100 нақты қадам бәрімізге жауапкершілік жүктейді
100 нақты қадам бәрімізге жауапкершілік жүктейді
Әлемдік өркениеттің биік белестеріне бет алған егемен еліміз бағыт-бағдарын тағы бір айқындап алды. Түпкі мақсат уақыт талаптарымен тағы да бір салыстырылды. Елбасымыз ұсынған бес институттық реформа, оларды жүзеге асыру жолында белгіленген 100 қадам қазақстандықтарды жігерлендіріп, ортақ іске құлшындыра түсті. Қайта жаңғыруымыздың алғашқы қадамдары сәтті өтуде. «Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда, - деп атап көрсетті Елбасы өз сөзінде. – Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу – бұрын да мемлекеттік табысының айқындаушы факторы болған және бола береді».
Қордай
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын насихаттау шаралары аудан елді мекендерінде кең көлемде қолға алынды. Оларда әңгіме өзегіне алынған басты мәселе – реформалардың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси еркі мен жігеріне арқа сүйейтін құнды бастама екендігі. Қасық ауылдық округінің Мәдениет үйінде өткен басқосуда да Ұлт жоспары елімізді бәсекеге қабілетті жоғары дамыған 30 елдің қатарына қосуға бағыттайтыны баса айтылды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Мәдениет үйінің қызметкерлері, кітапханашылар, ауылдық ақсақалдар алқасының және жастар ұйымының өкілдері қатысты. Олардың алдында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дамира Дошанова «100 нақты қадамның» негізгі қағидаларын кеңінен түсіндіріп берді. – Бұл мақсат мемлекетке де, оның әрбір азаматына да ерекше жоғары талаптар қояды. Сондықтан да, ол Ұлт жоспары аталып отыр. Ол үшін ең әуелі мемлекеттік қызметкерлердің өзіне деген талабы артуы керек. Аталған бес реформаның қай-қайсысы да, түптеп келгенде, мемлекеттің болмысын түбегейлі өзгертіп, қоғам алдында жауапты, ашық жүйеге келтіруді көздейді, – деді баяндамашы.
Байзақ
«100 нақты қадам – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап» атты тақырыпта аудан орталығындағы «Байзақ баба» мешітінде жамағатпен кездесу өтті. Жиынды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мырзахан Махамбетов ашып, «Нұрлы жол» стратегиясының құрамдас бөлігі – 5 халықтық реформаның мәні мен оны жүзеге асыру жолдары туралы кеңінен айтып берді. Келесі кезекте сөз алған аталмыш мешіттің бас имамы Рәмиз қажы Азизов еліміздің бірлігі, дінаралық татулық жайында әңгімеледі. Бас имам сонымен қатар Қазақстан әлемге саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау саясаты бойынша танымал мемлекеттің бірегейі екендігін, ел тұтастығына қауіп төндіретін экстремизммен күреспен, ата дініміздің құндылықтарын құрмет тұтудың маңызын, жаһандану аласапыранында біртұтас халық болып қалу үшін тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге берік болу қажеттігін, жаһандану заманында бейбітшілік пен тыныштық, татулық пен достықты қастерлей білудің маңызына тоқталды. Бұдан соң сөз алған аудандық «Ауыл жаңалығы» газеті редакторының орынбасары Г. Ермұратова алдымен әлемде болып жатқан алуан келеңсіз оқиғалар, дағдарыстар мен дүмпулердің залалына тоқталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, экономикалық әлуетті нығайтуда «100 нақты қадам» бағдарламасы – алдымызда тұрған дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жасалған нақты алғышарты болып табылатындығын, мұнда негізгі салалар қамтылғанын, оны іске асыру тетіктері көрсетілгендігін айтып берді.
