Тастөбенің егіні теңіздей толқып тұр
Тастөбенің егіні теңіздей толқып тұр
Тастөбе ауылына апаратын даңғыл жолдың оң жақ қапталындағы алқапта бітік шыққан бидай алыстан көз тартады. Теңіздей толқыған егінге үш комбайн қатар түсіпті. «Қызылдиқан» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Жақсымбек Жамансариевті осы жерден жолықтырдық. – Шаруашылық бойынша 500 гектар бидай, 200 гектар арпа, 150 гектар жүгері, 150 гектар мақсары, 560 гектар жоңышқа (оның 50 гектары биыл орналастырылған), 60 гектар пияз бар. Бүгін бидайдың соңғы гектары орылуда. Әзірге орта есеппен әр гектардан 22 центнерден өнім алудамыз. Бұйыртса, 200 гектар арпамызды екі-үш күнде орып бітіруді көздеп отырмыз. Әрине, «арық айтып, семіз шыққан» жөн ғой. Түсім жоғары болады деп сенеміз. Мына аптап ыстыққа адам төзбейді. Кобайншыларымыз Біржан Бекбаев, Қуаныш Жамансариев, Арман Әселов және олардың көмекшілері Арнұр Рысбеков, Қайсар Еламанов, Мақсат Әбуов уақытпен санаспайды, – дейді ол. М. Жамансариев техникалардың ескі екенін, сондықтан жиі-жиі істен шығатынын айтады. Сондайда дәнекерлеуші Жарқынбек Үрпековтің көмегіне сүйенеді екен. Өрт сөндіруші Нұрболат Асановтың да әсіресе, егін орағы басында жүрген еңбекшілерге екі мезгіл ыстық тамақ даярлайтын аспазшы Самал Әлімованың еңбегі зор. Бастырылған астықты тасымалдау «Зил-30» автокөлігінің жүргізушісі Мейрамбек Нұрбаев, Бақтыбек Тоқбергенов және «МТЗ-80» тракторының механизаторы Қанат Майлыбаевқа сеніп тапсырылған. Бүгінде қырман астыққа толған. Жал-жал болып төгілген бидайды тазалау Данияр Молдашев пен Сағынбек Қыпшақбаевқа жүктелген. Сағынбек «ЗАВ-40» бидай тазалағыш агрегатын да шебер жүргізе біледі екен. Қырман меңгерушісі әрі таразышы Нұрбек Келгенбаевта да тыным жоқ. «Шаруашылықтың бас инженері Жәнібек Төлегенов келгелі техника күні бойы қаңтарылып немесе күрделі жөндеуге қойылған жоқ», – дейді шаруашылық басшысы.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист. Жамбыл ауданы.