Саясат

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Мемлекеттік қызмет жүйесінің неше түрлі модельдері жасалған. Қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлігіне 15 қадамның енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсетеді. 

Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Елбасының «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін білдіреді. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастырылуы қажет. Елбасы Жарлығымен 2011 жылы 21 шілде күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап, оны рәсімдеуге және әрі қарай дамытуға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болады. Сондай-ақ, соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесін қайта ұйымдастыру арқылы әкімшілік кедергілер мен қағазбастылық қысқарып келеді, мемлекеттік құрылым қызметі айтарлықтай оңтайландырылды, ведомстволар арасындағы жауапкершілік күшейді. Нәтижесінде Үкімет ықшамдалғанына, оған стратегиялық басқару функциялары бекітіліп беріліп, аудан және ауыл әкімдерінің сайланбалылығы енгізілгендігіне халық куә. Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау – уақыт талабы. Мұны Елбасы үнемі айтып келеді. Себебі, күн сайын мың құбылып жатқан әлемде уақыт көшінен қалуға болмайды. Ол дамуымызды тежеп, халықтың әлеуметтік-экономикалық өсуіне кедергі келтіреді. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Елбасымыз жаңа реформаларды қабылдардың алдында оларды ұзақ уақыт бойы зерттеп, оны сын тұрғысынан зерделеп көреді. Бұл жолғы реформалар да Мемлекет басшысының сындарлы саясаты мен көрегендігінің көрінісі. Президент жанындағы Мемлекеттік қызметтің негізгі бағытын жетілдіру жөніндегі Ұлттық комиссиясының жедел құрылуы да оның маңызының жоғары екенін көрсетеді. Казіргі заманның мемлекеттік қызметке, мемлекеттік қызметшілерге деген талабы жоғары. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, сонымен қатар, білікті де жоғары моральдық жауапкершілікті, тәжірибелі, әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері мол, өз елінің ұлтжанды азаматы болуы қажет. Мемлекеттік қызметшілерден басқа қызметшілер үлгі алуы, соларға қарап бой түзеуі тиіс. Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отансүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен және кез-келген ортада үлгі болуы керек. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау барысында меритократия қағидаттарын қорғау керектігін де алға тартты. Расында да, мемлекеттік қызметтердің меритократия қағидаты, яғни жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерінің негізге алынуы – әділ талап. Біздің елімізде бар ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, еңбек етіп жүрген жандар көптеп кездеседі. Мемлекеттік қызметші өз атына лайық болу керек. Осы орайда Елбасымыздың «Мемлекеттік қызметке жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеуі үшін жалдайды. Сондықтан, біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әрі істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген сөздері еріксіз еске түседі. Мемлекеттік қызметші атану – абыройлы міндет. Олай болса, «Реформа мемлекеттік аппараттың жұмысын мөлдір және азаматтарға есеп беретіндей етеді. Мемлекет жинақы болуы тиіс және өкілеттіктердің көбін мемлекеттік секторға беру қажет. Мен ұлтқа ұсынып отырған реформалар жоспары, біріншіден, беймаза әлемде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екіншіден, инклюзивті, бәрін қамтитын жаңғыртулар жүргізуге жағдай жасайды. Осы заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппараты бар мемлекет қана қуатты және табысты бола алады» деген Мемлекет басшысының сөзі бәрімізді ойландыруы тиіс.

Сламбек Тілегени, Қазақстанның  құрметті құрылысшысы.

Талас ауданы.