Жуалы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасында ұсынған 100 нақты қадамды аудандағы ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері кеңінен талқылады. Балалар кітапханасында «Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» тақырыбындағы дөңгелек үстелді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әлия Майбалаева ашты. – Құрметті әріптестер, өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған мемлекетті одан әрі жаңғыртып, өсіп-өркендететін 100 нақты қадам халықтың тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. 100 нақты қадамды ауыл-ауылдағы халыққа жеткізу – біздің міндетіміз. Сондықтан Елбасының барлық идеялары мен тапсырмаларын ұлттық мәдени орталықтардың арасында да насихаттасақ, нұр үстіне нұр болмақ, – деді Әлия Шоқайқызы. Ә.Майбалаева осылай дей келе, еңбек ардагері, елдің өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан Лидия Ходкевичке Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының Алғыс хатын тапсырды. Кезекті сөзді Лидия Захаровна алып, еліміздің қарыштап дамып келе жатқанын, қоғамның әр мүшесі еңбекті бағалап, достықты ту етіп ұстаса, еліміз көп ұзамай дамыған 30 елдің қатарына қосылатынын айтты. Сонымен қоса өз өмірінің еңбек жолынан келелі әңгіме өрбітті. Өз кезегінде өзбек, әзірбайжан этномәдени орталықтарының жетекшілері Зувайда Мажитова, Эсмира Мамедова 100 нақты қадамның әр қадамына тоқталып, оны жүзеге асыруда ұлттар татулығының, тұрақтылықтың маңызы зор екенін тілге тиек етті. «Ақментей», «Жуалы Қанағат» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері Аманжол Дүрәліұлы, Ұлтуған Бекмұханова еңбектің құндылықтарын сөз етіп, бірлік, татулықты бағдар етіп ұстап, Елбасымыздың саясатын қолдауға шақырды. Сонымен бірге жиында жастар атынан «Самұрық жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батыр Тоғызбаев сөйлеп, мемлекеттік саясатта жастар саясаты зор мәнге ие екенін айтты. Дөңгелек үстелді Ә.Майбалаева қорытындылады.
Талас
Қаратау қаласындағы «Игілік» көп салалы мемлекеттік кәсіпорнында жұмысшы-қызметкерлерінің қатысуымен Елбасының Ұлт жоспары 100 нақты қадам тапсырма-бағдарламасы төңірегінде жиын өткізіліп, оның жұмысын қала әкімі Қ.Мақашов жүргізіп отырды. Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің Қаратау аймағы бойынша басқармасының консультанты Қ.С.Қарашолақов сөз сөйлеп, 100 нақты қадам туралы жан-жақты түсіндірме жасады. Осындай жиын қаладағы «Дарын» балалар өнер мектебінде де өткізіліп, оған қатысушылар 100 нақты қадам туралы түсініктерін молайтып қайтты.
Меркі
Елбасының 5 институционалдық реформасының аясындағы жүз нақты қадам бағдарламасының жер-жерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай, Меркідегі аудандық Мәдениет үйінде «Татулық – таусылмас бақыт» тақырыбында этномәдени орталықтардың төрағаларымен кездесу өтті. Жиынды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов ашып берді. Келесі кезекте сөз алған өзбек этномәдени орталығының төрағасы Б.Хасанбаев: – Біздің елдегі әрбір ұлт пен ұлысқа бар жағдай жасалған. Айталық, ана тілінде білім алады, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын жаңғыртуларына жол ашық. Тыныштық пен бірлікті бекем ету үшін бұдан артық не керек? Ендігі жерде аға буын өкілдерінің жастарды отансүйгіштік пен мемлекеттік тілді қастерлеуге берер ұлағаты зор болуы тиіс, – деп атап өтті. Мұнан соң мінбеге көтерілген облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Халил Әлиев: – Біз алға қойған мақсаттарымызды орындауымыз үшін «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруымыз керек. Мәңгілік Ел болу үшін әрбір Қазақстан азаматы Отанын сүйетін патриот болуы тиіс. Оның сана-сезімі осы елді сүю, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілін қастерлеу болып табылады. Яғни, барлық этностар мемлекеттік тілді жақсы меңгерулері қажет, – деп, еліміздегі барша ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырды. Ал аудандық қарашай-балқар этномәдени орталығының төрағасы Нұрлан Жарашуев Елбасы бұл бағдарламасында татулық пен бірлікті бірінші орынға қойды. Ендігі міндетіміз осы өзгерістерді оңтайлы жүзеге асырып, келешекке нық қадам басу болып табылатынына тоқталды. Кездесу барысында өзге де этномәдени орталықтардың төрағалары мен мүшелері бес халықтық реформадан туындайтын 100 нақты қадамға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Мойынқұм Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапханада Елбасы Н.Назарбаевтың 5 халықтық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадамды түсіндіруге байланысты дөңгелек үстел өтті. Оны аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырып, жиынға ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, кітапхана меңгерушісі Ғалия Шубаева, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шакизат Акимов шақырылды. Келбетті келешек жолындағы жүз нақты қадамды іске айналдыруда Ж.Қалыбаев, Ғ.Шубаева, Ш.Акимов, Ж.Даниярова өз ойларын ортаға салып, бірнеше қадамдарға тоқталды. Әсіресе, Жамбыл ақсақал қадамдарды жіктеп, оның ел болашағына жасайтын игі ықпалын тілге тиек етті. Дөңгелек үстел басына жиылған мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл тұрғындары да тақырып аясында ой бөлісті.
Құрманбек Әлімжан, Сәулембай Әбсадықұлы, Нұрболат Әлдибеков, Байжан Емберді, «Ақ жол». Гүлшаһар Ермұратова, Нұржан Манасұлы, журналист.