Экономика

Төрт түлігім күйлі болсын десең...

Төрт түлігім күйлі болсын десең...

Жаз жемшөбіңді дайында

Қыстың қандай болатынын жаздан-ақ бағамдауға болады. Биыл маусым айынан басталған аптап ыстық әлі қайтпай тұр. Ауа райын болжаушылар алдағы қыс қатал болады деп болжам айтуда. Ағымдағы жылы жауын-шашынның жеткілікті болуынан табиғи шөппен қатар көпжылдық шөп те бітік өсті. Бүгінде облыстың барлық санаттағы агроқұрылымдары мал азығының берік қорын жасауға күш салуда. 2015-2016 жылдардағы мал қыстату кезеңіне облыс бойынша 340 мың бастан астам мүйізді ірі қара, 2 475 мыңнан астам қой және ешкі, 105,2 мыңнан астам жылқы, 5,7 мың бас түйе және 28,8 мың бас шошқа түседі деп күтіліп отыр. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін 1063,3 мың тонна пішен, 38665 тонна пішендеме, 2,9 мың тонна сүрлем және 108 мың тонна сабан әзірлеу жоспарланған. Агроқұрылымдар бұл іске маусым айынан бастап кіріскен болатын. Қазірге дейін ауыл шаруашылығы құрылымдары 930 мың тоннаға жуық пішен, 20 мың тоннаға жуық пішендеме әзірледі. Мал семірту және оның қоңын түсірмеуде құнарлы жем азығының орны ерекше. Биыл облыс бойынша 328,3 мың тонна құнарлы жем әзірленуі тиіс. Дәнді дақылдар және дәндік жүгеріні қосқанда 240-250 мың тонна құнарлы азық дайындалады. Оның қалған бөлігін кәсіпкерлерден және басқа облыстардан сатып алу көзделуде. Қыс кезеңіне әрбір шартты мал басына берілетін азық 12,5 центнер бірлікке жеткізіледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 11,5 центнерді құраған болатын. Аймақта жыл сайын облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ұлттық компаниясы» және «Астық Транс» АҚ араларында «Жамбыл облысында 1 сұрыпты бидай ұнынан жасалған нанға, 1 сұрыпты ұнға бағаларды тұрақтандыру жөнінде» меморандумға қол қойылады. Меморандумға сәйкес басқа облыстардан бидай ұнымен қатар кебек те сатып әкелінеді. Кебек қыста облыстағы шаруа қожалықтарына арзан бағамен өткеріледі. Әдеттегідей ағымдағы жылы да қолдағы бар малдың бір бөлігі шалғайдағы жайылым, яғни құм аумағында қыстатылады. Алыс жайылымдарда мал азығы құм шөбінен әзірленеді. Биыл табиғи шөп құмда да бітік өскен. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланған агроқұрылымдар 1,5 жылдық мал азығы қорын дайындауға күш салуда.

Аманбай Қошамбеков, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі.