүру ережесінің 3-тармағы 9-тарауының және 4-тармағы 2-тарауының талаптарын өрескел бұзу болып табылады. Салдарынан автокөліктерге материалдық залал келтірген. Осы әрекеті үшін құқық бұзушы Улан Маратұлы Имашев әкімшілік жаза ретінде бес жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Жол жүру ережелерін сақтамау қоғамға үлкен қауіп төндіретінін ұмытпаған абзал.

Байқадам Нұралиев, аудандық соттың төрағасы.

Т.Рысқұлов ауданы.