Спорт және туризм

Қағазда – аутсайдер, алаңда – фаворит

Қағазда – аутсайдер, алаңда – фаворит

«Астана» «Марибордың» мысын басты

Футболдан чемпиондар лигасының екінші кезеңінде өнер көрсеткен «Астана» футбол клубы словениялық «Мариборға» қарсылас атанғанда футболдың жілігін шағып, майын ішкен мамандар «Мариборды» фаворит санап, «Астананы» жолдан шығаратындығына бәс тіккен болатын. Олай деп астарлауының сыры да, шыны да бар еді. Әйгілі олигарх «Роман Абрамович кезінде акциясын сатып алған ағылшындардың адуынды «Челсиімен» қайбір жылы тең ойнаған «Марибор» айдай әлемді таң қалдырған еді. Бірақ, чемпиондар лигасында «Марибор» бір кездері ұзаққа шапты екен деп «Астана» футболшылары дағдарып қалған жоқ. Алғашқы кезеңнің тұсаукесер матчында сырт алаңда қарсыластарына бір доп айырмасымен есе жіберген елордалық ұжым қарымта кездесуде кеткен есені еселеп қайтарды. «Астана-Арена» алаңына жиналған жанкүйерлердің қиқуынан қанаттанған Роджер Каньяс бастаған футболшылар алғашқы шабуылдарының бірінде-ақ есеп ашты. Георгий Жуков тепкен доп қарсыластардың бірінің аяғынан серпіліп, Бауыржан Жолшиевтің аяғынан табылды. Құлап бара жатып бой түзеп үлгерген Бауыржан теңбіл допты сол аяғымен солқ еткізді. Есеп ашылды. Қос ойындағы жағдай теңесті. Бұдан кейін де «Астана» ойыншылары андыздап шабуылдады. Әйткенмен, «сен соқпасаң, саған соғады» қағидаты іске асып, «Марибор» футболшысы Александр Райчевич есепті теңестірді. Дегенмен, араға төрт минут салып, алғашқы кезеңнің аяқталуына санаулы минут қалғанда Рохер Каньяс елордалық ұжымға басымдықты қайта сыйлады. Дегенмен, 2:1 есебі қонақтарға тиімді, алаң қожайындарына тиімсіз болатын. Мұны түйсінген «Астана» ұжымы екінші таймда да толассыз шабуылдарға иек артып, кездесудің елу сегізінші минутында ойынға нүктені қойды. Патрик Твумасидің голы «Астананы» үшінші кезеңге алып шықты. Айтпақшы, екінші кезең ортасында Роджер Каньяс алаңнан қуылып, «Астана» бір ойыншысыз қалғанын да айта кетейік. Енді елордалық команда үшінші кезеңде финляндиялық «Хикпен» күш сынасады. Бұл жеңісінен кейін «Астана» УЕФА рейтингісіндегі жағдайын біршама жақсартты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».