Бақытқа толы балғындар ұясы
Бақытқа толы балғындар ұясы
Рухтың, салт-дәстүрдің, тіл, діннің тазалығына қорған болатын текті ұрпағы бар ұлттың ғана тарихы тұғырлы, келешегі кемел, еркіндігі мен елдігі бекем болмақ. Ал тектілік тамырын тәрбиеден тартады. Сондықтан, ұлтының тағдырын ұрпақ тәрбиесімен байланыстырған қазақ әуелден-ақ бұл мәселеге баса назар аударған. «Бұтағымен ағаш сымбатты, ұрпағымен адам қымбатты» деуі де осыдан.
Отбасылық тәлім-тәрбиенің дәстүрлі қағидаты бойынша, әке – ұлының айбынды, ана – қызының ибалы болып өсуіне жауап беруі тиіс. Заман жаңарып, күнкөріс талаптары күшейген сайын бала тәрбиесі ата-анамен қатар, балабақшаның, мектептің ортақ мүддесіне айналды. Осы орайда, бөбектердің қоршаған ортаға бейімделуіне, алғашқы дүниеауи танымдық көзқарастарының қалыптасуына, қабілеттерінің анықталуына балабақшалар себепші болмақ. Баланың дамып жетілуіне ықпал ететін ұжымдық тәрбиенің бұл баспалдағына жүктелер жауапкершілік зор. Тәрбиешілер қауымы әр бүлдіршіннің сия тамбаған сана парағына тек сапалы қасиеттерді сіңіре алуы тиіс. Осындай биік талаптар сақталғанда ғана мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің маңыздылығымен қатар ел ертеңіне деген сенім де еселене түспек. Шу ауданының орталығы Төле би ауылында орналасқан «Раушан» балабақшасы аталмыш талаптар тұрғысынан алғанда үлгілілер қатарынан көрініп келеді. Ұжымды басқарып отырған тәжірибелі ұстаз Рымжан Тайбекованың бүлдіршіндерге ғана емес, мұндағы тәрбиешілер мен оқытушыларға да үйретері көп. Оның көрсеткен үлгісі, берген нұсқаулары балабақша тынысын кеңейтіп, тірлікті заманауи сұранысқа сай тура бағытпен жүргізуге, тәрбие жұмысындағы әдіс-тәсілдердің күн санап жетіле түсуіне ықпал етіп келеді. Ауданда білім саласына лайықты деңгейде көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары жаңа балабақшалардың қатары артқаны қуантады. Осылайша, ата-аналардың өтініші ескеріліп, кезек мәселесі де біртіндеп оң шешімін табуда. «Раушан» балабақшасының ашылғанына ұзақ уақыт бола қойған жоқ. 2011 жылдың ортасында жұмысын бастаған тәрбие мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Сыйымдылығы да айтарлықтай деуге келмейді. Дегенмен, балабақша алғашқы ашылған күнінен-ақ ата-аналардың сұранысына ие болды. Бүлдіршіндер күлкісіне толы ғимараттың іші мұнтаздай таза, жабдық-жиһаздары жаңа, кішкентайларға арналған көз тартатын көрнекіліктер көңілге жылылық ұялатады. Сәніне жұмысының сапасы сай келіп, аз уақыт ішінде абырой жинап үлгерген «Раушан» балабақшасына балаларын беруге ниеттілер толастамай тұр. Қазіргі уақытта мұнда 105 бүлдіршін бар. 2-3 және 3-4 жастағы тәрбиеленушілер екі кіші топты құраса, 4-5 жастағылар ортаңғы топ, 5 жастан асқандар ересектер тобында. Барлық бөлмелері талапқа сай негізделген. 4 топтың тәрбиеленушілері де қазақ тілінде оқытылады. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің таңертең балабақшаға кіргенде оқытушылармен 3 тілде амандасуы дәстүрге айналған. Ұжымда 9 тәрбиеші, ағылшын тілінің 2 оқытушысы, психолог, логопед, орыс тілі, дене шынықтыру пәндерінің оқытушысы, музыка жетекшісі, хореограф жұмыс істейді. Олардың дені – жас мамандар. Жаңалыққа ұмтылғыш ұжымның жас буыны үнемі ізденіс үстінде. Әртүрлі іс-шаралар, апталықтар, ертеңгіліктер мен ашық сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Әдіскер Әсемкүл Абирова, тәрбиеші Сағила Нұрпазилова, орыс тілінің оқытушысы Фатима Тазитдинова, ағылшын тілінің оқытушысы Шамшура Фегония, тәрбиеші Майра Ақбердиева сынды қызметкерлер үлгілі ісімен танылған ұжым мақтаныштары. Рымжан Башанқызы «Раушан» балабақшасының басшылық тізгінін өткен жылдың сәуір айында қолға алған. Тәжірибесін жастармен бөлісумен қатар, аудандық білім бөлімінен берілетін «баланың даму деңгейін бағалау жүйесін», яғни «Бағалау индикаторларын» кейде өзі жасайды. Бүгінде теледидардан көптеп көрсетілетін ұлттық менталитетімізге жат шет елдің мультфильмдерін балаларға арналған отандық бағдарламалар, сапалы мультфильмдердің алмастыруын аңсайтын балабақша меңгерушісі қалаға жолы түсе қалса, өз тәрбиеленушілеріне базарлық ретінде сондай таспаларды әкелуді әдетке айналдырған. «Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Айналадағы құбылыстың барлығын танып-білуге құштар. Біз олармен шығармашылық бағытта жұмыс істеу арқылы қызығушылықтарын арттырып, ойларын еркін жеткізуге баулимыз. Ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық сезімдерін тәрбиелейміз», – дейді Р.Тайбекова. «Раушан» балабақшасы биыл 26 баладан тұратын 3-ші түлектерін мектепке қанаттандырды. Олардың барлығы дерлік жақын төңіректегі Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясы мен М.Әуезов атындағы орта мектеп табалдырығын аттайды. Қазір 26 тәрбиеленушінің орнын толықтыру жұмыстары жүруде. Дәл осы мақтаулы балабақшаға кезегі жетіп, бүлдіршіндері қабылданған ата-аналардың да қуанышында шек жоқ.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.